Әрбір қазақ өз тілін білсін!

Әрбір қазақ өз тілін білсін!

«Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл» (Қ.Мырза Әли) Тіл туралы сөз қозғағанда: «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» – деген ақынның өлең жолдары еріксіз ойға оралғанда, тілге деген құрметің артады екен. Иә, менің ана тілім – қазақ тілі. Қазақ тілін бай, оралымды, кең даламдай дарқан, көрікті көркем тіл деп айта аламын. Оның себебі де бар. Өйткені, менің тілім – Абай, Мұхтар, Махамбет, Мағжан сынды ұлы бабаларымыздың тілі. Ұлтымыздың болашағын ойлаған әрбір қазақ баласы өз тілін, ділін құрметтеуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, ұлтымыздың болашағы да осы біздің ана тіліміз арқылы дамымақ, өркендемек. Өйткені, «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дегенді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз текке айтпаған. Осындай зиялы, заңғар тұлғаларымыз қиын-қыстау заманда өмір сүре жүріп, өз тілінің жоғалып кетпеуіне зор ықпал жасаған, өз бастарын қатерге тіккен, елінің тәуелсіздігі мен еркіндігін армандаған. Ендеше, тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүре тұрып, өз тілімізді білмеу, қадірлемеу өткен тарихымызға, ұлтымызға деген қастандық дер едім. Сондықтан біз, болашақ жеткіншектер, өз тіліміздің бағасын түсірмеуіміз керек. Арзан сөздерді қолданып, орынсыз «жаргон» сөздерді қалай болса солай айтпағанымыз жөн. Әсіресе, ұялы телефонмен хабарлама жазғанда өте көп сауатсыздыққа куә боламыз. Мұнымыз мынау, жазу-сызуы былай тұрсын, жаңа техниканың қанат жайған заманында соншалық төмен дәрежеге түсіп бара жатқанымызды көрсетеді. Сөзімнің дәлелі ретінде айтар болсам, ғаламтор желілеріндегі «Тикток», «Инстаграм» т.б. парақшаларға керексіз дүниелер салып немесе көріп, арзан дүниелерге бас қатырғанша, қолға кітап алып, көрнекті шығармаларды оқыған әлдеқайда артық. Көп оқыған адамның тілі жаттығады, ойы бай болады, әрі грамматикасы түзеледі. Біз 5-сыныпта оқып жүргенде Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» шығармасын оқыдық. Сондағы ақынның анасы «Менің балам Авар тілін біле ме?» дегенде баласының өзге тілде сөйлейтінін естіген анасы қапаланып: «Онда ол менің балам емес, менің балам анасының сүтімен келген ана тілін ұмытпауы керек» деген сөзі маған үлкен әсер қалдырған еді. Тілге деген неткен сүйіспеншілік, неткен құрмет десеңізші! Шіркін, біздің жоғарыдағы нар тұлғалы, ел басқарып отырған аға-апаларымыздан бастап, қаз басқан сәбиімізге дейін ана тілінде сөйлесе, қасиетті тіліміздің мәртебесі биіктер еді-ау. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, бесіктен ана тіліне қанып өскен ұрпақтың өз еліне, өз тіліне деген құрметі де өзгеше болмақ. С.Торайғыров атамыздай «Туған тілім – бабам тілі, өз тілім» деп ұрандағым келеді. 

11.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14062
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12876
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16136
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15040
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20088