Жаңаөзеннен басталған наразылық Ақтөбе облысында да жалғасқан болатын. Бүгінде облыста ахуал тұрақтанды. Өңір қалыпты тіршілігіне қайта оралып жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин селекторлық жиын өткізіп, аймақтағы жағдай туралы айтты.
– Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес қазіргі біздің міндетіміз – облыстағы жағдайды тұрақтандыру, терроризмге қарсы жұмыстарды жалғастыру, тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда өңірде коменданттық сағат енгізілді. Тәртіп бұзған бірқатар жерлестеріміз ұсталды. Алаңға шығып, заң бұзған азаматтар тергеу барысында қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылатын болады. Сондықтан қала аумағында да, аудандарда да қауіпсіздік шараларын сақтауда жан-жақты жұмыстар жүргізуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Бүгінде облыс бйоынша 9 блок-бекет орнатылған. Жанармай бекеттері де қалыпты жұмыс жасап жатыр. Сұйылтыған газ бағасы 50-55 теңге болса, бензиннің орташа бағасы – 175 теңге. Облыстағы жанар-жағармайдың қоры жеткілікті.
Облыстағы ахуал туралы баспасөз мәслихатын өткізген аймақ басшысы
Оңдасын Оразалин алаңға жиналған адамдардың облыс әкімдігінің ғимаратын талқандағанын, оргтехниканың біразының ұрланып, жиһаздар, есік-терезелер сындырылып, бүлдірілгенін айтты. Наразылық білдірушілер әуежайға кіріп алып, барлық жұмысын тоқтатқаны да белгілі. Бірнеше әуе рейсі тоқтап қалды. Бүгінде ішінара әуе рейстері қалпына келтірілді.
Қалада болған тәртіпсіздіктер салдарынан 14 полицей зардап шеккен. Оның екеуі бүгінде ауруханада жатыр. Жедел жәрдем медициналық ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапановтың айтуынша, аталған ауруханаға медициналық көмек алуға 50-ден астам адам жүгінген. Оның 15-і ауруханаға жатқызылған. Олардың қатарында әскерилер мен полиция қызметкерлері бар.
Жарақат алып, ауруханаға жатқызылған науқастарға көмектесу мақсатында ақтөбелік теміржолшылар қан тапсырып жатыр.
«Біздің ұжым төтенше жағдай кезінде бейжай қарап отыра алмады. Өз ішімізден осындай акция ұйымдастырдық. Елдегі болған оқиға кезінде жарақат алғандарға қолдау көрсету мақсатында донор болуға шешім қабылдадық», – дейді «Қазақстан Теміржолы Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс филиалының қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасов.
Өңірдегі «Қазпошта» бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Ал ақтөбелік кәсіпкерлерден «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының call-орталығына 20-ға жуық өтініш келіп түскен. Өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Рахат Тәжібаевтың айтуынша, кәсіпкерлердің негізгі мәселесі — интернеттің жоқтығы. Бұл жалпы бизнестің жұмысын қиындатып отыр. Сондай-ақ форс-мажор жағдайының басталуы туралы куәлікті алу, шекара маңындағы облыстарға блок-бекеттер арқылы өту, коменданттық сағат кезінде жедел жеткізу қызметтері, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтеру, интернеттің болмауына байланысты несиелерді төлеу, тұрғындардың өзге де мәселелері бойынша көптеген қоңыраулар түсіп жатыр екен.Оның айтуынша, Ақтөбеде өзге облыстардағыдай мародерлық-вандализмдік фактілер тіркелген жоқ.
Облыста түнгі 22.00-ден бастап таңғы сағат 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, өңірдегі жағдай полицияның толық бақылауында.
– Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 115 азамат жеткізілді, оның 83 әкімшілік жауапкершілікке тартылды (30 қамауға алынды, 9 айыппұл, 20 ескертілді). Сонымен қатар қазіргі уақытта 3 адам қамауға алынды, 4 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып, сотқа дейін тергеу жалғасуда. Сонымен бірге Ақтөбе қаласының және аудан орталықтарының шыға берісінде 10 блок-бекет орнатылды. 3 блок-бекет Ақтөбе қаласында орналасқан, қалғандары аудандарда, олар тәулік бойы қызмет атқарады. Блок-бекеттерде полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері қызмет атқаруда, олар облыс және аудан орталықтарынан кіріп немесе шығып жатқан автокөліктерді тексереді. Мысалы, 10 қаңтар күні блок-бекетте 40 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Ваз-2140» автокөлігі тоқтатылды. Автокөлікте жүргізушінің танысының қолында 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтың 2 бірлігі болған. Аталған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ол.