Биыл 115 жасқа толғандығы аталып өтіп жатқан ақын, аудармашы, Жамбыл Жабаевтың хатшысы қызметін атқарған, қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келіп, қазақ поэзиясының қалыптасуына ерекше үлес қосқан қарымды қаламгерлердің бірі – Ғали Ормановтың бюсті орнын таппай тұр.
Мән-жайды анықтау үшін әңгімені әріден бастасақ деп отырмыз. Біздің білуімізше, Астана қаласындағы №7 мектеп-гимназиясына Ғали Ормановтың аты берілген. Содан кейін бұрынғы қала әкімі Бақыт Сұлтанов мектеп алдына бюст орнату туралы мәселені бекітіп, оны қалалық Білім басқармасы да растаған. Ал бұл мәселе кейіннен сиырқұйымшақтанып кеткен.
Ақынның жиені Айдар Қырықбайұлы:
– Елорда мектептерінің біріне Ғ.Ормановтың есімі берілген. 2007 жылдан бері аталған мектептің алдына бюст орнату мәселесі көтеріліп келеді. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов болғанда бюджеттен Ғали Ормановтың бюстін орнату мәселесі бекітілген де болатын. Өкінішке қарай, қаржысы да, бюст те жоқ болып кетті. Осы мәселені қазіргі Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов назарына алса екен, – дейді.
Мектеп алдына ақынның бюстін қою жөнінде 2019 жылы Білім басқармасының экс-басшысы Әнуар Жанғозин Facebook әлеуметтік желісінде мектепке есімі берілген тұлғаға арналған мүсінді орнатуға 2020 жылы қаржы бөлінетіндігін хабарлаған екен. Алайда аттай екі жыл өтсе де Ғали Ормановтың бюстін орнату былай тұрсын, сол туралы ақпарат та жарыққа шықпаған. Бұл да біз үшін түсініксіз жағдай. Астананың төріндегі ақын атындағы мектепке ескерткіш мүсін емес, тіпті бюст қоя алмау, «қоямыз» деп ақпарат берген соң, екі жыл ішінде оны орындай алмау – еліміздің астанасы үшін ұятты шаруа. Әкім Алтай Көлгінов осы мәселеге назар аударып, істі соңына дейін жеткізсе дейміз. Ертең-ақ қарыштап дамып, алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып кететіндей күй кешеміз. Бірақ бір бұрыштан сығалап, шенеуніктердің орындалмай қалған уәделері қылтияды да тұрады. Сол қылтиғандар қаптаса, Әділетті Қазақстанға кім сенеді? Келмеске кеткендердің алдында уәдесін орындай алмағандар болашақ алдында не істей алады?