ФЕРҒАНА: ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДОСТЫҚ АЙМАҒЫ

ФЕРҒАНА: ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДОСТЫҚ АЙМАҒЫ

Біздің еліміздің ерекшеліктері өте көп және бұл ерекшеліктерді әр өңірдің өзіндік болмысынан айқын көруге болады. Соның ішінде Ферғана аңғары — табиғаты, мәдениеті, тарихи тамыры және әлеуметтік дамуы жағынан ерекше аймақтардың бірі. Мұнда әр салаға назар аударсаңыз, еш жерде қайталанбайтын, өзіндік сипатқа ие құндылықтарды байқайсыз. Бұл өңірдің табиғи ландшафты, көпұлтты құрамы, қалыптасқан дәстүрлері мен заманауи даму үрдістері бір-бірімен үйлесім тауып, тұтас бірегей жүйе құрайды.

Оған мысал ретінде қайталанбас табиғатын, саяси ұстанымын, туристік әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асып жатқан жобаларды, сондай-ақ ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында ұйымдастырылатын халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларды атап өтуге болады. Бұл бастамалардың барлығы өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің тұрақты дамуына және халықаралық беделінің артуына қызмет етуде.

 

Ферғана облысы мысалында бұл бағытта сөз өрбітетін болсақ, соңғы бір аптаның ішінде көптеген іс шаралар ұйымдастырылған. Оған мысал ретінде Ферғанада өткен  “Орталық Азия және Әзербайжан”  форумы аясында “Орталық Азия елдері мен Әзербайжан достығының жаңа кезеңі” тақырыбындағы ұйымдастырылған конференцияны айтуға болады. Конференцияға ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың басшылары, ұлттық мәдени орталықтар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияда Ферғана облысының әкімі Хайрулло Бозоров сөз сөйлеп, қатысушыларды осындай ауқымды форумның өтуімен құттықтап, бұл іс-шара халықтар арасындағы тарихи қалыптасқан достық байланыстарды нығайтуда, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды мәнге ие екенін айтты.

Бүгінгі таңда Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ашық әрі прагматикалық сыртқы саясаттың арқасында Орталық Азия аймағында өзара сенім мен тату көршілік нығайды. Атап айтқанда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері аймақтық ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеруде маңызды рөл атқаруда.

Іс-шара барысында Өзбекстан Республикасының Шетелдегі отандастармен байланыс және ұлтаралық қатынастар комитетінің төрағасы Кахрамон Сариев, Қырғыз Республикасы Еңбек, әлеуметтік қамтамасыз ету және көші-қон министрінің бірінші орынбасары Камчибек Досматов, Қазақстан Республикасының “Отандастар қоры” КЕАҚ вице-президенті Алибек Жұрқадам, Тәжікстанның Достық және мәдени байланыстар қоғамының өкілі Ибрагим Абдуллозода, Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс бойынша мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Валех Гаджиев және басқа да ресми тұлғалар мен сарапшылар сөз сөйлеп, еліміздегі бүгінгі өзгерістерді, мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған халықаралық қатынастарды жоғары бағалады.

Бұл форум барысында аталмыш диалог алаңын тұрақты платформаға айналдыру, сондай-ақ Ферғана облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамалар мен бағдарламаларды ілгерілету жөнінде келісімдерге қол жеткізілген. Осындай игі істерге мұрындық болған бірқатар белсенді қатысушылар “Халықтар достығы” төсбелгісімен марапатталды. Бұл еліміздегі ұлтаралық татуылықтың жарқын бейнесі.

Ферғанада мұндай халықаралық шаралар жиі ұйымдастырылып, түрлі елдерден келетін делегациялар саны да көп екен. Солардың бірі Татарстан Республикасынан келген делегация. Мұндай байланыстар мемлекеттеріміз арасындағы көпғасырлық тарихи достықты, ортақ құндылықтарды және ынтымақтастықтың жаңа кезеңіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң десек артық болмас.

— Риштон ауданында Татарстан Республикасынан келген 143 адамнан құралған  делегацияны қабылдадық, бұл сапар мәдени байланыстарды нығайту тұрғысынан аса маңызды болды. Өйткені облысымыздың туристік әлеуеті өте жоғары. Біздің аңғардағы мәдени құндылықтар мен қолөнер бұйымдары басқа облыстармен салыстырмалы түрде алғанда өзіне тән ерекшелігі бар. Сондықтан да қонақтарды аудан басшылығымен бірге қарсы алып, оларды Риштонның мәдени мұрасымен таныстырдық. Делегация мүшелері Халықаралық қыш шеберлігі орталығында, сондай-ақ танымал қолөнершеберлері Алишер Назиров пен Рустам Усмоновтың үй-мұражайларында болып, бірегей қыш бұйымдарымен танысты, бұл олардың үлкен қызығушылығын тудырды. Жалпы алғанда Риштон қыш өнері — ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған ерекше мәдени құндылық. Осындай кездесулер халықтар арасындағы достықты нығайтып, өзара түсіністікті арттырып, мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге қызмет етеді. Сонымен қатар туризмнің дамуына, саяхатшылар санының артуына, облысымыздың халықаралық аренада имиджін арттыруға салмақты үлес қосады. Біз елімізге келген әрбір саяхатшының қызығушылығын, қажеттіліктерін есепке алуымыз, жақсы жағдайлар жасауымыз тиіс. Өйткені Президентіміз елімізді жан-жақты өркендету жолында аянбай еңбек етеді деп бізге үлкен сенім артқан, сондықтан да туризмнің дамуы, жергілікті халықты да, шетелдік қонақтарды да риза ету үшін барлық мүмкіндіктерді іске қосуға  — дейді Ферғана облысы әкімі орынбасары Хуршиджон Ахмедов.

Өзбекстанда шешілмеген мәселе қалмады. Бәрі өзінің оң шешімін тапқан. Әлемде анклав аймағы бар бес, ал Орталық Азия бойынша жалғыз ел болса мемлекетіміз. Мұны да мемлекет басшысы өзінің шынайы әрі сенімді достық қарым-қатынасымен шешті. Бүгінгі таңда Ферғана обласындағы барлық анклав және эксклав аймақ саналатын Шахимардан, Сух, Чонғара, Жанғайл, Барак және Сарвак аумақтарында тұрғындар еш кедергісіз шекара постарынан өтуде.

Ферғана облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай ауқымды шаралар мен жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік беруде. Ал, анклав мәселелерінің оң шешім табуы мен шекаралық қатынастардың жеңілдеуі — халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп, олардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Бұл өз кезегінде өңірлер арасындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға жол ашады.

Осындай игі бастамалар мен нақты нәтижелер Ферғана облысының ғана емес, тұтас еліміздің тұрақты дамуы мен халықаралық беделінің артуына берік негіз қалайды.

Айгүл Тешебаева, 

“Нұрлы жолдың” тілшісі. 

07.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24264
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23932
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41389
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37303
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41628