Жуырда белгілі журналист, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ел анасы Сәуле Мешітбайқызы дәстүрлі «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында Батыс Қазақстан облысында болды.
Ақ Жайыққа ат арытып келген мейманды Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы қабылдап, өңірдің бүгінгі ахуалынан, ел-жұрттың тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Сәуле Мешітбайқызы халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Ел- Ана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен экспедициясының биыл «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» деген атаумен жалғасын тапқанын айтты. Осы ретте бұл жорықтың мақсат-міндетіне тоқталып, облыстың кәсіпкерлік саласының даму бағыттарына да назар аударды.
Әкім мен журналист қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-пікірлерін де ортаға салды. Қаламы арқылы халық пен биліктің арасына алтын көпір салып жүрген танымал журналист, ел анасы әдеттегідей қазақ баспасөзінің де қамын күйттеп, рухани нәр беретін газет-журналдарға оқырманның дұрыс көзқарасын қалыптастыру жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ жуырда «Qazaqstan dauiri» басылымы редакциясының бастамасымен жарыққа шыққан «Намыс қайрағы» және «Ұлт шырағы» атты қос кітапты өңір басшысына тарту етті.
Өңірдегі игі істер
Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбековпен, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшековпен жүздесіп, экспедиция шеңберінде облыс аумағында және шаһарда атқарылған игі істермен танысты. Бұдан әрі «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетімен және «Мөлдір бұлақ» балалар журналымен ынтымақтастық байланысы бар батысқазақстандық өлкетанушы ғалым, журналист, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллинмен жүздесуге де уақыт тауып, аталмыш орталықта болды. Балалар тақырыбында айтарлары жеткілікті қалам иелері өзара тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, Сәуле Мешітбайқызына «DANA» орталығының балаларға арналған «Жетпіс палуан» атты жаңа кітабы ұнады. Ұялы телефонға құштар бүгінгі заманның бүлдіршіндерін тәрбиелеуге бағытталған көрнекі дүние ерекше назар аудартты.
Сәуле Мешітбайқызы жолай облыстың Бәйтерек ауданына аялдап, аудан әкімі Марат Тоқжановтың қабылдауында болып, қазыналы елдімекеннің бүгінгі тынысына қанықты. Аудан басшысы Бәйтеректе атқарылған оңды істерді жария етіп, экспедиция өкілдері назар аударатын кәсіпкерлік саласының дамуына да тоқталды.
– Агроөнеркәсіптік кешен экономиканы тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағытымыздың бірі ретінде айқындалған. Бірінші кезекте астық өндірісін дамыту, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, жылыжай шаруашылықтары мен көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асылтұқымды мал сатып алу, кооперативтер құру сынды жұмыстар басымдыққа ие. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу» деректерінің базасында аудан бойынша 34 ауылшаруашылық өндірістік кооператив тіркелген. Бүгінде 28 кооператив өз жұмыстарын жалғастыруда, – деді Марат Лұқпанұлы. Сондай-ақ егін орағы, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, асылтұқымды мал өсіру сынды жұмыстарға да тоқталып, 2022-2024 жылдары іске қосылатын ірі инвестициялық жобалардан да хабардар етті.
Аудан әкімі М.Тоқжанов кәсіпкер азаматтардың, меценаттардың қайырымдылығын, туған ауылдарын өркендету бағытында жасап жатқан жұмыстарын мақтанышпен атап өтті. Соның ішінде Сәуле Мешітбайқызы бұған дейін де ат басын бұрған «Атамекен» ауылының өркендеу үстінде екенін жеткізді. Ірі меценат Қайыржан Киргенев ауқымды қаражатқа «Атамекен» ауылына балалар ойын алаңы мен спорт алаңын салып, жаяу жүргіншілер жолын асфальттап беріпті.
Ауданның ахуалын, жасалған игі істерді аудан басшысы Марат Лұқпанұлының өз аузынан естіген журналист Сәуле Мешітбайқызы кездесу барысында халық пен биліктің ортасындағы дәнекерге айналған қазақ баспасөзіне ел-жұрттың көзқарасы туралы да сөз қозғады. Сондай-ақ жуырда «Qazaqstan dauiri» басылымы редакциясының бастамасымен жарыққа шыққан қос жаңа кітап аудан басшысының да жеке кітапханасына берілді.