Баспана мәселесі елімізде әлі күнге өзекті. Әлі күнге үй кезегінде тұрғандар саны жетерлік. Баспана мәселесін шешу үшін қаншама бағдарлама жасалды. Қаншама қаржы бөлінді. Сөйте тұра «Әттең тонның келтесі-ай» болып тұр. Баспанаға қатысты өзекті проблеманың бірі – арендалық тұрғын үй. Оның да жыры көп.
5 шілде күні Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған арендалық тұрғын үйді сатып алуға салынған тыйымның заңнамаға қайшы тұстарын реттеуді тапсырды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы мен тұрғын үй қатынастары туралы заң нормалары бойынша азаматтардың сұрақтары бар. Мысалы, мемлекеттік бағдарлама бойынша арендалық тұрғын үй алған адамдарға оны сатып алуға рұқсат берілмейді. Ал заң бойынша коммуналдық үйді сатып алуға тыйым салынбаған. Бұл жерде норма қайшылығы туындап тұрған жоқ па? Мәселе қалай шешіледі? – деп сұрақ қойды Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа. Өскенбаев бұл мәселені Парламент депутаттары да көтергенін атап өтті.
«Шынында да, халық арасында қазір осы мәселе көп талқыланып жатыр. 2017 жылға дейін біз жалға берілгенімен, сатып алуға рұқсат етілетін үйлерді салғанбыз. 2017 жылдан бастап жалға берілгенімен, сатылмайтын үйлерді салып бастадық. Қазір заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Жұмыс тобында депутаттар да осы мәселені көтерді. Соны талқылап, бір оң шешімге келеміз деп ойлап отырмыз. Заң талқыланғанда осы мәселені қарастырып, нақты шешім табуға тырысамыз», – деп жауап берді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Әлихан Смайылов министрге бұл мәселеде заңнама қайшылығы болмауы керектігін қатаң ескертті.