Жуырда ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі ақын, көрнекті жазушы Рафаэль Ниязбековтің 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті. «Ақ семсер ақын» тақырыбында өткен кеш кітапхана директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының құттықтау сөзімен ашылды. Іс-шараны танымал ақын, профессор, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Еске алу кешіне ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Отарбаев Мәлік Нұржанұлы арнайы келіп, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың құттықтау хаты мен ақынның жары Гүлжан Мұхамадиеваға Алғыс хатын табыс етті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Оралов Асхат Раздықұлының құттықтау хаты да табысталды. Ақынның рухына тағзым ету қала, облыс деңгейінде де жоғары дәрежеде жүзеге асырылып жатқанының жанды көрінісі сол өңірлерден жеткен құттықтау хаттар еді. Ақ семсер ақынның алдаспан рухын еске алып, әдебиетте сіңірген еңбектерін жіпке тізген Алғыс хаттар Алматы облысы әкімдігінен, қаламгердің туған өлкесі Жамбыл облысы әкімдігінен де келді. Кеш барысында ақынның үзеңгілес достары, әдебиеттегі іні-қарындастары сөз алып, қаламгер жайлы ғибратты әңгімелерді тереңнен толғады. Кеш қонақтары әдебиет және мәдениет саласының белгілі қайраткерлері Рафаэль ақынның мол мұрасын жіліктеп, бір төбе етіп айрықша атады. Кеш соңында Алматы қаласы №156 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушылары Әлинұр Шайхатхан мен Айғаным Жұмашева ұстаздары Наргиза Айсарованың жетелеуімен ақынның өлеңдерін түйдектете жатқа оқыса, аталмыш мектептің 7-сынып оқушылары Кәусар Қайрат пен Кәусар Мақсатқызы мұғалімдері Ғалия Шондыбаеваның дайындауымен шайырдың отты өлеңдерін тыңдаушыларының назарына ұсынды.