Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды

Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария еткені белгілі. Сол Жолдауда елімізде жаңа министрліктердің құрылып, Министрлер кабинетінде біраз ауыс-түйістің орын алатындығы аңғарылып та қалған еді. Расында да, Президент еліміздің алдағы бірер жылда бағыт-бағдары болатын бағдарламалық Жолдауында Су ресурстары және ирригация мен Көлік министрліктерінің құрылатындығын айтқанымен, Үкіметтің құрылымындағы басқа да өзгерістер жайлы мәлім етпеген еді. Мемлекет басшысы да көп күттірген жоқ. Сол күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Су ресурстары және ирригация, Көлік, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерін құрды. 

Президент сенімі – ел сенімі

Алдымен жаңадан құрылған министрліктерге тоқталсақ, Су ресурстары және ирригация министрі лауазымына осыған дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы келді. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры сынды ғылыми атағы бар. Біздің газетіміздің жанашыры Нұржан Молдиярұлымен көптен бері етене араласып келеміз. Оның Жамбыл облысының әкімінен енді министр болғанға дейінгі өмір жолына үңілсеңіз, нағыз қазіргі Әділетті Қазақстанның қызметкері екендігіне көзіңіз жетеді. Тәуелсіздік алған жылымызда ол еңбек жолын механиктен бастайды. Одан кейін инженер, әкімшіліктегі қызметтерде жүргеннен кейін еңбегі еленіп, биліктің жоғары биіктеріне оған жол ашылды. Осы уақытқа дейін қандай қызметте болса да Нұржан Молдиярұлының ақпарат саласына деген қамқорлығы мен қолдауы ерекше болғанын айта кету керек. Баспасөз қызметкерлерімен әрқашан тығыз байланыста болып, қолдау көрсетіп келді. Су – өмір өзегі. Жаңа шаңырақ көтерген министрлікке басшы етіп қойған Президентіміздің зор сенімін Нұржан Молдиярұлы ақтайды деп сенеміз.

Аида Балаеваға журналистер ұсынысы

Мәдениет және спорт министрлігінің орнына Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылып, бұл ведомствоның тізгінін Аида Балаева ұстады. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болған Аида Ғалымқызы Алматы мен Астана қалаларында лауазымды қызмет атқарып, 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды. Сондықтан ақпарат әлемі Аида Ғалымқызына жат емес. Қайта кезінде бітіре алмай кеткен шаруаларын қолға алуына мүмкіндік туғандай. Аида Ғалымқызы сол кездері журналистермен жиі кездесіп, көкейтесті мәселелерді ортаға салып, үнемі ақылдасып отыратын. Әрине, біздің де кейбір өтініштеріміздің орындалмай қалғандары бар. Солардың ең өзектісі – қазақ баспасөзінің жағдайының қиындап бара жатқандығы. Оның ішінде баспасөзге жазылу мәселесі жыл өткен сайын тоқырауға ұшырап, газет-журналдың оқырманға жетпеуі үлкен проблемаға айналды. Ал тоқырауды тудыруға «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген әлдекімнің бұйрығы зор әсер етті деп ойлаймыз. Қадірлі Аида Ғалымқызы, осы бұйрықтың күшін жоймай, баспасөздің жағдайы жақсармайды. Есіңізде ме, кезінде баспасөзді оқырманға жеткізудің тиімді жолын сізге ұсынғанбыз. Ол республикамыздағы кітапханалардың әрқайсысына бір-бірден газет-журналды жаздыру. Бұрын кітапханалар Мәдениет министрлігіне қарайтын. Қазір сәтін салып, ол сала сіздің құзырыңызға қарады. Мінеки, әне-міне дегенше газетке жазылу науқаны басталғалы тұр. Осы өтінішімізді жүзеге асыруға көмектессеңіз. Бұл біздің ғана емес, бүкіл қазақ басылымдарының ұсынысы деп біліңіз.

Спорт пен туризмде тың серпіліс

Ал Туризм және спорт министрі лауазымына 2019 жылдан бері Ақмола облысын басқарған Ермек Маржықпаев келді. Тарих мұғалiмi, заңгер, қаржы бакалавры сынды мамандық иесі Ермек Боранбайұлы ұзақ жылдар бойы Ақмола облысында табан аудармай еңбек еткен. Облысты басқарғанға дейін Аршалы, Зеренді аудандарының әкімі, Көкшетау қаласының әкімі, ал оның алдында Президент Әкiмшiлiгi Мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң Мемлекеттiк инспекторы болған. «Туризмде кемінде 15 ірі серпінді жоба іске асырылуы тиіс. Оларды жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар да, отандық бизнес де белсенді қатысуы қажет. Елдің имиджі негізінен туризм саласының даму деңгейінен, қызмет көрсету сапасынан қалыптасады. Сондықтан бұл салада серпіліс қажет», – деген еді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ұжымға жаңа басшысын таныстыра келе.

Қарабаев Көлікке ауысты

Жыл басында ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалған Марат Қарабаев жаңадан құрылған Көлік министрлігін басқаратын болды. Өзбекстан, Ұлыбритания және еліміздің жоғары оқу орындарында білім алған Марат Кәрімжанұлы Ауыл шаруашылығы, Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникациялар министрліктерінде, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде лауазымды қызметтер атқарған. Көлік министрлігінің ұжымына Марат Қарабаевты таныстыра отырып, Премьер-министр республиканың көлік-логистика саласын одан әрі дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. «Осы себепті жаңа министрлік құрылып отыр. Тез арада қайта ұйымдастыруды жүргізіп, теміржол және автомобиль жолдары, әуе қатынасы, теңіз көлігі саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша қойылған міндеттерді орындау қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс», – деді Үкімет басшысы.

Ауыл – ел бесігі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Айдарбек Сапаров Астанаға бұл жолы Ауыл шаруашылығы министрі болып оралды. Айдарбек Сейпілұлы

өңір әкімі болып тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарған. Солтүстік Қазақстан өңірімен де жете таныс. Дәл осы облыстың Шал ақын, Мағжан Жұмабаев аудандарына басшылық жасап, өңір әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болған. Қос қызметті ұстаған министр Сауда және интеграция министрі лауазымына Шаққалиев Арман Абайұлы тағайындалды. Ол бұған дейін осы ведомствода бірінші вице-министр болған еді. Ал экс-министр Серік Жұманғарин бұл қызметімен қош айтысқанымен, еліміздің Премьер-министрінің орынбасары лауазымын сақтап қалды. Жаңа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті таныстыру барысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ведомствоның алдында ішкі сауданы дамыту, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын ілгерілету, республиканың сауда-саттықтағы әріптестерімен интеграция салалары бойынша маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Cөзден іске көшетін кез келді

Экология және табиғи ресурстар министрлігін алдағы уақытта Астана қаласының бұрынғы кеңесшісі Ерлан Нысанбаев басқарады. Ерлан Нысанбаев 1961жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Түрлі жылдары коммерциялық сектор мен мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді. 2019-2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

Орынбасар орын басты

Ішкі істер министрі болған Марат Ахметжановтың орнын орынбасары Ержан Сәденов басты. Ержан Сәденов министр орынбасары болғанға дейін Астана қалалық полиция департаментіне басшылық жасаған еді.

***

Үкіметтегі ауыс-түйіспен қатар бірнеше өңірдің әкімі де ауысты. Ішінде министр болып, бір ведомство басқаруға тағайындалғандары да бар. Өңірді басқару құқығы берілгендердің арасында бұған дейін облысты басқармаған, ауданда әкім болмағандар да бар.

Әкім болу – халыққа жақын болу

П р е з и д е н т і м і з Ауыл шаруашылығына өте жіті назар аударып отыр. Осы саланы басқарған Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев жаңашылдықпен жұмыс істеді. Ербол Шырақпайұлы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Жарлығымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болып қызмет етті. Министр болған уақытта баспасөзбен тығыз байланыста болып, ауылдың мәселелерін көтерді. Айтып өтетін болсақ, «Qazaqstan dauiri» газеті Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып талай ауыл-аймақтарды аралап, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайлармен танысып, біршама істерді көтерген болатын. Әкім болдың, енді халыққа жақын бол! Жаңа қызметте сәттілік пен табыс тілейміз!

Әлем чемпионы – әкім

Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Берлешұлы Шахаров Ақтөбе о б л ы с ы н ы ң әкімі лауазымына тағайындалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысып, облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Асхат Берлешұлы – самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Асхат Берлешұлына жауапты қызметіне сәттілік тілеп, облыс тұрғындарының үміті мен сенімін ақтайтын, елдің бары мен жоғын түгендейтін,мұңы мен мұқтажына құлақ асатын басшы болуына тілектестігімізді білдіреміз.

Ақмолаға генерал әкім болды

Ішкі істер министрі қызметінен босатылған Марат А х м е т ж а н о в Ақмола облысын басқаратын болды. Ол 2022 жылы министр болған еді. Қызметінен босатылмай тұрып Ахметжанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік ахуал жөнінде және 30 маусымда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы мәлімет берді. Кездесуде ол қылмыс санының азайғаны жөнінде айтты. Генерал әкімге Ақмола өңіріндегі жұмысына сәттілік пен табыс тілейміз.

Шымкентке дипломат келді

Шымкент қаласын 2020 жылдан бері басқарған Мұрат Әйтенов қызметінен босатылды . Оның орнына бұл орынға Ғабит Сыздықбеков жайғасты. Ғабит Сыздықбеков 43 жаста . Шымкент қаласының тумасы. Сыртқы істер министрлігінде 2004 жылы Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі болып бастаған. Министрлікте 2007 жылға дейін қызмет еткен. Өмірбаянында 2012-2017 жылдары Қазақстанның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі болғаны жазылған. Сол қызметінен кейін Ғабит Сыздықбеков Сенат төрағасының кеңесшісі, Сенат аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі болды. Шымкент тұрғындарын жаңа әкімімен құттықтай отыра, жаңа басшыға сәттілік пен табыс тілейміз.

«Qazaqstan dauiri» газеті,

«ElAna» қоғамдық қоры мен

 «Мөлдір бұлақ» журналының

ұжымы

07.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 68
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 62
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 47
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 453
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9067
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10072
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11281