Адам баласының өмірінде дәрігер мамандары қаншалықты маңызды рөл атқаратыны туралы ойланып көрдіңіздер ме? Өйткені, біз басымыз ауырып, балтырымыз сыздап сырқаттана қалсақ, медициналық мекемелерге жүгініп, сол жерде жұмыс істейтін маман дәрігерлерге жанымызды тапсырамыз. Осы медицина саласындағы хирург маманның орны ерекше деп айтуға болады. Хирургтың хирургиялық араласуынсыз адамның өмірін сақтап қалу мүмкін емес жағдайлар болады. Хирург дәрігерлер адамдарға екінші өмір сыйлайды. Дәрігер хирург – аурулар мен жарақаттарды диагностикалау және хирургиялық емдеу әдістерінен білім алған маман.
Ол жоғары медициналық білімі бар, операция жасау арқылы науқасты жарақаттың салдарынан арылтады және оларды консервативті терапиямен емдей алмайтын көптеген патологияларды жояды. Хирург радикалды, паллиативті және диагностикалық операциялар жасайды. Хирургтар анестетиктермен (кіші әріптестермен) тығыз байланыста және медбике қызметкерлерінің жұмысын бақылайды. Дәрігер хирургке қажет қасиеттер денсаулығының мықты болуы, жүйке жүйесінің тыныштығы, жауапкершілік, өзіне деген сенімділік, ерік күші, сабырлық, шыдамдылық, дұрыс дағдылар және сыпайылық қажет.
Хирург мамандығы – жауапкершілігі жоғары әлеуметтік маңызды қызмет. Ол адам өміріне жауапты дәрігер. Ол әлеуметтік маңызы зор маман. Қазіргі заман медицинасы, атап айтқанда, хирургияның өз даму барысында жетіліп, биік деңгейге көтерілді. Соның арқасында ең күрделі оталарды жасауға мүмкіндік туды. Хирург мамандығы бүгінде жоғары сұранысқа ие мамандық болып саналады. Бұл кәсіпті таңдаған маманға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондай білікті маман хирург-дәрігердің бірі Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №10 емханасының маманы Жумагельдин Дулат Әшімғалиұлы туралы айта кеткеніміз жөн болар. Ол 1984 жылы 12 желтоқсанда Жетісу облысы Ақсу ауданы Қапал ауылында дүниеге келген. Әкесі Әшімғали дәрігер-хирург, анасы Дина экономист болған, отбасында өскен тұңғыш ұлдары. Өзінен кейін Мәди атты інісі бар. Әке жолымен дәрігер-хирург мамандығын таңдап, асқар тауы әкесінің ізін жалғаған азамат.
Қазіргі таңда отбасылы, өмірлік серігі Әсем – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Отау құрғандарына 12 жыл болды. Ұлдары Даниал мен Диас мектеп оқушылары. 2001 жылы Жансүгіров кентінде, Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназияны бітіріп, сол жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетіне грантқа түсіп студент атанды. 2008 жылы хирург мамандығын игеріп, диплом алып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Еңбекшіқазақ ауданының ауруханасына хирург-дәрігер болып тәжірибелік өмірді бастады. 2011 жылы Германияның Мюнстер қаласының Хэртц Йесус ауруханасында 5 ай шетелдік тәжірибеден өтті. Өз мамандығынан 8 жыл аудандық ауруханадан тәжірибе жинап, 2016 жылы Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №10 емханаға хирург-дәрігер болып жұмысқа орналасты.
Дулат Әшімғалиұлы – жоғары санатты пластикалық хирург, травматолог, ортопед- дәрігер. Осы жерде қазіргі уақытқа дейін шетелден және өз тәжірибесінен үйренгендерін іс жүзінде қолданып, мыңдаған ота жасап келеді. Өз саласы бойынша үнемі біліктілгін жетілдіре отырып, күрделі оталарды жасап, адамдардың өміріне араша түсіп келеді. Әріптестері мен емделуші науқастар жас болса да оның сауатты, біліктілігі жоғары, кәсіби шеберлігін мол деп бағалайды. Хирург пышақ үстінде жатқан науқастың үмітін өшірмей, оны өмір сүруге талпындыру, сендіру, қаншалықты ауыр болса, ота жасайтын дәрігерге артылар жауапкершілік жүгінің салмағы да соншалықты зіл батпан болады. Сондықтан кез келген отаны жасау өте күрделі процесс. Міне, осындай қиыншылығы мол, құрмет пен жауапкершілігі тепе-тең түсетін қызметті абыроймен атқару оңай шаруа емес. Бүгінде әке жолын қуған білікті хирург халықтың да сый-құрметіне бөленіп, алғыс арқалаған ақ халатты абзал жан. Қазіргі таңда бір күндік хирургиялық амбулаторияда 5 хирург-дәрігерлермен 10 шақты орта медицина персоналдан құрылған ұжым болып хирургия саласын дамытып келеді. Жалпы хирургиямен қосымша бет пластикасы мен аяқ пластикасын дамытып жатырмыз деп атып өтті. Заман талабына сай инстаграм, тик-ток, фейсбук желілеріне де өз-өзіміздің жұмыстарымызды көрсету арқылы бүкіл Қазақстан мен жақын арадағы шетелден де пациенттер емделуге келіп жатыр. Біздің ұжымда ерекше құрметке лайық хирург-дәрігерлеріміз жұмыс жасайды. Атап айтқанда: Жақсылық Бақытжанұлы Сандыбаев, Нұржан Әскербекұлы Орғыбеков, Айнұр Жұмабекқызы Жұмабекова. Ота жасау кезінде әрдайым өз жұмысын тиянақты, сауатты, жауапты түрде атқаратын арамызда 40 жылдық тәжірибесі бар Қозбағар Зағира Сейіткерімқызын ерекше атап айтуға болады. Артынан ерген орта буын қызметкерлерімізді де осы Зағира апайдан үлгі алып, тәжірибесін үйреніп, емделушілерге мейірім нұрын төгіп, кішіпейілдік түрде сыпайы қарым-қатынас жасап, адамгершілік қасиеттерін көрсетіп, өздеріне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Олар: Жеңіс Халбаев, Лида Бимағанбетова, Балнұр Тәжібай, Злиха Маликова, Ұлжан Таубаева, Назерке Төленді, Нұржан Байсуанова.
Әр дәрігер өз мамандығын сүйіспеншілікпен, білімділікпен, жауапкершілікпен атқарып, жаңашылдыққа ұмтылып, ілім ізденіп, өзін жетілдіріп отырса, алтын қолды маман иесі болады деп ойлаймыз.