Қадірлі білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл алғаш рет ҚР Үкіметі қаулысымен еліміздегі Ұстаздар күні мерекесі 5 қазанға бекітілді. Бұл ұстаздарға деген құрметтің бір көрінісі деп білемін!
Ұлы Абай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігі баршаға белгілі. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Ұстаздық – ең асыл мамандық. Біз мұғалімдерді құрметтейміз, өйткені олар жоғары деңгейдегі тұлға. Елімізде ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие»,-деп атап өткен болатын.
Елімізде ұстаздардың мәртебесін арттыру, еңбегін жоғары бағалау, жыл сайын олардың жалақысын көтеру, біліктіліктерін арттыру және жұмыстарын жеңілдету шаралары қабылдануда.
Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздардың бүгінгі тәлімінде десек, Сіздер тәрбиелеген шәкірттер – мемлекетіміздің ертеңгі алтын діңгегі, мықты тұғыры болуы тиіс.
Облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан 40 мыңға жуық мұғалімге өз алғысымды білдіремін!
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Дені сау, ұлттық сана-сезімі биік, мәдениеті жоғары, парасатты азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.