Алматылық қуыршақ театры халықаралық "Шомбай-fest" фестивалінде топ жарды

Алматылық қуыршақ театры халықаралық "Шомбай-fest" фестивалінде топ жарды

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қазан қаласында 17-22 маусым аралығында өткен VI Халықаралық «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлар фестивалінде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Ортеке» спектаклімен қатысып қазылар алқасының шешімімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды.

Ауқымды фестивальге Қазақстан, Африка, Серб Республикасынан және Ресейдің түрлі өңірлерінен таңдалған 150-ден астам қуыршақ шеберлері қатысып, 14 театр ұжымы бақ сынады. Фестивальдің қазылар алқасының төрағасы, белгілі режиссер, продюсер  Давид Бурман жеңімпазды анықтау барысында шешімнің бірауыздан қабылданғанын атап өтіп, қазылар алқасының барлық мүшелері қазақстандық ұжымның жұмысын бірден үздік туынды ретінде мойындаған. Сонымен қатар, Давид Бурман Алматы қуыршақ театрын 2027 жылы Санкт-Петербург қаласында өтетін Халықаралық «КУКART» фестиваліне қатысуға шақыратынын жеткізді. 

«Ортеке» спектаклі – фестиваль сахнасында тек кәсіби қазыларды ғана емес, сонымен қатар көрермен қауымды да ерекше әсерге бөледі. Туындыны тамашалаған театр мамандары, мәдени сарапшылар, балалар мен ата-аналар оның атмосферасын «әсерлі, жылы, тартымды, көңілді» деп сипаттап өтті.

Африка құрлығынан, Мали Республикасынан келген «Sogolon» қуыршақ театрының режиссері Яя Кулибали спектакльдегі ұлттық дәстүрлердің көркем көрінісіне ерекше тоқталды: «Спектакль көнеден келе жатқан киелі дәстүрлерге зор құрмет көрсетеді. Дәстүрді сақтау – өте маңызды. Өкінішке қарай, кей елдер бұл құндылықтарға жеткілікті мән бермей жатады. Ал ол деген – ең қымбат қазына. Сіздер соны сақтап, дәріптеп отырсыздар. Браво!»

Ал, Татар Мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрының артисі, Татарстан Республикасының халық артисі Рамзия Безус спектакль жайлы келесідей әсерімен бөлісті: «Бұл жай ғана спектакль емес. Бұл – қазақ халқымен танысу. Ұлттық аспаптар, киімдер, әшекейлер арқылы тұтас бір мәдениетті көресіз. Мен ерекше тәнтімін. Актерлердің ойыны да, шығармашылық деңгейі де өте жоғары».

«Ортеке» спектаклі – Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының 90 жылдық мерейтойы аясында сахналанған сторителлинг жанрындағы ерекше туынды. Спектакль сюжеті қазақтың көнеден жеткен ортеке қуыршағы мен халық ауыз әдебиетіндегі белгілі ертегілер негіз болған. Туындыны тамашалау барысында көрермен ұлттық аспаптардың әуезді үніне, жанды дауыста орындалған әндерге және тәрбиелік мәні терең хикаяларға қанығып, қазақ руханиятының бай әлеміне бойлайды.

Спектакльдің режиссері әрі идея авторы – Григорий Лайко. Суретшісі – Мерей Ынтымақов. Музыкалық көркемдеуші – Давид Литвинов. Балетмейстер – Ринат Билибаев. Рөл сомдаған артистер: Бақытжан Қаюов, Әсемгүл Мансұрова, Шохан Құлназаров, Мейрхан Батырханов, Алияр Нұраділ.

Бұл жеңіс – тек бір ғана қуыршақ театрының жетістігі ғана емес, тұтас қазақ қуыршақ өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуы мен биікке көтерілуінің айқын дәлелі.

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26000
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25449
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42847
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38670
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43245