Елордада «Армандар орындалады» жобасы аясында «Армандар ағашы» акциясы басталды. Жобаның мақсаты – еліміздегі 3-14 жас аралығындағы ауруға шалдыққан бүлдіршіндердің арманын орындау. Жоба «Қазақстанның медициналық жастары» РҚБ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен былтыр 117 баланың арманы орындалған. Биыл «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» гранты аясында жоба ауқымы кеңейіп, еліміздің 17 аймағын қамтымақ. Жобаға мемлекет тарапынан 25 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жыл басынан бері 320 науқастан өтініш түскен. Ауыр науқасқа шалдыққан бүлдіршіндерге бала армандарын онлайн тіркеу мүмкіндігі де бар.
– Біз акцентті жазылмайтын онкологиялық ауруларға, ДЦП және даун ауруларға, түрлі спастикалық және паралитикалық аурулары бар науқастарға көңіл бөлеміз. Қосымша демеушілер мен меценаттарды, басқа да ерікті, қайырымды жандарды жобамызға тартып отырамыз, – дейді «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдірәш Абылайхан.