Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жолдары қандай?

Агроөнеркәсіптік кешенді  дамытудың жолдары қандай?

Қазір елімізде құлдырап бара жатқан ауылдарды сақтап қалу, агроөнеркәсіптік  кешенді дамыту үлкен  мәселе болып отыр. Осыған орай Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы жүйелі іске асып келеді. Өткен  жылдары 12 қазанда Үкімет отырысында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы қаралған болатын. Бұл ұлттық жоба ауыл-аймақтарда тұратын халықтың тұрмыс сапасы мен  әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Ауылдарды өркендету  жұмыстары  «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүргізілуде. Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен  агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ауыл халқының 85 пайызы тұратын тірек ауылдарды дамытып, өркендету керектігін атап өткен болатын. Тірек ауылдарды дамыту дегеніміз – елді мекендерді жолдармен, қолжетімді байланыспен, интернетпен, инфрақұрылыммен қамту. Сондай-ақ ауыл жұрты үшін заманауи білім, мәдениет және спорт нысандары да дамуы қажет.

Мемлекет басшысы жобаны іске асыру кезеңінде  еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру үшін  агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырып,  1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде молайту жөнінде  біраз  тапсырмалар берген еді. Қазіргі уақытта елімізде Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы тұрақты түрде жұмыс жасауда. Елімізде  6293 ауылдық елді мекен бар. Яғни  ауылдардағы  халықтың саны 7,7 миллионнан асып отыр.  4,429 ауылға орталықтанған  ауызсумен қамтамасыз ету жүйесі енгізілген. Аудан орталығына дейін асфальт жол салынған ауылдар саны 5 мыңнан асады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша даму мүмкіндігі  бар 3,5 мың ауыл таңдап алынған. Мұнда  89 пайыз ауыл тұрғындары тұрады. Ауылдағы ағайын үшін ең бастысы су мәселесі мен  кедергісіз жолдың болуы екені даусыз. Сонымен бірге  ауылды дамытуға бағытталған  ұлттық жоба аясында елді мекендерде білім беру мен медициналық қызмет көрсету орындарының заманауи үрдісте жұмыс істеуіне де айрықша назар аударылуда. 

Елімізде  іске асырылып келе жатқан жобаның мақсат-мұраты бірінші кезекте ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, тұрмыс-тіршілігінің  алға қарай қарыштап қадам басуы болып табылады. Сонымен бірге  ауылдағы жұмыссыздық мәселесі – алдыңғы орында тұрған мәселелер. Ауыл халқы екі қолға бір күрек дегендей азырақ тиын-тебенге жұмыс табылып, күнделікті нәпақасын айырса да соны қанағат тұтып қуанар еді. Осының өзі ауылдағы ағайынға  үлкен демеу болады.  Айта кетерлігі еліміздің әр өңірінде  агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде жұмыс орындары ақырындап ашылуда. Жеке кәсіпорындар ауыл тұрғындары үшін жұмыс істеуде. Мұндай кәсіпорындардың ашылуы  жұмыссыздықтың азаюына көмектеседі.

Таяуда біздің басылым Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтан осы ауыл мәселесі жайында айқара бет көлемді сұхбат алдық. Онда ауылшаруашылығын қалай дамытуға болады, жұмыссыздықты қалай жойып, ауыл халқының тұрмыс дәрежесін қалай көтеруге болады, субсидия, несие алудың жолдары қандай деген сияқты көкейкесті мәселелер жайында айтылды.  «Біздің артықшылығымыз – ауылшаруашылығы. Соны дамыту керек. Елімізде оған қажет ресурстың бәрі бар. Тек тиісінше дамытатын инвестиция мардымсыз. Ол басқа салаларға кетіп жатыр. Бұдан бөлек тағы бір күрмеулі мәселе – бүгінгі ауылдардың жағдайы. Ауыл мен ауылшаруашылығы егіз ұғым. Ауыл дамымай, ауылшаруашылығы дамымайды. Экономикалық жағдай бойынша салыстырсақ, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қалада тұтынушы көп болғандықтан, кәсіп ашып, оны дөңгелету жеңілірек. Біздің бір жіберген қателігіміз – қала мен ауыл арасындағы бизнес климаттың тепе-теңдігін қамтамасыз ете алмадық. Қазақстандағы әр адам басына шаққандағы бюджеттік шығынды есептесек, ауыл тұрғынына қарағанда қалалыққа 20 есе артық қаржы жұмсалады. Бұл алшақтық азаюы тиіс. Қолда бар капиталдың басым бөлігін ауылшаруашылығына бұрып, ауыл индустриясын көтеруіміз керек. Мемлекеттің ата кәсібіміз мал шаруашылығын да, өсімдік шаруашылығын да дамытуға мүмкіндігі жетеді. Біз, «Ауыл» партиясы осы мәселелерді Парламент арқылы көтеріп, тиісті заң жобаларын қарастырудамыз», – дейді депутат. Сондай-ақ ол жұмыссыздықты азайту үшін көптеп тері, жүн өңдейтін, аяқ киім, киімдер тігетін өнеркәсіптер ашылу керек. Ол үшін жеке кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін айтып өтті. 

Иә, ауыл туралы айтсаң, өз қазағың, оның ішінде туған жерің, ағайын-туысың, ата-анаң, бауырларың  еске түседі. Бәріміз де сол ауылда туып, өсіп-өндік қой. Ауылың нашар болса, көңілің құлазиды, ал құлпырып жайнаса, көңілің көтеріліп қалады.  Сондықтан ауылымыздың өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдан келгенше бәріміз атсалысуымыз керек. Себебі ауыл – әр қазақтың алтын бесігі, берік қазығы. 

 

Шаргүл Қасымханқызы
13.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 40
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381