Қырымбек Көшербаев:
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп беру кездесуінде
тек 2017 жылы ғана емес, сонымен бірге, соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, 2018 жылға жоспарлар туралы айтты.
Аймақ басшысы кездесудің ашылуында: «Бүгін біз 2017 жылы атқарылған жұмысқа баға береміз. Бұл — менің аймақтың басшысы ретінде өткізіп отырған бесінші есеп беру кездесуім. Біз жыл сайын атқарылған жұмыстарды талқылаймыз. 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарының негізгі басымдықтары мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнату және әлеуметтік қорғау, адами әлеуеттің дамуы, бағалардың алып-сатарлық жолмен өсуін болдырмау, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелері болды», — деді.
Облыс әкімінің айтуынша, 2013 жылдан бастап аймақта индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру басталған, бұл тапсырманы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қойған болатын.
«Біз үшін бұл әрі қарай дамудың бірден-бір жолы, себебі өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық бөлігін мұнай мен уран өндірісі алып отырса, ал жеке мұнай ұңғымаларының бүгінде 98 пайызы суланып кеткен. Аймақ экономикасындағы құрылымдық өзгерістердің арқасында ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімі көлемінің нақты көлем индексі бойынша 100 пайыздық деңгейге сенімді шығатын боламыз. Сондықтан бес жылда атқарылған жұмыстар нәтижесінде мұнай және уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика құра алдық деп айта аламыз», — деді Қырымбек Көшербаев.
Сонымен бірге, өңірлік экономиканы қалыптастырудың басымдығы — жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осыған байланысты әкімдік мәслихатпен бірлесе отырып, «Нұр Отан» партиясы филиалымен және Қоғамдық кеңестің қатысуымен 2018 жылы жаппай кәсіпкерлік жылын жариялау туралы шешім қабылдады.
Агробизнес саласында 5 жыл ішінде инвестициялар 23 есеге дейін өсті, бұл ауылшаруашылығында өндірістің өсуіне оң әсерін тигізді, мысалы, 2017 жылы 4,1%. Бұдан басқа, өткен жылы жалпы ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты 37 пайызға, оның ішінде күріш экспорты 39 пайызға, көкөніс 3,5 есеге, көкөністер 2 есе артты.
Аймақта 2020 жылға дейінгі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың Агрокартасы әзірленді. Олар 2 негізгі міндетті шешуге бағытталған: ішкі нарықты толықтыру үшін жылдам дамуды қажет ететін агроөнеркәсіптік кешенінің секторларын дамыту және де экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту мен 2020 жылға дейін Иран арқылы Парсы шығанағына, Орталық Азия және Еуропа елдеріне экспортқа шығарылатын өнімдерді шығаруды кеңейту, ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 2,4 есеге, ал оның экспортын 5 еседен астамға ұлғайту жоспарлануда.
Облыстың әлеуметтік осал топтарына қолжетімді баспананы қамтамасыз ету мақсатында «Орда» тұрғын үй құрылысы бойынша Жол картасы әзірленді.
Білім саласында соңғы 5 жылда 45 жаңа мектеп салынды, оның 37-і апатты жағдайдағы нысандар.
Соңғы 5 жылда мәдениет саласының бюджеті 2 есеге артты. 2013 жылы облыста мәдени мұра бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Кеңестің 2017 жылы атқарған жұмыстарының ішінде маңыздысы — ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне Қорқыт Ата мәдени мұрасының және облыстың 9 мәдени-тарихи ескерткіштерінің қосылуы.
Байқоңырды дамыту мақсатында Қазақстан мен Ресейдің арасында қаланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы жасалды, оның шеңберінде қаланың тіршілік ету орталықтарының жай-күйін жақсарту және тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары басталды. Одан бөлек, келіссөздердің нәтижесінде 2017 жылы Ресей Федерациясының жалдауынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін 11,6 мың гектар жер қайтарылып алынды. Қазір Ресей тарапымен жалдаудан 3,4 мың гектар жерді алуға келіссөздер жүргізудеміз.
«Бүгінде мемлекеттің де, бизнестің де барлық ресурстары дамудың стратегиялық мақсаттарына жетелеуі қажет. Қызылорда облысы «Қазақстанның ауқымды дамуына» өзінің барлық табиғи және адами ресурстарымен елдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сапасының артуына да атсалысуы керек», — деді облыс әкімі.
Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарға жауап алып, әртүрлі сала бойынша ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Сонымен қатар, сауалдарын облыс әкіміне онлайн режимде жолдап, тиісті жауап алды.

Қызылорда облысының Баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз