Денсаулықты жақсартып, материалдық байлықты арттырудың, еліміздің күш-қуатын көтерудің бір жолы – салауатты өмір сүру. Алкогольдің денсаулыққа зиянды екенін жұртшылықтың бәрі біледі. Сөйте тұра біздің қоғамда көптеген адамдар бұған көп мән беріп ойланбайды. Бір саптыаяқ сыра немесе бір стақан арақты ішкеннен ештеңе болмас деп, көбінесе жұмыс күнінен кейін ішу әдетке айналады. Алайда бұл денсаулыққа кәдімгідей зиянын тигізеді. Біз әрқашан алкогольді ішудің қауіп-қатері жайлы ойламаймыз, құрамына назар аудармаймыз, алкогольдің қандай түрін қолданатынымызды білмейміз. Барлық алкогольдік сусындардың, оның ішінде сыра, шарап, сусын түрінің бәрінде этанол бар екенін білген жөн.
Суррогат алкоголінің құрамындағы метил спирті өте қауіпті, ол өлімге әкеп соқтырады. Жалған арақтың құрамында өндіруші көрсетпейтін зиянды қоспалар болады. Сапасыз алкогольді тіпті аз мөлшерде ішу улану мен органдарды зақымдайды. Және оның салдары ауыр болады. Арақты жиі тұтынған адам алкогольге тәуелділікке апарып, денсаулығына кері әсер етеді. Миды, бауырды, бүйрек және басқа мүшелерді зақымдап, зиян келтіреді. Психикасы мен мінез-құлықтары өзгереді. Алкогольді жиі қабылдайтын адамдар ішімдікті жүйелі қолдану маскүнемдікке – өте ауыр ауруға әкелетіні туралы тіпті ойламайды.
Маскүнемдер көбінесе адамдық түр-әлпетін жоғалтады. Оларға айналасында не болып жатса да бәрібір. Маскүнемдердің қылықтарынан туған-туыстары, балалары, жұбайлары, көршілеріне шейін зардап көреді. Алкогольді үнемі қабылдаудың кесірінен адам ағзасы зорығып, аяғы мүгедектікке немесе өлімге әкеледі. Әсіресе күн суықта, қыс мезгілінде ішімдіктің әсерінен жол-көлік оқиғалары, жарақат алу, үсік шалу жиі болады.
Маскүнемдік адамдардың денсаулығын бұзып, отбасының шаңырағын шайқалтады. Адамды әл-қуатынан, ерік-жігерінен айырады. Берілген жұмысқа салдыр-салақ қарап, жұмысқа себепсіз кешігуге және апатқа ұшырауға себепші болады.
Арақтың зияны төмендегідей:
- жүрек-қантамыр жүйесін құртады;
- бұлыңғыр сана – реакциялар мен ойлау төмендейді;
- алкогольді қабылдағанда қалпына келмейтін бірнеше мың ми жасушалары жойылады;
- созылмалы аурулардың дамуы – кейінірек созылмалы ауруларға әкелетін әлсіздік, психикалық және физикалық белсенділік төмендейді;
- нашар тұқым қуалаушылық – психикалық кемістігі бар және туа біткен кемістігі бар балалардың 90%-ы ішімдік ішетін адамдардан туады.
- әдепсіз мінез-құлық – бақыланбайтын агрессия, ашулану және басқа да жағымсыз әрекеттерге байсалды адам ешқашан жол бермейтін әрекеттерге барады;
- бюджеттегі саңылау – алкоголь бағасы жоғары және тұрақты қаржылық шығындарды талап етеді, ал маскүнемдердің негізінен жұмыссыз екенін ескерсек, олар қаржыны ұрлық, тонау және түрмеге апаратын басқа да заңсыз әрекеттер арқылы алады.
Арақ-шараптан адамға келетін зияндылығын есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адам отбасында бақытсыз, қызметінде абыройсыз, ағайын, көрші-қолаңға қадірсіз болады. Содан түрлі ауруларға да шалдыққыш келмек. Алкоголь «нервтің уы» деп бекер айтпаса керек. Ішкілік организмге өте тез жайылады да, орталық нерв жүйесін улап, оның қоректену процесін құртады. Әсіресе емшекте баласы бар әйелдердің маскүнемдігі өте ауыр. Оларға арақ түгіл, сыра ішуге де болмайды. Себебі ана сүтімен нәрестенің организміне енген алкоголь баланың тыныштығын бұзып, ұйқысын нашарлатады, ақыл-есінің жетілуіне зиянын тигізеді.
Өмір өлшемі – салауаттық, салауаттық – өмір заңы. Салауатты өмір сүрмейінше, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен де айналысуға мүмкіндік бар. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, сезіміңе әдемі түйсік алады емес пе? Одан өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі. Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу – адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.
Негізі, адам ішкілікке үйір болып туылмайды, маскүнемдік тұқым қуаламайды. Оған үйір қылатын – той-томалақ, жиі бас қосу, дастарқан басындағы отырыстар, ырду-дырду араласқан адамдар, жүрген ортасы. Міне, осындай қиын жолға түскен адамға дұрыс жол нұсқайтын ақылшы да шын жанашыр жан қажет-ақ. Ішімдіктің кесірінен маскүнемнің ішкі дүниесінде болып жатқан дағдарыстарды, өміріндегі сәтсіздіктерді көріп, түсіндіре білетін психолог мамандар жұмыс жасауы керек.