Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Тарихы терең Ақжайық, Тақсай ханшайымы» атты көрме ашылды.
Осы көрмеден орын алған Батыс өлкесінің жауһары саналатын Тақсай ханшайымы Түркістан облысына тапсырылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Тақсай ханшайымының көшірмесін дайындап, орталыққа өткізуді жоспарлаған болатын.
— Екі өңірдің музейлері арасындағы ынтымақтастықты арттыру, өзара байланысты нығайтуға ықпал ететін аталмыш көрменің салтанатты ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, лента қию рәсімін өткіздік. Тақсай ханшайымы — біздің облысымызға қарасты Теректі ауданы Тақсай оба-кешенінен табылған б.д.д IV-VIғ. ежелгі сармат кезеңіне жататын жәдігер. Елімізде табылған төрт алтын адамның бірі жас ұрпаққа мақтан етерліктей кеңінен насихатталады деген сенімдеміз, — дейді БҚО мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсентегі.