Алматыда Франсис Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы алғаш рет қазақ тілінде сахналанады

	Алматыда Франсис Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы алғаш рет қазақ тілінде сахналанады

Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Франсис Пуленктің «Адам дауысы» монооперасының тұңғыш рет қазақ тілінде сахналануына орай баспасөз брифингі өтті. 

Жиынға бірқатар БАҚ өкілдері мен өнер саласының мамандары, сондай-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Нұрғиса Мұратұлы, Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров және драмалық туындының солисі Дәрия Жүсіп қатысты. Брифинг барысында спикерлер мен журналистер моноопера туралы және филармонияның алдағы жоспарлары туралы өзара сұрақ-жауап алмасты.

Жиынды ашқан филармония директоры Нұрғиса Мұратұлы: «Аталған шығарма Ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен сахналанбақ. Биыл филармонияда әртүрлі жобаларды қолға алып отырмыз. Биыл айтулы мерейтой – Жамбыл Жабаев атамыздың туғанына 180 жыл. Осыған сәйкес Алматы облысымен бірігіп, 27 ақпан күні мерейтойды салтанатты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Ертең филармония ұжымы мен өнер адамдары үшін де елеулі оқиға. Осындай әлемдік жауһарларды қазақ тілінде, симфониялық оркестрмен орындау – біз үшін үлкен жетістік. Шығармада жалғыз солист Дәрия Жүсіп – танымал актриса ғана емес, ерекше вокал иесі ретінде өнер көрсетпек», – деп атап өтті. 

Өз кезегінде жобаның күрделілігіне тоқталған Дәрия Жүсіп: «Бұл өте күрделі жұмыс. Себебі, актерлік шеберлікте шектеу жоқ. Үзілістер болады, ойыңды кеңінен жеткізе білесің. Бұл жерде әрбір қимыл-әрекет дауыс бояуының жақсы шығуына, оның қуатына әсер етеді. Маэстроның талабы жоғары болғандықтан, оны үлкен жауапкершілікпен қабылдаймын. Қиындықтар бар, бірақ дайындықтар нәтиже беріп жатыр. Драма режиссерінің талабы бір бөлек, дирижердің талабы басқа. Осы екеуін де меңгере алғанның арқасында ортақ тандемнен жақсы нәтижеге жетіп отырмыз. Оркестрдің музыкасы сондай жұмсақ, әдемі, ол орындаушылық шеберлігімізге оң әсер етіп, туындыны жоғары деңгейде алып шығуға септігін тигізеді. Жалпы бұл шығармада тек актриса ретінде өнерімізді көрсетіп қоймай бүгінгідей жаһандану кезеңіндегі адам тағдырын, оның ішінде әйел тағдырын, сүйген адамымен байланысы үзілген, күрделі сезімдерді бастан кешіп жүрген нәзік жандылардың ішкі арпалысын көрсетеміз», – деді актриса.

Бас дирижер Қанат Омаров драма актрисасысен жұмыс барысы туралы: «Драмалық актрисалар тірірек десек болады, өйткені олар сахнада жай ғана ойнамайды, өмір сүреді. Олардың ішкі әлеміндегі күйлері тез өзгереді. Түрлі хәлді бастан кешіреді. Сол себепті бұл моноопера көбірек драмалық актрисаға жазылған деп айта аламын. Мұнда Дария ханым үлкен жұмыс атқарды. Бұл – музыкалық тілімен айтқанда өте қиын жұмыс. Шығармадағы түгел дерлік эмоцияны Дәрия ханым керемет жеткізуде. Бұл жұмыста ол кісінің актерлік шеберлігі керісінше көмектесіп жатыр», – деп актрисаның еңбегін жоғары бағалады. 

Ескере кететін жайт, туындының қазақ өнеріндегі тарихы тереңде жатыр: 2023 жылы Жан Коктоның пьесасын М. Әуезов театры «Дауыс» деген атаумен сахналап, Тұңғышбай Жаманқұловтың аудармасы мен режиссер Барзу Абдуразаковтың еңбегі арқасында көрермен ықыласына бөленген еді. Енді вокалдық партиясын Галина Қарамолдаева дайындаған бұл шығарма моноопера жанрында жаңаша түрленбек. Осыған дейін әлемнің көптеген тілдерінде, тіпті ым-ишара тілінде де орындалған бұл жауһардың қазақ тіліндегі премьерасы мәдениетіміздің жаһандық интеграциясын тағы бір мәрте айғақтайды. 

Еске салсақ, Франсис Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы 20 ақпан күні сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында көрерменге жол тартады.

 

19.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Екі достың арасын не бүлдірді?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 19.02.2026 89
Қариясын сыйлайтын ел едік
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен ондаған медаль иегері, мемлекеттік қызмет ардагері - 19.02.2026 51

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23188
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39570
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36676
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40831