Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде бірінші «Білім мекемелерінің 2023 – 2024 жылдардағы жаң оқу жылына дайындығы туралы» мәселе қаралды.
Аталған мәселеге байланысты аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж. Мұсахметов баяндама жасады. Білім бөліміне қарасты 27 мектеп бар. Мектептердің жобалық қуаттылығына сәйкес орын саны 13753. Мектепке орын тапшылығы жоқ. Жаңа 2023-2024 оқу жылына 1 сыныпқа келетін болжамды 828 бала, қазіргі таңда 860 өтініш қабылданған. Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы 92,6 пайызға аяқталды. Қазіргі таңда 2 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы білім бөліміне қарасты 46 білім беру ұйымдары бар. Олардың 8 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 25-і көмірмен, 5-уі сұйық отынмен жылытылса, 3-уі табиғи газ жүйесіне қосылған. Қатты отын 10 тамызға дейін толық тасымалданса, сұйық отын сатып алынған. Табиғи газбен қамтамасыз ету үшін «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен екі жақты келісім шарттар жасалынған.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 1-30 тамыз аралығында өткізіледі. Жекелеген санаттағы отбасыларға жалпыға бірдей міндетті оқу қор шығындары есебінен (1 балаға 40567 тенге) қаржы аударылатын болады.
Күн тәртібіндегі мәселелердің толық зерделенбеуіне орай келесі аптада білім бөлімі қайта баяндама жасайды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Досбол ауылдық округі әкімі аппаратының Ережесіне сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарының зерделеу қорытындысы туралы» аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы З. Сейдалиев хабарлама жасады.
Ағымдағы жылдың 2 тамызы күні арнайы жадынамаға сәйкес 15 тармақ бойынша Досбол ауылдық округіне зерделеу жүргізілген. Хабарламашы атқарылған және атқарылуға тиісті жұмыстармен қатар, анықталған бірқатар кемшіліктерді айтып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәкен Үмбетұлы сала басшылары мен жауапты мамандарды тыңдап, анықталған бірқатар кемшіліктерді қалыпқа келтіруді тапсырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі