Арнайы Алматы облысынан ат арылтып келген қонақтар әуелі облыс әкімдігі ғимаратының алдында орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жыр алыбының рухына тағзым еткен меймандар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен басқосуда жүздесіп, ыстық лебіздерімен бөлісті.
– Бабамыздың мерейтойы бір күнмен ғана тоқтап қалмайды. Келешек ұрпақтардың жалғастыруымен тойлана береді. Елімізді бабамыздың аруағы жебеп жүрсін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты өтіп жатқан бұл іс-шараның маңызы зор. Жамбыл – екі облысқа ғана емес, алашқа ортақ тұлға. Ал біздің бабамыздың тойына орай екі облыстың бір-бірімен тығыз байланыста болуы, ол – бірлігіміздің, ынтымағымыздың бекемдігінің айғағы –, деді аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы.
Айта кету керек, Алматыдан келген қонақтар Әулиеатада екі күн болады деп жоспарлануда. Олар түстен кейін қаламыздағы мәдени орындармен, киелі жерлермен танысып, өз өнерлерін паш етпек.