Актриса болмағанда, ағылшын тілі маманы болар ма еді?!

Актриса   болмағанда, ағылшын тілі маманы   болар ма еді?!

Орал қаласының тумасы Альбина Хамидуллина – өнерге бала кезінен шын ғашық болған жандардың бірі. Қыздарының таңдауын бастапқыда қолдамаған ата-анасы оның тіл маманы болғанын көбірек қалаған екен.

 

Үлкен отбасында дүниеге келіп, әке мен ананың махаббатына, ата мен әженің мейіріміне бөленіп өскен оралдық Альбина Болатбекқызы – бір үйдің жалғыз қызы. Алдындағы ағасына еркелеп, соңынан ерген інісіне апалық қамқорлығын көрсетіп бой жеткен кейіпкеріміз оқушы кезінен өнерге жақын болып өскен. – Кішкентайымнан түрлі сайыстарға, концерттерге қатысып, белсенді болдым. 4-сыныптан бастап би үйірмесіне қатыстым. Сонымен қатар бес жыл саз мектебіндегі домбыра класында білім алдым. Осылайша, өнерге бала күнімнен ынтық болып, 11 жылдықты тәмамдар тұста осы салаға қызығушылығым арта түсті. Әрине, бастапқыда ата-анам қарсы болды. Бірақ оларды көндіріп, өз бағымды сынап көруге бел будым, – дейді кейіпкеріміз. 

Ата-анасы Альбинаның ағылшын тілі маманы болғанын қалапты. Әкесі қыз балаға өнер жолы ауыр болатынын айтып, ойынан айнытпақ болады. Алайда ҰБТ тапсырғаннан кейін ата-анасына тағы бір мәрте өтініш жасап, рұқсаттарын алады. Олар да «егер мемлекеттік білім беру грантын иеленбесең, Оралға келіп біз қалаған оқуға түсесің» деген шарт қояды. 2018 жылы Оралдағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясын бітірген жас түлек арман қуып, үлкен қалаға аттанады. Абырой болғанда, арман қала – Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Музыкалық театр артисі» мамандығына оқуға түсіп, өзінің алға қойған мақсатының бір белесін бағындырады. Осы жоғары оқу орнында бакалавр, кейіннен магистр дәрежесі бойынша білімін шыңдаған жас актриса өнерге баулыған ұстаздарына шексіз риза. 

– Өнердегі ұстаздарым Асхат Максимұлы Маемиров пен Аман Гиссатденұлы Ғұмаровты ең алдымен осы жолдағы әкем мен ағам, жол көрсетер қолдаушыларым деп қабылдаймын. Осы қос ұстазымнан үйренгенім де, әлі үйренерім де көп. Үлкен шаһарға алыстан ат арытып барып, өсіп-өнген ұямызды сағынып жүрген кезімізде қамқорлық танытып, бас-көз болып, жаңа өмірге баулып, өнердің әліппесін үйреткен жандардың менің өмірімдегі орындары ерекше. Сонымен қатар академияда «Сахна тілі» пәнінен дәріс берген Ләйлә Әбсұлтанқызын да өмірлік ұстаздарымның қатарына еш ойланбастан қосар едім. Менің бойымдағы өнерге деген ұшқынды одан әрі маздатқан адамдар – осылар, – дейді Альбина Болатбекқызы.

Биыл екінші мүшел жасқа қадам басқан актриса ел ордасы – Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры ашылғаннан бастап, яғни 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әрине, магистратурада білімін жетілдіріп жүрген кезде араға екі жыл үзіліс салып, сүйікті театрына қайта оралған. Сүйікті дейтін себебіміз, өнерге шынайы ғашық болған бойжеткенді алғаш киелі сахнаға шығарып, тұсауын кескен де – осы қара шаңырақ болатын. «Осы театрда мен өзімді нағыз маман иесі сезіндім, алғаш рет көрермен қошеметін сезіндім, алғашқы рөлімді сомдадым, сол сахнада талай рет тер төгіп, көз жасымды да көлдеттім. Ендеше, осыншама эмоция сыйлаған өнер ордасы қалайша маған ыстық, жақын болмайды?!» деп, ағынан жарылды кейіпкеріміз. 

Бүгінде Альбина Хамидуллина Музыкалық жас көрермен театрында Канн фестивалінің «Үздік актриса» жүлдегері Самал Еслямова,  сондай-ақ Асылхан Төлепов және Аян Өтепберген сынды танымал актерлармен, жаңадан танылып келе жатқан жас таланттармен иық тіресе еңбек етіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп жүр. 

Театр актерының жетілуіне, кемелденуіне, танылуына сахнада ойнайтын рөлдерінің айрықша ықпалы болатыны сөзсіз. Альбина да әр қойылымдағы өзіне бекітілген рөлдерді терең зерттеп, көрерменнің жүрегіне жеткізуге барын салады. Ол үшін «⁠Абай-Тоғжан» қойылымындағы – Жазмыш, «Шанель #5» қойылымындағы – Александра, «Жылы орын» қойылымындағы Вышневская сынды кейіпкерлерінің орны – бір төбе. Солардың ішінде жанына жақыны – өзінің сахнадағы тұсауын кескен «Абай-Тоғжан» қойылымындағы Жазмыш. «Кішігірім миссиясы бар рөл болса да, театрымыздың ашылуындағы алғашқы қойылым болғандықтан, әрі менің үлкен сахнадағы бірінші рөлім болғандықтан, өте ыстық» деген өнер иесі сахна – мысы басым киелі орын екенін де жасырмады. Айтуынша, ол сахнаға әр шыққан сайын толқиды, қобалжиды. Көрермен алдындағы жауапкершілігін де естен шығарған емес. 

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов театрды – сымбатты өнердің ең ұлысына теңеген екен. Осы ұлы өнер жолын таңдаған Альбина Хамидуллинаның алдағы мақсаты да өзінің мамандығымен байланысты. Жас актриса өнердегі өзінің орнын әлі де бекемдей түсуді ойлайды. – Әрине өнер жолы – оңай емес. Әр мамандықтың өзіне тән қиындықтары болады ғой. Дегенмен, қызығы мен шыжығы аралас өнер жолы менің жүрегімнен үлкен орын алды.  Өнер – өзіңе де, өзгеге де өмірдің түрлі қырларын сезіне алатын, сездіре алатын абыройлы мекен, өмірлік сабақ, – деп сөзін түйіндеді жас талант. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

 

09.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6710
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 6840
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 21825
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20437
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 23931