Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Іс-шара 14-15 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Съезд тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөліне арналады. Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XX отырысы 2022 жылы 12-13 қыркүйекке белгіленді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылы елордада өткен болатын. Съезд өткізу бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еді. Тұңғыш президенттің Ватиканға сапарында бұл идеяны алғашқылардың бірі болып католик шіркеуінің өкілдері қолдады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – діни көшбасшыларға, саясаткерлерге, халықаралық және өңірлік ұйымдарға дінаралық диалог пен орнықты даму проблемаларын талқылауға мүмкіндік беретін бірегей платформа.