АҚШ-тың айбарынан Иран имене ме?

АҚШ-тың айбарынан Иран имене ме?

Болжауы жоқ бұлаң дүниеде, ендігі соғыс өрті Таяу Шығыста қайта тұтана ма деген қауіп күн санап өршіп келеді. АҚШ-тың әскери кемелері Иранға жақын аумақтарға келіп жеткендігінен барлығымыз хабардар болдық. Трамп осылайша қару-жарағын жалаңдата отырып, Иран билігін дегеніне көндіріп алуды көздеп отырғанын айдай әлемге паш еткендей болды. Ол сонымен қатар ақпараттық шабуылды да үдетіп жатыр. Мәселен, 28 қаңтар күні «Иран ядролық келісімге келуі керек. Егер олар мұны жасамаса, келесі соққы алдыңғысынан әлеқайда ауыр болады», – деп салды. Содан бірер күн өте салысымен «Біз Иранмен өте маңызды мәселелер бойынша сөйлесіп жатырмыз. Не болатынын жақын арада көреміз», – деді. Оның бұл айтқандары дипломатиялық мәмілеге келуге әлі де орайың бар дегені еді. Уақыт жылжып 1 ақпанға ауысқанда Трекең журналистердің «соғыс бола ма?» деген сұрағына қарата «Мен соғыс бастағым келмейді. Бірақ Иранға ядролық қаруға ие болуға ешқашан рұқсат бермейміз», – деді қатаң түрде. Ал 2 ақпан күнгі пікірінде Ақ үй басшысы «Иранмен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл мәселенің соғыспен емес, келісіммен шешілгенін қалаймын», – деді байыпты түрде. Соңғы мәліметтер бойынша тараптар алдағы жұма күні Ыстамбұл қаласында кездесіп, келіссөздер жүргізетін болды.

Қарап отырсаңыздар, АҚШ-тың Тегеранды тізеге сала отырып, дегеніне көндіруге кіріскендігін байқау қиын емес. Ал бұл құқайға Иран билігі бір жол да көне қоймайтын секілді. Кешеден бері таралып жатқан ақпараттарға көз жүгіртсек, Тегеранның өзінен таралып жатқан ақпараттар алуантүрлі болып отыр. Осыған дейін Рейтер агенттігі ирандық шенеуніктің: «Келіссөздерді қайта бастау үшін Иран уранды байыту мәселесінде икемділік танытуға, соның ішінде 400 келі байытылған уранды тапсыруға дайын», – деген сөзін таратып еді. Алайда 2 ақпанда Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесі хатшылығының сыртқы саясат жөніндегі хатшысының орынбасары Әли Багери Қани Иранның байытылған ядролық материалды басқа елдерге беру ниеті жоқ екенін және алдағы келіссөздерде мұндай мәселені талқыламайтынын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрі Аркачи жақында АҚШ БАҚ-тарына берген сұхбатында: «Егер Иран уранды бейбіт мақсатта байыту қызметін жалғастыра алса, кез келген уақытта келіссөздер жүргізуге болады және біз жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз», – деп мәлімдеді.

Дегенмен АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас әскери қақтығыстың алдында тұрғандығы анық. Соған қоса дипломатиялық серпіліс белгілері де жоқ емес. Екі тарап та келіссөздер өткізуге ниетті екендіктерін ашық айтып жатыр. Алайда бір реттік келіссөзден мардымды нәтиже шыға қоймайтыны анық. Өз кезегінде Тегеран тарапы Вашингтоннан Иранға қаратылған сан жылдық санкцияларды алып тастауды, уранды бейбіт мақсаттар үшін байыту ісіне кедергі болмауды және аймақтық ықпалы мен зымыран бағдарламасын кез келген келісімге араластырмауды сұрап отыр. Ал АҚШ болса бұдан былай уран байытуды тоқтатуды, зымырандарды шектеуді және одақтастарды әскери қару-жарақтармен қолдауды тоқтатуды талап ететін «үштік стратегиясын» ұсынып отыр. Мұндағы «одақтастарды әскери қару-жарақтармен қолдау» дегені Ресейге беріп келе жатқан ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңзеп отырса керек.

Сарапшылар екі арада соғыс бола қалса, АҚШ-тың қысқа мерзімдік соғысты таңдайтындығын көбірек айтып жатыр. Яғни Таяу Шығысқа келіп тұмсығын тіреген әскери кемелер мен ұшақтарын іске қоса отырып, Иранның әскери базаларын нысаналы түрде атқылап жоюды көздейді дейді. Ал құрлық әскерлерін жұмылдыра отырып, ұзақ мерзімді соғысқа кірісу АҚШ-қа тиімді емес көрінеді. Егер мұндай жағдай туа қалса, АҚШ-қа бағытталатын шабуылдар аймақтың әр жерінен жасалып, экономикалық және әскери шығындарға бастайтындай. Өйткені Иранды қолдайтын қарулы топтар мен ұйымдар мұндайда қарап жатпайтыны айдан анық.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455