ӘЛЕМГЕ ШЫҒУ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС ТҰТАСТЫҒЫ

ӘЛЕМГЕ ШЫҒУ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС ТҰТАСТЫҒЫ

Қазақ жастарының шетелге барып білім алуы, еңбек етуі, ғылым мен мәдениеттің жаңа орталарын көруі – бүгінгі заманның табиғи талабы. Мұндай мүмкіндікті шектеу емес, оған дұрыс дайындық жасау – мемлекеттік және қоғамдық тұрғыдан маңызды міндет. Осыған байланысты мектептен бастап жастарды әлемдік ортада өмір сүруге дайындайтын азаматтық-мәдени дайындықтың ұлттық үлгісін қалыптастыруды ұсынамын.

Бұл дайындық шетелге аттанар алдындағы қысқа нұсқаулықпен ғана шектелмеуі керек. Оның негізі баланың мектептегі тәрбиесі мен білімінен басталғаны жөн. Жас кезінен адам өзге елдің заңын, қоғамдық тәртібін, мәдениетін және адамдық шекарасын құрметтеуді, бейтаныс ортада өзін дұрыс ұстауды, қауіп-қатерден сақтануды, өз құқығын білуді және қиын жағдайда көмек сұрауды үйренуі қажет.

Амандық та мәдениеттің бір түрі. Сақтық, құқықтық сауат, жауапкершілік пен өзгенің шекарасын құрметтеу – қазіргі әлемдегі азаматтық мәдениеттің маңызды өлшемдері.

Сонымен қатар әлемге шығуға дайындықтың екінші, одан да маңызды жағы – ұлттық болмысты сақтау. Өзге мәдениетті құрметтеу үшін өз мәдениетіңнен бас тарту шарт емес. Қазақ жасы барған елінің тілін, заңын, салтын үйреніп, сол қоғамға мәдениетті түрде бейімделе алады. Бірақ ана тілін, тарихи жадын, отбасы мен ел туралы түсінігін, ар, ұят, обал, сауап, қанағат, ынсап, аманат секілді ұлттық өлшемдерін жоғалтпауы, бабалар ұстанған дәстүрлі дінін сақтауы керек. Жат елде отбасын құрған  қазақ балалары, әртүрлі саладағы  жастары  ұрпақтарын қазақы болмыспен тәрбиелеу үшін талпынуды намыс пен парыз тұрғысынан түсінуі тиіс. Саналы, мәдениетті ұйымдасқан күйде ғұмыр кешуді ойлап, үйреніп өсуі керек.

Осы тұста Уызмәдениеттік танымның мәні айқындалады. Ол жас адамды әлемнен оқшаулайтын қорған емес, керісінше, әлемді дұрыс қабылдауға мүмкіндік беретін ішкі өлшем болуы тиіс.

Осы мақсатта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысына «Әлемдік ортадағы қазақ азаматы» атты бағыт енгізу мәселесін қарастыруға болады. Оның мазмұны құр насихатқа емес, нақты өмірлік жағдаяттарды талдауға құрылуы қажет.

Бағыт аясында жастар:

– өзге елдің заңдары мен қоғамдық тәртібін құрметтеуді;

– мәдени айырмашылықтарды түсінуді;

– жеке құқықтары мен жауапкершілігін білуді;

– жеке және ақпараттық қауіпсіздік негіздерін меңгеруді;

– діни және мәдени әдепті сақтауды;

– ұлтаралық қарым-қатынастың ерекшеліктерін түсінуді;

– жалған ақпаратты ажыратып, ақпаратты саралауды;

– алған білімін, тәжірибесін ел игілігіне жарату жауапкершілігін үйренуі қажет.

Бұл жұмысты танымдық үйірмелер, жастар ұйымдары, пікірталас алаңдары, мәдени кездесулер және жағдаяттық сабақтар арқылы тереңдетуге болады. Әлем халықтарының мәдениеті қазақтың ұлттық өлшемдерімен салыстырыла зерделенсе, жас дайын жауапты жаттамай, әртүрлі ортада дұрыс шешім қабылдауға үйренеді.

Мұндай тәрбиеде дәстүрлі діни таным мен ұлттық мәдениеттің де өзіндік орны бар. Алайда оны (оқу-ағарту орындарына дінді тықпаламай) формалық діни немесе этнографиялық сабаққа айналдырмай, адамның адалдығы, жауапкершілігі, аманаты, обалы мен сауабы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті сияқты адамдық мазмұнымен түсіндіру маңызды. Сонда дін, дәстүр және ұлттық таным жас адамның ішкі болмысын, уызсана мен уызмәдениетін, жадын жаңа дәуірмен үндестікке, үйлесімге бастайды, сатылап қалыптастыратын өзара сабақтас арналарға айналады.

Осыған байланысты төмендегі ұсыныстарды қарастыруды жөн санаймын:

Біріншіден, мектеп бағдарламасы мен тәрбие жұмысына әлемдік ортада өмір сүруге арналған азаматтық-мәдени дайындық мазмұнын енгізу;

Екіншіден, жоғары оқу орындарында шетелде білім алуға және еңбек етуге дайындалатын жастарға арналған практикалық бағдарлама қалыптастыру;

Үшіншіден, осы бағытта ұлттық мәдениет, құқықтық сауат, қауіпсіздік, мәдениетаралық қарым-қатынас және азаматтық жауапкершілікті тоғыстыратын әдістемелік құрал әзірлеу;

Төртіншіден, жастардың шетелдегі өмірлік жағдайларды талдауына мүмкіндік беретін пікірталас, тренинг, жағдаяттық тапсырма және танымдық үйірмелер жүйесін дамыту;

Бесіншіден, шетелге барып білім алып, еңбек етіп жүрген қазақ жастарының тәжірибесін жинақтап, оны кейінгі буынға пайдалы оқу-танымдық материалға айналдыру;

Алтыншыдан, осы бағыттағы бағдарламаны оқу-ағарту, ғылым, мәдениет және жастар саясаты салаларының өзара сабақтастығы негізінде әзірлеу.

Ең бастысы – қазақ жастарын әлемнен қорқытпау және әлемге соқыр еліктеуге итермелемеу. Әлемге ашық болу мен өзіңе адал болу қатар жүруі керек.

Шетелге шыққан жас басқа халықтарды кемітпей, өз ұлтын да кемсітпейтін; барған елінің заңын бұзбай, өзінің азаматтық жауапкершілігін ұмытпайтын; жаңалықты қабылдап, оның салдарын саралайтын; алған тәжірибесін жеке пайдасымен ғана шектемей, елінің қажетіне жарата алатын деңгейге дайындалуы қажет.

Өйткені ертең әлемнің әр түкпіріне баратын қазақ жастарының саны ғана емес, олардың әлемге қандай мәдениетпен барғаны маңызды болады.

Әлемге шығу – өзіңнен алыстау емес. Дұрыс дайындалған жас үшін әлем – өзін жоғалтатын кеңістік емес, білімін арттырып, тәжірибесін байытып, адамдық және кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, оны ел игілігіне жарата алатын үлкен мектеп.

23.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27921
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27412
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44772
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40461
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45095