Актер тағдыры – сахна тарихы: Жетісу театры Алматыда тың форматтағы қойылым ұсынды

Актер тағдыры – сахна тарихы: Жетісу театры Алматыда тың форматтағы қойылым ұсынды

Театр өнері үнемі ізденісті, жаңашылдықты қажет етеді. Көрерменді таңғалдыру үшін кейде қалыптасқан сахналық тәсілдерден шығып, өмірдің өзін өнерге айналдыруға тура келеді. Б.Римова атындағы академиялық драма театрының Алматы қаласында ұсынған «Махаббат ол…» концерт-спектаклі осы тұрғыдан ерекшеленеді. Мұнда актерлер дайын драматургиялық мәтінді орындап қана қоймай, өз өмірлеріндегі оқиғаларды сахналық туындының негізіне айналдырған. 

Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театрында өткен гастрольдік көрсетілім Жетісу өнерпаздарының шығармашылық ізденісін Алматы көрерменіне таныстырды. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазы сахналаған қойылым қатарынан екі рет ұсынылып, екі сеанс та аншлагпен өтті. Ал туындының идея авторы – театр директоры, Мәдениет саласының үздігі  Ерлік Жуасбек.

Гастрольдік кештің құрметті қонақтарының қатарында белгілі театр қайраткері, «Жас сахна» театрының негізін қалаушы Бәйтен Омаровтың қызы Жанна Бәйтенова да болды. Ол театр ұжымын Алматыдағы өнер көрсетілімімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ гастрольдік сапарлардың театрлар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, өнер алмасуға жол ашудағы маңызын атап өтіп, Жетісу өнерпаздарының Алматы сахнасындағы қойылымдарына сәттілік тіледі.

Туындының өзгеше форматы бірден назар аудартады. Дәстүрлі спектакльдерде актер белгілі бір кейіпкердің бейнесін сомдап, автор жазған оқиғаны сахнаға алып шықса, бұл жолы шығармашылық топ басқа жолды таңдаған. Қойылымның көркемдік негізіне актерлердің өз бастарынан өткен оқиғалары алынған. Олар сахнада өздері куә болған немесе бастан кешкен жағдайларды көрерменмен бөліседі. 

Бұл тәсіл қойылымға деректілік пен шынайылық сипат береді. Әр актердің әңгімесі жеке бір сахналық эпизодқа айналып, музыка, хореография және режиссерлік шешімдер арқылы біртұтас композицияға біріктірілген. Нәтижесінде көрермен алдында бір ғана оқиға желісі емес, адам өмірінің түрлі кезеңдері мен қарым-қатынастарын қамтитын көпқырлы туынды пайда болған. 

Қойылымның тақырыптық ауқымы да кең. Мұнда махаббат тек ер мен әйел арасындағы сезім ретінде қарастырылмайды. Отбасы, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, достық, адалдық, сағыныш, қоғамдағы қалыптасқан көзқарастар мен адамгершілік құндылықтар қатар өріледі.  

Режиссер Бәзіл Сұлтанғазының айтуынша, шығармашылық топтың негізгі мақсаты – махаббат ұғымын бір ғана түсінікпен шектемей, әр адамның оған деген көзқарасын көрсету.

«Бұл спектакльдің ерекшелігі – мұнда ешқандай драматургтің қолтаңбасы жоқ. Әр актер өзінің басынан өткен шынайы оқиғасын баяндайды. Біз сол оқиғаларды сахналық тұрғыда көркемдеп, біртұтас қойылым етіп жасадық. Махаббат әр адамда әртүрлі ғой.  Біз «Махаббат деген не?» деген сұраққа жауап іздеуге тырыстық. Сонымен қатар осы сауалды көрерменнің де алдына қойдық», – дейді режиссер.

Қойылымның музыкалық және пластикалық шешімдері де оның мазмұнын ашуға бағытталған. Композитор Сұлтан Тұрсынбековтің музыкалық сүйемелдеуі, хореограф Айжан Құнанбаеваның сахналық қимылдары  мен қоюшы-суретші Сырым Орманбаевтың көркемдік шешімдері көріністердің эмоциялық әсерін толықтыра түскен. Ал жарық қоюшы Еламан Ахметовтің жұмысы сахнадағы көңіл күй мен оқиға атмосферасын қалыптастыруға үлес қосады.   

Алматыдағы гастрольдік сапар театр ұжымының репертуарлық жұмысындағы жаңа ізденістерді көрсетуге мүмкіндік берді. Екі сеанстың да көрерменге лық толуы қойылымның сахналық форматына деген қызығушылықты аңғартты. Әсіресе актерлердің жеке тәжірибесіне негізделген оқиғалардың сахнада көркемдік тұрғыда ұсынылуы туындының басты ерекшелігіне айналды. 

«Махаббат ол…» концерт-спектаклі театрдың міндеті тек көркем шығармадағы оқиғаларды сахналаумен шектелмейтінін тағы бір мәрте көрсетеді.  Өмірдің  өзінен алынған шынайы оқиғаларды өнер тілімен жеткізу де – көрерменмен байланыс орнатудың бір жолы. Ал актер үшін сахнада өзге адамның тағдырын сомдаумен қатар, өзінің ішкі әлемін ашу да үлкен шығармашылық жауапкершілік. 

 

Арайлым НҰРЖАПАР

 

19.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29627
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29184
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46427
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42002
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46753