Метроның жаңа желілері, SkyTrain бағыттары, аспалы жолдар, сейсмотұрақты құрылыс пен Алатау Ситидің даму болашағы туралы «Қазақстан құрылысшылар одағының» Алматыдағы бөлімшесінің директоры Тимур Нұртаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің Qala Vision подкастында айтып берді.
Сарапшы инженерлік желінің едәуір бөлігі Кеңес кезінде салынғандықтын, жекелеген жөндеу жұмысы қордаланып қалған мәселені түгел шешуге қауқарсыз екенін айтады. Алматыға адам саны мен тұрғын үй құрылысының өсуін есепке алып істелген жаңа жол, су құбыры мен кәріз желісі қажет.
«Инфрақұрылым салынып жатқан нысанның соңынан ілеспей, олардан озық тұруы керек. Жол мен инженерлік желі тұрғын үй кешендерінен бұрын салынуы тиіс. Қазір инфрақұрылымдық жобаларды жай ғана жаңартып қоймай, халықаралық тәжірибені, жаңа материал мен энергия үнемдейтін технологияны ескере отырып, қайта салу қажет», – дейді Тимур Нұртаев.
Былтыр Қазақстанда 20 млн шаршы метрден астам жылжымайтын мүлік салынған. Оның шамамен 2,6 млн шаршы метрі Алматыға тиесілі екен. Әр жаңа тұрғын үй кешені жолға, инженерлік коммуникацияға, мектепке, аурухана мен емханаға түсетін жүктемені кәдімгідей арттырады.
Қаланы дамытудың маңызды бағытының бірі қоғамдық көлікті кеңейту болмақ. Метро желісін Алтын Ордаға дейін ұзартады. Сонымен қатар Назарбаев пен Гоголь көшесінің қиылысынан әуежайға дейін баратын екінші желіні салу бойынша жобалау-іздестіру жұмысы да қатар жүргізіліп жатыр. Тағы бір бағыт Сайранды болашақта Алатау Ситимен байланыстыруы тиіс.
Нұртаев SkyTrain жүйесін салу жоспары туралы да айтып берді. Желінің бірі Алтын Ордадан Райымбек даңғылының бойымен Halyk Arena-ға дейін өтпек. Болашақта бағытты Сайын көшесі, Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолы арқылы дамытып, сондай-ақ Қаскелең мен Талғар бағытына дейін ұзарту көзделіп отыр.
«Алматыға күн сайын жан-жақтан шамамен 600 мың автокөлік кіреді. Қазір көп адамның қалаға жететін басқа мүмкіндігі жоқ. Егер Қаскелеңнен немесе Талғардан Алматыға кептелісте екі сағат тұрудың орнына қоғамдық көлікпен 20 минутта жету мүмкіндігі пайда болса, бәрі соны пайдаланары анық. Бұл көлік қозғалысын азайтып, экологияға оң әсер етеді», – деп есептейді спикер.
Алматының көлік жүйесіне аспалы жолдар желісін де қосу жоспарланып отыр. Нұртаевтың айтуынша, олар қала тұрғындарына таулы нысандарға автокөліксіз жетуге мүмкіндік береді. Жобаларды жүзеге асыруға Австрия, Франция мен Италия өндірушілерін тартуды ойластырып жатыр.
Сонымен қатар Алматыда бес полицентрді дамыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Олардың мақсаты – жұмыс орындары, дүкендер, әлеуметтік нысандар мен қажетті қызметтер үйден 15-ақ минуттық жерде орналасатын дербес аудандар қалыптастыру. Ол үшін қаланың шет аймақтарында іскерлік орталықтар мен өзге де инфрақұрылым нысанын салу қажет. Сонда тұрғындар күн сайын қала орталығына сабылмайды. Тимур Нұртаев мемлекеттік органдардың бір бөлігін де осындай ауданға көшіруді ұсынды.
Құрылыс саласындағы цифрландыру да маңызды бағыттың бірі. Қазіргі уақытта жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізу 45 жұмыс күніне дейін созылады. Сарапшының пікірінше, жасанды интеллектіні енгізу бұл мерзімді екі-үш күнге дейін қысқартуы мүмкін. Цифрлық көмекші құжаттардың толықтығын тексеріп, құрылыс нормаларына сәйкессіздікті анықтайды. Бірақ түпкілікті шешім шығару жағы мамандардың құзыретінде қала бермек.
«Жобалау ұйымдары AutoCAD-тағы қарапайым сызбалардан BIM-технологиясына көшуі керек. Бұл технологиялар болашақ нысанды үш өлшемді форматта көріп, қатені алдын ала анықтауға сеп болады. Құрылысшы ретінде айтарым: құрылыс барысында анықталған қателіктер өте қымбатқа түседі. Мұндай технологияны әсіресе мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру кезінде қолдану керек», – деп толықтырды Тимур Нұртаев.
Сондай-ақ ол замандық тұрғын үй құнының неден қалыптасатынын түсіндірді. Бағаға сейсмикалық қауіпсіздік талабының қатаңдауы, арматура мен бетон шығынының артуы, құрылыс материалдарының импортталуы, жұмыс күшінің қымбаттауы мен банк несиесінің жоғары пайыздық мөлшерлемесі әсер етеді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда сатып алушылар жай ғана пәтер емес, абаттандырылған кіреберісі, автотұрағы, қоймасы, велосипедтер мен балалар арбасына арналған орындары, дүкендері, кафелері мен коворкингтері бар жайлы ортаны таңдайды.
Алматыда ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігіне көп көңіл бөлінеді. Тимур Нұртаев сейсмооқшаулағыштарды замандық шешімнің бірі ретінде атады. Олар іргетас пен ғимарат қаңқасының арасына орнатылатын металл немесе резеңке элементтен тұрады. Бұл құрылғы жер сілкінісі кезіндегі тербелісті қабылдап, ғимаратқа түсетін жүктемені азайтады.
«Сейсмооқшаулағыштың міндеті – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, ғимаратты қираудан қорғау мен жер сілкінісінен кейін оны пайдалануды жалғастыруға мүмкіндік беру. Бұл технологияны тек қоғамдық ғимараттарда ғана емес, әсіресе есептік сейсмикалығы 8–9 балдық аймақтардағы тұрғын үйлерде де қолдану қажет. Адамдар өз үйінің қауіпсіз екеніне сенімді болса, бір шаршы метр үшін аздап артық төлеуге дайын», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай технологиялар мектептер, емханалар мен балабақшалар құрылысында қарастырылып жатыр. Оларды кеңінен енгізу үшін тиісті жобаларды тексере алатын сарапшыларды даярлау қажет.
Алматының одан әрі дамуы туралы сөз қозғаған Тимур Нұртаев ҮАААЖ аумағының шегінде аз қабатты құрылыс жүргізуді қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, белгілі бір аймақта ғана биік ғимарат салынуы тиіс. Тастақ шағын ауданын осындай аумақтың бірі ретінде таңдаған. Сарапшының айтуынша, бұл жерде тектоникалық жарық жоқ. Қаланың басқа бөліктерінде тұрғын үй қорын жаңарту ескі үйлерді оңалту арқылы да жүзеге асырылады.
Өсудің тағы бір маңызды нүктесі – Алатау Сити. Жаңа қаланың бас жоспарын сингапурлық компания Дубай мен Шэньчжэнь қаласының тәжірибесін ескере отырып әзірлеп жатыр. Мұнда қаржы орталығы, білім беру мен медицина кластері, өнеркәсіптік аймақ, сондай-ақ Қапшағай көліне жақын орналасатын рекреациялық-экологиялық аумақ сияқты төрт негізгі бағытты дамыту көзделген.
Қазірдің өзінде қала аумағында биіктігі 262 метр болатын мұнарасы бар Iconic Towers кешенінің құрылысы басталды. Жобаны қытайлық құрылыс компаниясы қолға алды. Ал Gate City маңында оңтүстіккореялық компания шамамен 500 гектар аумақта «ақылды қала» салуды жоспарлап отыр.
Тимур Нұртаевтың бағалауынша, Алатау Ситиде тұрғын үй құрылысының жаппай кезеңі жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орны пайда болғаннан кейін, шамамен 2029 жылға қарай басталуы мүмкін. Оның пікірінше, қаланың негізгі аудиториясы – сол жерде білім алып, жұмыс істеп, баспана сатып ала алатын жастар болмақшы.
«Алатау Сити аумағында өндіріліп, сатылатын барлық тауар мен қызметті ҚҚС-сыз өткізу жоспарланып отыр. Егер үй сол жерде салынып, тұрғын үй де сол аумақта сатылса, басқа жағдайлар бірдей болған кезде оның бағасы Алматыдағы тұрғын үйден кемінде 16%-ға арзан болуы мүмкін. Алайда жаңа қаланы көлік инфрақұрылымымен қатар дамыту қажет. Тұрғындар ол жерден Алматыға және кері бағытта жылдам қатынай алуы керек. Ол үшін метро мен рельсті көлік қажет», – деп түсіндірді Тимур Нұртаев.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың шығынын бақылауды ол қоғам өкілдері, сарапшылар мен кәсіби қауымдастық мүшелері қатысатын арнаулы кеңеске жүктеуді ұсынды. Оның пікірінше, цифрлық теңгені пайдалану бюджет қаражатының қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді екен.
«Инфрақұрылымды жаңартып, осы заманғы материалдар мен технологияларды қолданатын уақыт келді. Бөлінген әр теңге мақсатына сай жұмсалуы керек. Замандық инфрақұрылымсыз экономиканың одан әрі дамыту әсте мүмкін емес», – деп қорытындылады сөзін Тимур Нұртаев.













