Мен таныған Бақтықожа – ізгі адам

Мен  таныған  Бақтықожа –  ізгі адам

 Мен көпті көрген анамын. Өмірдің талай белесін артқа тастап, сан асудан асып, бүгінгі ұрпаққа қарап ой түйетін, тоқтам айтатын жасқа жеттім. «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» демекші, осы ғұмырымда анық ұққаным – елді ел етіп ұстап тұрған ең басты тірек – оның ұлттық құндылықтары мен үлкенге деген құрметі.

 

 

Хайп қуып, аға буынға құрметсіздік көрсету ұлттық болмысымызға қайшы

Біздің бала күнімізде үлкеннің сөзі – заң, тәрбиесі – өмірлік шамшырақ болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағида санамызға сіңіп, жүрегімізге мөр болып басылатын. Үлкенді сыйлау – тәрбиенің өзегі еді. Сол өзектен нәр алып, біз ізеттілік пен адамгершілікті бойымызға дарыттық, «тәрбие – тал бесіктен» екенін түйсініп өстік.

Заман өзгерді, дәуір жаңарды, техника түлеп, технология түрленді. Бірақ «ескіден қалған есті сөз» бар емес пе – құндылық өзгермеуі тиіс. Адам жүрегіндегі құрмет, мейірім, ұят, ар деген асыл қасиеттер әлсіреп кетсе, сыртқы жылтырақтың құны көк тиын. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып – өткеннің жұрнағы емес, ол – біздің болмысымыз, рухымыздың тірегі, тамырымыздың нәрі.

Менің тілегім – жас ұрпақ тамырынан ажырамай, өз елінің салтын ардақтап, дәстүрін дәріптеп өссе екен. «Ағаш тамырымен, адам дәстүрімен мықты» демей ме?! Үлкенді сыйлаған ел ешқашан азбайды, тозбайды. Өйткені үлкеннің батасы мен ақылы – өмірдің ең үлкен байлығы, «батамен ел көгерер» деген осы.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Бұл – өзгермейтін ақиқат, бұл – бұлжымайтын қағида.

Кейінгі кездері хайп қуып, аға буынның жағасына жармасатын жастар көбейіп бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. «Жел сөзге ерген – желікпе» демекші, хайппен келген құрмет – құр сағым, қолға ұстатпас елес. 

Ал үлкеннің батасы мен ақылы – өмір бойы жол көрсететін шырақ, адастырмас шам.

Ұлттық құндылықтан айырылсақ, тамырымыздан ажыраймыз. Үлкенді сыйлау – әлсіздік емес, ол – тәрбиенің белгісі, адамдықтың өлшемі, кісіліктің көрінісі.

Бүгінде «жасы келгендер жұмыс істемесін, жастарға орын босатсын» деген сөзді жиі естимін. Осы пікірмен келісе алмаймын… Жас – адамның құнын анықтайтын өлшем емес. Ақыл, тәжірибе, көргені мен түйгені – міне, нағыз байлық. Жасы үлкен адамды «орныңды босат» деп шетке ысыру – әділдікке жат, адамгершілікке сын, бұл – үлкенді сыйламаушылықтың айқын көрінісі.

Бақтықожа ағамыздың ел ішіндегі алар орнын бағамдайтын жөнім бар. Оны Атырау облысында әкім болған кезінен бері жақсы білемін, көзбен көріп, көңілге түйгенім аз емес. Өңірге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, көл-көсір. Білмей, зерттемей тұрып «Атырауға пайдасы тиген жоқ» деп кесіп айту – шындыққа да, әділдікке де жанаспайды, «білмеген у ішеді» дегеннің кері.

Бақтықожа ағамыз сол жылдары-ақ ел басқаруға лайық тұлға екенін танытты, ісімен дәлелдеді. Бұл – оның ұстанған өмірлік ұстанымының, елге адал қызмет етуді мұрат еткен қағидасының нәтижесі еді. Өнер адамдарына, жазушылар мен журналистерге көрсеткен қолдауы – өз алдына бір төбе. Соның бір дәлелі – біздің газет пен экспедициямызға шынайы жанашырлық танытып, ауылға демеу болғаны, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы.

Өзі де өнерге жақын жан: домбыраның қос ішегін күмбірлетіп, жыр-әңгімесімен жұртты тәнті ететін, «сөз қадірін білетін» сөзге жүйрік, ойы сергек азамат. Кішіпейіл мінезі мен қарапайым болмысы – оның азаматтық келбетінің айнасы, «кісі көркі – кішіпейілділік» дегеннің дәлелі.

Бүгінде Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де елге қызмет етіп жүр. Осы ақсақалдық жолда да ұлтына, халқына жасап жүрген игі істері – көпке үлгі, елге өнеге. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген сөздің мәнін осындайда ұғынасың.

 

Күні кеше Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ізінен қалмай, сауатсыз сұрақпен алқымнан алған әріптестің әрекетін мен осындай құрметсіздік дер едім. Журналистиканың өзіндік әдебі, өз өлшемі барын айтып та, жазып та жүрміз. «Сөз – сүйектен өтеді» демей ме, адамның шамына тиетін орынсыз сауал қою жаныңды жаралайды. Шоу жасаймын деушілік қазақы болмысқа келе бермейді, айналайындар.

 

Бақтықожа бауырымыз – жасы ұлғайса да, ел басқару деңгейінде жауапкершілік арқалап отырған азамат. Бұл нені көрсетеді? Бұл – жас емес, қабілет пен тәжірибе маңызды екенін айқын көрсетеді.

«Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген сөз бекер айтылмаған. Үлкендер – тек өткеннің ғана емес, бүгіннің де тірегі. Олар бағыт береді, тоқтам айтады, «адасқанға жол сілтейді», қателіктен сақтайды.

Жастарға жол беру керек, әрине. Бірақ ол – үлкенді ысырып тастау арқылы емес, қатар жүріп, сабақ алып, үйрену арқылы болуы тиіс. Үлкеннің ақылын алмай өскен ұрпақ – тамыры жоқ ағаш секілді, жел тұрса – құлайды. Сондықтан мәселе жаста емес. Мәселе – адамда. Қолынан іс келсе, ойы сергек болса, елге пайдасы тиіп жатса, неге ол адам қоғамға қызмет етпеуі керек? 

Құрмет бар жерде – береке бар. Ендеше, үлкенді бағалай білейік, қадірлейік, қасиетін түсінейік. Сонда ғана ұлттың ұстыны берік, болашағы жарқын болмақ.

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
01.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24151
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23822
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41291
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37206
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41499