Қазақ телевидениесі тәуелсіздік алған жылдардан бері ойын-сауық бағдарламаларға кенде болмаған. Телеарналар саны аз болды демесеңіз, уақытылы берілетін, мерзімді, апталық бағдарламалар бар еді. Сонау қазақ әзіл-сықағының аталарына айналған «Тамаша» театрынан басталған шоулар кейіннен «Бауыржан-Шоу», «Терісқақпай», «Шаншар», «Екі езу» сынды телевидениеде көп рейтингі жинайтын тв-театрларға айналды десек те болатын шығар. Байқасаңыз, кезіндегі бірінен кейін бірі шығып, жаңа театрлар ашылып, көбейе түсіп, бір-біріне бәсекелеске айналып, тв-дағы эфир уақытқа «күрес» жүргізген бұл тв-театрлардың иннерциясы бүгінге дейін жетіп отыр. «Алдараспан», «Шымкент-Шоу» театрларынан кейін де «Нысана», «Назар Аудар» сияқты «Жайдарманнан» шыққан жігіттердің де ұжымдары ашылды. Әрине, қазір әлеуметтік желіде де шығып, көрерменді ғаламтор арқылы да тартуға болады. Бірақ телевидение де әлі өз көрерменін жоғалтқан жоқ. Жоғарыда тілімізге тиек еткен «Жайдарман» ойындары қазір қазақ телевизиясындағы ойын-сауық бағдарламаларға атсалысып жүрген көптеген авторлар мен жүргізушілер, актерларды шығарды. Көбіне осы «Жайдарман» түлектерінің жобалары қазір отандық ойын-сауық индустриясын жаулап алған. Тіл қолданысы мен юмор деп аталатын өнер деңгейіне жетпейді десек те, бұлардың өз көрермені бар.
Басында айтып кеткеніміздей «Тамашадан» басталған лек кейіннен отандық өнімдермен толығып, жалғасты ұлттық бағдарламалармен толықты. Бұл кезеңде шетелдік индустриядан барымта жоқтың қасы еді. Серік Аббас-шах продюсер болған кезде таза қазақ телевидениесінің дәурені жүрді десек те болады. «Ұят болмасын» бағдарламасы ел күтетін, көп оқырман жинайтын, рейтинг көтеретін бірегей бағдарламаға айналды. Ондағы ауылдың алты ауызы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қарапайы өмірдің бейнесісынды жылы еді. Кейіннен «Біздің көшенің тұрғындары», «Ән менен әнші» сынды бағдарламалар да көбейді. Бұл өз кезегінде қазақ шоу-бизнесін кеңінен танытуға жол ашты және «Қымызхана» сынды бағдарламалар ұлттық болмыс пен қатар астарлы, қазақы әзілді қоса алып жүрді.
Ұлттық болмысымыз бен ұлттық мүддемізді тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерген азаматтар аз болмады. Мысалы Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасы бүтін бір ұлттың мәселесін көрсетті. Қазақ кино өнерінің қазынасына айналған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» т.б. киноларды түсіруге қолдау көрсеткенКамал Смайлов сияқты азаматтарды айтпай өте алмаймыз. Қазіргі телебағдарламаларды саралап қарасаңыз, шетелден сатып алынған, шетелдік өнімдердің көбейгенін байқау қиын емес. Мысалы рейтингі жоғары «Маска» бағдарламасы көпшіліктің көңілін көтергенімен телеарнаның өз өнімі емес.
Ойын-сауық бағдарлама болған күннің өзінде ана тілімізде анық, әрі жүйелі сөйлейтін, исі қазақ жатырқап жатсынбайтын бағдарламалар мен тв-театрларды жоғары да атап өттік. Жаһандану заманында өз ана тіліміздің нәрін жоғалтпай қазақ тележурналистикасында көрсету бәріміздіңпарызымыз. Болашақта еліміз тіл нормаларын дұрыс қолданбай, ой мен мәнді жеткізе алмайтын бейшара халде болмасын десек, бүгіннен бастап барлық арналардағы қазақ тілінің қолданысына мән берейік. Көбіне калькамен сөйлейтін, яғни орыс тілінен тікелей аударып, тілді бұрмалап сөйлейтін адамдарды арналардан да көріп жүрміз. Әйтеу «өз тілімізде» дегеннің жөні осы екен деп тілге деген немқұрайлықпен қарау мәңгүрттіктің көрінісі. Кезіндегі бағдарламаларда қазақтың болмысы қанық болғанын айтып өттік.
Өткен ғасырдағы ұрпақ ата-баба аманатын жеткізу үшін еңбек етсе, Тәуелсіздікке қолымыз жеткенде нардай-нардай тұлғалар қазақ телевизиясында еңбек сіңіріп кетті. Енді аманатты арқалап әдебиетте, ғылымда, журналистикада ана тіліміздің өрісін кеңейтуі керек. Жетпіс жылдық отарда тіліміз бен руханиятымыздың қабырғасы қайысуынан өзінің кім екенін білмейтін, тарихына меңірейе қарайтын мәңгүрт ұрпақ қалыптасты. Бұл расымен бүтін бір ұлттың қасіреті. Қазақы, әдемі,астарлы әзілдің орнына ажауалау мен масқаралықты рейтинг үшін телеарналарға шығару, мысалы «Бір болайық», «Кел келінім», «Қосылайық» т.б. бағдарламалардағы этикалық жауапкершіліктен жұрдай, мәдениетсіз әрекеттер мен анайы сөздердің көрініс табуы және сол дүниеге көрерменнің көбеюі жалпы ұлттық сауатсыздыққа, талғамсыздыққа алып келеді. Осыдан жаттанды дүниелерді қайталайтын, өзінің руханиятына да, тарихына да, түкіргені бар білімсіз адамдар көбейеді. Ойын-сауық бағдарламалардың да өз орны бар. Қоғамдық пікір қалыптастыруда үлкен әсері болғандықтан БАҚ қызметкерлері бұл мәселеде бейжай қалмай, үлкен жауапкершілікпен қарай білуі керек. Себебі телеарналардағы болмыселдің ойын қалыптастырып, мәдениеттің қозғаушы күшіне айналады.