Мен Мұқан Мырзабай Нұрмаханұлы 29.08.1966 жылы дүниеге келгенмін. 1986 жылы желтоқсан айында отан алдындағы азаматтық әскери борышымды 2 жыл Ресей жерінде 1984-1986 жылдар аралығында атқарып, үйге қайтарылған кезім болатын. Алматы қаласында тұратын Сағила әпкем мен Раджан жездемнің үйіне сәлем бере кетпек болдым. Олар М. Горькии көшесі №59 үй 56 пәтерде тұратын.
Сағила әкпем мен жездем мені әбден қыдыртты. Ертесі күні әкпем мен жездем жұмысқа кетті, кешкісін екеуі де үйге келді бірақта бір түрлі үрейленіп кеткендей мазасыз болып көрінді маған…
Келесі күні Сағидула мен Сәкен ағам келіп қуана көрістік. Әлі есімде төмен қарай Саяхат автовокзалына келе жатқанбыз, алдымыздан топ-топ қазақтың жігіттері патриоттық өлең айтып алаңға шығайық, «Қазақ болсаңдар бізге қосылыңдар» деп дауыстап жатты. Қонаев атамыз қайтадан орнына тағайындалсын деген талап қояйық, әр елдің өзінің көсемі болу керек қой деп ұрандатып жатты. Ағаларым топқа ілесуді жөн көргенде қуанып кеттім, бізді ешкім үгіттеген жоқ, біз өз еркімізбен болып жатқан өзгерістерге үлесімізді қосқымыз келді. Жолшыбай топқа қосылғандардың саны арта берді, топтың ішіндегі жігіттермен әгімелесіп таныстым, бәріміз құрдас, замандас болып шықтық, топтың ішіндегілер зауытта, құрылыста жұмыс істейтін жастар еді, ішінде оқитын студенттер, сырттай оқитын студенттер де бар еді. Алматыны жақсы білмеймін, қасымдағы жігіт міне алаңға да жеттік деді, назар аударғанымда бірінші көзге түскені формадағы милиционерлер мен курсанттар еді, олар алаңнын шет жақтарын қоршап тұрды. Рубкамен жүрген адам мен қала прокуроры алаңға жиналуды доғарыңдар, үйлеріне тараңдар деп жатты. Алаңға жиналған азаматтар өздерінің талаптарын айтып жатты.
Жиналған халық «Д. Қонаев атамыздың өзі трибунаға шығып мен өз еркіммен кеттім деген сөзді өзінің аузыннан естиік» деп айтылған талаптар да аз болмады. Қас қарайып келе жатқан кез еді, кенет алаңға жиналған азаматтарды милиционерлер мен курсанттар арнайы дубинкалармен ұрып соғып жан-жақа пытырата қуа бастады, бір сәттің ішінде алаң у-шу қан майданға айналып кеткендей болды. Қыз ба, ұл ма, кәрі ме, жаспа, бөліп жатпады барлығын дубинкамен тоқпақтап арнайы көліктерге отырғызып алып кетіп жатты.
Алаңға жиналған халық, үкіметтің мұндай қатаң іс-әрекетке баратынын күтпеген еді, халық ары-бері жүгіріп қаша бастады, ішінде тойтарыс беріп жатқандар да болды. Мен ағаларымның артынан еріп келе жатқанмын, оң жақтан шыңғырған дауыс құлағыма жетті, жалт қарадым, көзім бір курсантқа түсті өзі денесі ірі екен түрін көрмедім маған арт жағымен тұрған бір қыршындай қыздың шашын ұстап сүйреп барады. Ойланбастан жүгіріп барып, тура бүйрегінен теуіп қалдым. Әлгі курсант сылқ етіп құлады, босаған қызға қаш деп айқайладым да, ағаларымнан ажырап қалмайын деп кері жүгіре жөнелдім. Сол кезде тобығымды шығарып алғанымды бірақ сездім. Ағаларыма аяғымды қайырып алдым деп өтірік айта салдым.
Бізді алып бара жатқан көлік жолда істен шықты ма, білмеймін әйтеуір тоқтап қалды, екі милиция жігіт көліктен сыртқа шығып, капотын ашып қарай бастағанда, іштен бір жігіт «қаштық» деп айқайлады, есіктердің барлығын іштен теуіп ашып жан-жаққа қаша жөнелдік, артымыздан қуғанға қорыққан болу керек, милиционерлер көлігінің қасында қала берді.
Сағидула ағам жеңіл көліктің шопырымен келісіп ол кісі бізді Меркі ауылына дейін алып келді, сонаң соң Жамбыл қаласына бара жатқан көлікке мініп ауылға да жеттік. Үлкен ағам көргенімізді, естігенімізді ешкімге айтпайық әзірше, уақыты келгенде бұл ақиқат бүкіл әлемге мәлім болар деді.
Міне қазір қаншама жылдар өтті, артымызда өсіп-өніп келе жатқан жастар, алаңда не болғанын болашақ ұрпаққа жеткізу парызым деп ойлаймын, ал қалған жазбалар мен ақпараттар архивте жеткілікті деп ойлаймын.