АҚТАУДАҒЫ АЛТЫҚҰЛАШ ӘУЛИЕ (Бар әулие – бір әулие)

АҚТАУДАҒЫ АЛТЫҚҰЛАШ ӘУЛИЕ (Бар әулие – бір әулие)

Ақтау қаласының нақ ортасында Алтықұлаш әулие жатыр. Оның тарихын әркім әртүрлі айтады. Алайда ақиқат біреу: бұл жер – киелі, қасиетті қорым. Уақыт өте келе аңызға да, ақиқатқа да айналған бұл мекен Ақтаудың рухани өзегінің бірі болып отыр.

Кеңес империясы тұсында осы қорымды қаланың ортасынан көшіруге талай әрекет жасалды. Түрлі қысым, сан алуан айла-шарғы да болғаны белгілі. Бірақ әулие өз кереметін көрсетті – сүріп тастауға ешкімнің дәті жетпеді. Сол кезеңдерден бері ел аузында тағылымды әңгімелер, ғибратты сөздер сақталып қалды. Алтықұлаш әулиені сағалап, құрмет тұтып, марқұм Сайын Шапағат бастаған «Парасат» қоғамдық қозғалысының жетекшілігімен шағын мешіт салынды, кейін бүгінгі «Шопан ата» мешіті тұрғызылды. Бұл – халықтың әулие рухына деген ықыласының, сенімінің айқын көрінісі. Сол Алтықұлаш әулиенің құрметінен болар, теңіз ішінде қанша жер сілкінісі болса да, түрлі саяси кезеңдер мен алмағайып замандарда да Ақтаудың ізі аманшылықпен тарап, жақсылыққа жақын жүріп келеді. Қала өсіп, өркендеп, көркейіп келеді. Мұның бәрін ел ішіндегі көп адам әулие рухымен байланыстырады.

Бұл мәселені кезінде Сәуле Мешітбайқызы апамыз «Qazaqstan dauiri» газетінде бірнеше мәрте көтеріп, дабыл қақты. (Бұл туралы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ «Қараусыз қалған Алты құлаш әулие» атты мақаласын «Қазақстан ZAMAN» газетінде (№24 саны 2017 жыл) жариялаған болатын. Төменде сайттағы сілтемесін де қоса беріп отырмыз: https://www.elana.kz/68898569866688-2/ ).

Өзге де ел жанашыр азаматтар бұл жайында айтып келеді. Біз өзіміз дәстүрлі дінді, салт-дәстүрді, рухани сабақтастықты жастарға аманат, өсиет етеміз дейміз. Бірақ сол сөзіміз ісімізбен қабысып жүр ме – бұл ойланатын мәселе. Қаланың қақ ортасындағы осындай әулиелі қорымды барынша құрметтеп, келушілерге жағдай жасап, оқушылар мен жастарға тағылымды үлгі етуіміздің орнына, оны қараусыз қалдырып отырғанымыз жүрекке ауыр тиеді. Халық ол жерді әулиелі орын деп таныса, әулие өз кереметін көрсетсе, қалған тарихи-танымдық деректер де уақыт өте өз жолымен жазылары анық.

Ару қала Ақтаудың сәулеті мен сымбатына сай, Алтықұлаш әулиеге лайық мазар тұрғызып, оның айналасын ретке келтіру – рухани жауапкершілік әрі елдік міндет. Әулиелердің атындағы мешіттер ең алдымен сол әулиелердің өз рухын, қорымын қамқорлаудан басталуы керек. Себебі бір әулие қорланса – бар әулие қорланады. Алланың достарының рухы да, қуанышы да, қайғысы да бірге. Алтықұлаш әулиеге жиі барамын. Әр барған сайын өзіміздің пендешілік немқұрайдылығымызға жүрегім ауырады. Кім біледі, осы Алтықұлаш әулиенің құрметінен қала тұрғындарын Құдай жаманшылықтан қорғап, жақсылыққа бөлеп тұрған да болар.

Мүмкін, бүгінгі билік өкілдері мен ел жанашыр азаматтары бұл мәселенің күрмеуін іштей таразылап, оны шешу жолында нақты іске кірісіп жүрген де болар. Егер солай болса, біз тек тілектеспіз, қуаныштымыз. Себебі әулиеге жасалған құрмет – халықтың рухына, қаланың амандығына, ұрпақтың болашағына жасалған игілік.

Алла жар бола гөр. Бабалар рухы разы болсын. Қадірін білмей жүрсек, кешірсін!..

 

Сабыр АДАЙ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Ақтау қаласы

06.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455