Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге бас шаһардағы бірнеше кәсіпорынды аралап, қызметімен танысты. Бұл туралы ИИДМ сайтында хабарланды.
Мәселен, ведомство басшысы елордадағы респираторлар шығаратын зауытта, модульдік үй құрылысымен айналысатын ModeX өндіріс орнында, сондай-ақ арнайы техниканы шығаратын кәсіпорын мен витраж, терезе өнімдері, медициналық жабдықтар, кеңсе жиһаздары және металл құрылымдарын дайындайтын зауытта болып, өндіріс қарқынын бағамдап қайтты. Бұдан кейін министр қаладағы 2-Жылу электр орталығы мен астанадағы кәріз-тазарту жүйелерінің жұмысын тексерді. «Қазіргі таңда халықты жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық сонау 1979 жылы салынған. Аталған кәсіпорында 900- ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл ретте елордадағы кәріз-тазарту жүйесіне тоқталатын болсақ, Астанадағы 2-Кәріз-тазарту жүйесінің құрылысын биыл қолға алып, 3 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделген. Жобаны республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Осы ретте министрлік өкілдері әкімдікпен бірлесіп, аталған нысанды жедел салу үшін өзекті мәселелерді талқылады. Елорданың қарқынды дамуын ескерсек, қала әкімдігімен бірлескен жұмыс қолайлы әрі заманауи қалалық ортаны құруға бағытталған шараларды тиімді іске асырудың негізгі жолдарын әзірлеуге септігін тигізетінін атап өткен жөн», – деп жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайты.