ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова Үкiмет отырысынан кейiн берген сұхбатында:

«Бiр тәулiктен астам уақыт бойы ереуiл ұйымдастырып, жер үстiне көтерiлмей жатқан «АрселорМиттал Теміртау» кеншiлерiнiң мәселесi бойынша келiссөздер жүрiп жатыр. Қазiр ереуiл ұйымдастырып отырған кеншiлер саны 600-ден асты. Олардың негізгі талаптары: еңбекақыны 100 пайызға дейiн көтеру. Қазiр АрселорМитталдағы еңбекақының ең төменгi мөлшерi, осы шахталарда iстеп жатқан азаматтардікі — 208 мың теңге, ал жоғары мөлшерi — 326 мың теңге көлемiнде.

Бұл — бiрiншi талабы болып. Екiншi, еңбекке жарамсыз болған уақытта аурухана парағын 100 пайызға дейiн уақытында төлеу мәселесi. Одан басқа, еңбекақыға, зейнетақы жасына байланысты,  тарифтер жөнiндегi. және кеншiлердiң «Шахтер» атты сауықтыру кешенiн қайтару сынды бірқатар мәселелер бар. Келiссөздерге Қарағанды облысының әкiмшiлiгi, Еңбек инспекциясы мен басқа да құқық қорғау органдары қатысуда. Қажеттi мониторинг жасалып жатыр. Жұмыс берушi мен жұмыскерлер арасындағы келiссөздер бiткеннен кейiн олардың қандай келiсiмге келгенi жөнiнде бiз қосымша ақпарат беремiз»,— дедi.

Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген «Атамекен» РКП Қарағанды облысындағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Әлия Садырбаева Facebook парақшасында: «Кеншілердің талабы орынды. Бұл мәселені шешу үшін «АрселорМиттал Теміртау» шахта әкімшілігінің еркіндігі және ҚР Үкіметінің нақты позициясы керек. Бұл өңірдің кеншілері бірінші рет ереуілге шығып отырған жоқ. Оларды бұған мәжбүрлік итеруде. Демек проблема жүйелі түрде қайталанып тұрады және сол үшін Үкімет пен Парламенттің шұғыл араласуы қажет»,— деп жазды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз