Адамды бақытсыз ететін, ұйқысын бұзып, жүйкесін тоздыратын, ойына салмақ салатын кеселдердің бірі — күншілдік. Бәрі жеткілікті боп тұрса да, күншілдік кеселінің кесірінен өзіңдегі бақты көрмей, басқаныкін қызғанып жүретін адам бақытты сезіне алмайды. Сондықтан бақытты болуға ұмтылған адам ең алдымен өзіндегі күншілдік кеселінен (егер бар болса) арылғаны, емделгені жөн.
… Күншілдіктің бір ғана емі — ашу-ызаға булыққан адамды сабырға шақыру, көңілін аулау, жұбату. Күншілдіктің зарлы зардаптарының бірі осындай. Кезінде өкпелегіш адамдар туралы айта келіп, Аристотель: «Аяқ астынан өкпелеп, ренжіп қалу — әркімнің де қолынан келетін іс. Алайда ренжіген жанның тілін тауып, өкпесін жазып, көңілін көтеру көрінген адамның қолынан келе бермейді. Біреудің өкпесін жазу үшін сол адамның ішкі әлемін, ренішті тудырған себептерді терең білуіміз шарт», — депті.
— Күншілдік сезіміне бөгет қою мүмкін бе?
— Өте қиын. Соның өзінде оған: «Әй, сен көрінгенді күндеуді қой» дегеннен нәтиже шықпайды. Оны қойғызудың басқа да жолдарын іздестірген жөн. Мәселен, саған осы күншілдік тақырыбын көп жылдар бойы зерттеген ғалым Нортонның бір науқас әйелмен болған әңгімесін айтып берейін.
«Маған күншілдік дертіне ұшыраған бір әйел келді, — деп жазады Нортон. — Келген бойда күңіреніп, өзінің бақытсыз екенін айта бастады.
— Менің көршімнің балалары нағыз бала сияқты. Бала деп соларды айт. Әке-шешесінің айтқанынан шықпайды, тәртіпті. Бәрі де мектепте үздік оқиды, бос уақыттары жоқ. Спорттың түр-түріне қатысады. Музыка мектебіне де барады. Сурет салатындары да бар. Менің көршім — бақытты адам.
— Ал сіздің өз балаларыңыз қандай?
— Әй, қойшы соларды. Бала емес, бәле ғой. Әкесін де, мені де тыңдамайды. Білгендерін істейді. Кейде тіпті мектепке бармайды.
— Иә, қиын екен, — дедім мен әлгі науқас әйелдің сөзін қостап. Алайда әлгі сіз мақтап отырған көршіңіздің балалары ауырып қалуы, көшеде машина астына түсіп қалуы, яки тіпті өліп қалуы мүмкін ғой? — дедім мен. Сонда әлгі науқас әйелдің жүзі жайнап, көздері ойнап кетті:
— Иә, дұрыс айтасыз. Көршінің балалары ойда жоқта қазаға ұшырап қалуы мүмкін. Ол жағын тіпті ойламаған екенмін. Құдайға шүкір, нашар оқыса да, менің балаларым аман-есен. Соған шүкіршілік етуім керек емес пе?
— Міне, өзіңізге енді келдіңіз! Бар нәрсеге қанағат ете білу — күншілдік дертінен құтылудың бірден-бір дауасы», — депті сонда Нортон.
Иә, бақытты болғысы келген адам өзіндегі бар нәрселерге қанағат ете білуі керек. Ол үшін күншілдіктен құтылуы тиіс.
Пернештің
хатынан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз