«АҚЫЛДЫ ҚАЛА» – АЛАТАУҒА ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕР МЕ?

«АҚЫЛДЫ ҚАЛА» – АЛАТАУҒА  ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕР МЕ?

Заман жаңарған сайын қалалар да жаңара бастады. Адам ойына келмейтін небір кереметтер жүзеге аспақ. «Ақылды үйлер» мен қатар енді «ақылды қалалар» да жарыса бой көтермек. Сенсең де, сенбесең де осы!

Сондай төрт құбыласы тең, әлемнің байы мен бағыланы ұялмай мекен ететін құтты аймақ, ғажап ертегі қала қазақ даласында салынады. Оған екінің бірінің қолы жетпейді. Тек алыстан тамсанып, «Бізде осындай қала бар» деп жар салып жүргенге мәз болады. Бұл жаңа салынатын қаланың тағы бір кереметі – әкім басқармайды. Үкімет тікелей қадағалайды. Компьютер бағалайды.

Тағы бір ескерер жайт, Алатау қаласындағы бизнесті тек Бас прокуратура тексере алады. Бұл – жемқорлыққа жол бермеу үшін жасалып отырған шешім. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демей ме қазақ. Сондай-ақ «Ақылды қала» Үкімет, Жоғары аудиторлық палата мониторинг нәтижесі жөнінде жыл сайын есеп тапсыруға міндеттеледі. Бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқаны да порталға жүктеліп тұруға тиіс.

Ата Заңымыз «Digital by default» («Автоматты цифрлық») қағидатын енгізіп, қаланы жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолданатын толыққанды Smart City ретінде дамытуды бекітті.

Бұрын Дубайға еліктегендер енді қазақ даласында салынатын, нақтылап айтсақ, Алматы облысында тұрғызылатын Сингапур мен Дубай үлгісіндегі жаңа Алатау қаласына ағылатын күн жақын.

Жол картасының бірінші кезеңінде 2026-2027 жылдары жалпы құны 365,1 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылады. Бұл кезеңде қосалқы стансалар, су жинау торабы, газ құбырлары, сондай-ақ қолданыстағы инженерлік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және жаңа объектілер салу жоспарланған.

Екінші кезең 2028-2030 жылдарды қамтиды. Бұл уақытта 312,5 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, екі қосалқы станса, автоматтандырылған газ тарату стансасы бар газ құбыры, кәріз тазарту нысандары және 49 шақырым автомобиль жолы салынады.

Инфрақұрылымды дамыту бюджет қаражаты есебінен ғана емес, жеке инвестициялар мен EPC-келісімшарттар арқылы да қаржыландырылады.

Сонымен қатар Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба тізімі бекітілген. Оның 20-сы іске асырылып жатыр. Жобалар логистика, құрылыс және өнеркәсіп, туризм мен тамақ өнеркәсібі салаларын қамтиды.

Үкімет басшысы салық реформасынан түскен қаражат қаланы дамытуға жұмсалатыны туралы айтқанын еске саламыз.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қажетті қаражат бөліп жатыр. Біз мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру үшін салық реформасын жүргіздік. Бұл қаражат бізге инфрақұрылымға салу үшін қажет. Бұл ақша ешқайда кетпейді, тікелей экономикаға салынады. Егер мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, онда инвесторлардың сенімі артып, келе бастайды. Даму осыдан басталады. Басқа жол жоқ. Сондықтан біз инвестиция саламыз және осы жылдан бастап бюджеттің мүмкіндіктері басқаша болады. Бірге жұмыс істейтін боламыз», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымына 10,4 трлн теңге инвестиция салынбақ. Оның ішінде 2030 жылға дейін 3,1 трлн теңгені игеру жоспарланып отыр.

Наурыз айының ортасында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының басқару жүйесін түсіндірді. Айтуынша, қаланы әкім басқармайды. Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер-министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады... 

Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді, – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.

27 наурызда Сенат пен Мәжіліс депутаттары палаталардың бірлескен отырысында Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл еліміздің урбанизация және инвестициялық саясатында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Алатау қаласы – дербес басқару мен Smart City моделі бойынша жаңа мәртебеге ие болмақ.

Ақылды қаланың болашағы мен тіршілігі жайлы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтып өтті. Ол кісінің айтқандарынан түсінгеніміз – заң жобасының нормалары жаңа Конституцияның талаптарына сәйкестендірілген.

«Заңда Алатау қаласында және қала маңындағы аймақта арнайы құқықтық режимді қолдану мүмкіндігі нақтыланды. Бұл арнайы құқықтық режимге қатысты кейбір жеке нормалар да қарастырылған, әрі даму перспективалары ескерілген. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру және инвестициялық ынталандыру шараларын анықтайтын жаңа ұғымдар енгізілді, мысалы: «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат», «салықтық преференция». Бизнес-лицензия қала аумағында қызмет көрсетуге құқық беріп, кәсіпкерлік қызметтің түрлері мен шарттарын айқындайды», – деді Мәжіліс депутаты.

Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «қаржылық тұрақтылық» және «ашықтық» принциптері күшейтілді. Инвестициялық жобаны іске асыру аясында берілген инвестициялық міндеттемелердің сомалары, алынған жеңілдіктер мен преференциялар туралы ақпарат ашық қолжетімді болуға тиіс. Сонымен қатар депутаттардың түзетулері цифрлық деректің басымдылық принципін жетілдіру мақсатында барлық деректер қалалық шаруашылық саласында, соның ішінде абаттандыру, инженерлік, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелері бойынша біртұтас цифрлық платформада жинақталатынын бекітеді.

«Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге ерекше мән берілді. Жаңа нормаға сәйкес, бизнес субъектілерін тек Бас прокуратура органдары ғана тексере алады. Бұл іскерлік ортада тұрақтылық пен болжамдылықты қосымша қамтамасыз етеді. Сондай-ақ түзетулерде салықтық преференцияларды Қазақстан Республикасының негізгі аумағында бизнесті қолдау мақсатында пайдалану мүмкіндігі алынып тасталды, соның ішінде өндірістік-тауарлық тізбектердің кейбір элементтерін қалаға ауыстыру арқылы. Бұл ретте біз экономикалық аймақтардың, соның ішінде Қытайдың Шэньчжэнь сияқты арнайы экономикалық зоналардың үздік халықаралық тәжірибесіне сүйендік», – деді депутат.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтің айтуынша, қолданыстағы бюджет, Салық кодексі негізге алынған. Бірақ қаланың мәртебесі ерекше болады. Біріншіден, бюджет. Бюджеттің өзі екі бағытта қалыптасатын көрінеді. Біріншіден, әкімшілік бюджеті, екіншіден, мемлекеттік қордың бюджеті болып.

Сөз соңында айтарымыз: заң жобасында инвесторлар үшін арнайы салық режимі де қарастырылған. Бірақ жеңілдіктер міндеттемелермен қатар жүреді. Яғни инвесторларға да талаптар қойылады. Оның нақты тізімі алдағы уақытта жарияланбақ. Бұдан бөлек, жаңа шаһарда құрылыс ұзақ мерзімді жоспар негізінде іске асады. Қазірдің өзінде 30 жылдық бас жоспар және 15 жылдық қалалық жоспар дайын. Қаланың бюджеті емес, инвесторлардан келген қаржы пайдаланылады.

Айтпақшы, ақшаның күшімен «Ақылды қала» бой көтерер, алайда ол қалада тұруға қарапайым қазақтың қолы жете ме? Әлде алыстан тамсана қарап отыра ма?

 

Редакциядан: 

Тілшінің соңғы тұжырымы көп нәрсеге ой салады. Қазақ жерінде салынатын таңғажайып қалаға қарапайым қазақтың баласы кіре алмаса, оның негізгі тұрғынына айналмаса, онда не болғаны? Егер қаланы қытайлар салса, бұл дұрыс делік, бірақ бізді тағы бір сұрақ мазалайды: қаланың сәулеті қалай болмақ? Бұл ерекше қалада ұлттық нақыш бояулары ескерілсе, туристер үшін де қызықты болары анық емес пе? Міне, осы мәселелер жөнінде депутаттар неге үнсіз? Алдағы уақытта осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

02.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24151
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23822
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41291
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37206
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41499