Мемлекеттің қауіпсіздігі тек заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен немесе сан мыңдаған сарбазбен ғана өлшенбейтіні анық. Сондықтан ел қорғанысын қамтамасыз ететін күштердің қатарында көзге түсе бермейтін, бірақ жауапкершілігі аса жоғары қызмет атқаратын сенімді көмекшілер деп қызметтік иттерді атауға болады. Өйткені қару қолданылмайтын, техника керек емес сәттерде иіс сезу қабілетімен, қырағылығымен және адалдығымен ерекшеленетін төрт аяқты осы бір жауынгерлер адам өмірін сақтап, қауіпті дер кезінде анықтауда үлкен рол ойнайтыны анық.
Қазақ жеті қазынасының біріне жатқызған бұл жануар – адамзаттың ең көне серігі екені де даусыз. Археологтардың пайымдауынша, адамдар иттерді шамамен 15–30 мың жыл бұрын қолға үйреткен. Содан бері ол тек үй жануары ғана емес, аңшылықта, мал бағуда, құтқару жұмыстарында және соғыс кезінде адамның сенімді серігіне айналды. «Иттің өзі иесіне адал» деген қазақы таным да осы адалдық пен қызметтің бағасын айқындаса керек.
Әрине, әлем тарихында иесіне деген адалдығымен мәңгі есте қалған иттер аз емес. Мәселен, Жапониядағы Хатиконың ескерткіші – адалдықтың символына айналса, Шотландиядағы Грейфрайарс Бобби, Ресейдегі ғарышқа ұшқан Лайкаға арналған ескерткіштер адамның төрт аяқты досына деген құрметінің белгісі. Сонымен қатар Еуропа мен АҚШ-та әскери және полиция иттеріне арналған мемориалдар орнатылған. Бұл ескерткіштер олардың тек жануар емес, қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет еткен серіктер екенін көрсетеді.
Әскери иттердің тарихы да тереңде жатыр. Ежелгі мемлекеттер оларды күзетке, барлауға және хабар жеткізуге пайдаланған. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарда мыңдаған ит жараланғандарды іздеп тапты, байланыс жеткізді, миналарды анықтады. Бүгінде олардың міндеті мен қажеттілігі тіпіт де арта түсті. Заманауи технологиялардың дамуына қарамастан, қызметтік иттердің ерекше иіс сезу қабілетін толық алмастыратын құрал әлі де жоқ. Сондықтан көптеген елдердің қарулы күштері мен құқық қорғау органдары кинологиялық қызметке ерекше көңіл бөледі.
Осы ретте Қазақстанда да әскери кинология жүйесі қарқынды дамып келеді. Ұлттық ұлан құрамындағы кинологиялық бөлімшелер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы іс-қимылға, жарылғыш және есірткі заттарын анықтауға, іздестіру-құтқару жұмыстарына белсенді қатысады. Әскери қызметші мен қызметтік иттің арасындағы үйлесімді әрекет көптеген операцияның сәтті аяқталуына ықпал етеді.
Жауынгердің жаужүрек серігі
Осы бағыттағы маңызды орталықтардың бірі – Алатауц қаласындағы Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің Кинология орталығы. Бұл – кинолог мамандарды даярлап қана қоймай, қызметтік иттерді өсіріп, арнайы бағыттар бойынша дайындайтын бірегей мекеме.
Соңғы екі жыл ішінде орталықта қызметтік мақсаттағы 60 күшік өсірілді. Жақын уақытта олардың басым бөлігі Ұлттық ұлан бөлімдеріне жіберіліп, жауынгерлік қызметке кіріседі. Мұнда негізінен неміс, бельгия және голланд овчаркалары өсіріледі. Былтыр алғаш рет голланд овчаркасынан төл алынып, қызметтік тұқым қорын кеңейтуге мүмкіндік жасалды.
Күшіктер туған күнінен бастап мамандардың бақылауында болады. Олар мінез-құлқы, батылдығы, төзімділігі мен жұмысқа бейімділігіне қарай мұқият іріктеледі. Алты айға толған соң әрқайсысының болашақ мамандануы анықталады. Бірі есірткі заттарын іздеуге бейімделсе, енді бірі жарылғыш заттарды анықтауға немесе патрульдік-іздестіру қызметіне дайындалады. Мұндай даярлық бірнеше айға созылып, кинолог пен иттің өзара сенімі мен түсіністігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Бұл дайындықтың нақты нәтижесі де бар. 2025 жылдың өзінде Ұлттық ұлан кинологтары 3500-ден астам қызметтік міндетті орындады. Қызметтік иттердің көмегімен 81 құқық бұзушы ұсталып, 210 келіден астам өсімдік және синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар 14 суық қару, 7 атыс қаруы анықталып, 17 хабар-ошарсыз кеткен адамның жүрген жері табылды. Бұл көрсеткіштер әскери кинологияның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты үлесін көрсетсе керек.
Қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйесінде әскери иттердің маңызы төмендеген жоқ, керісінше жаңа қауіп-қатерлер жағдайында арта түсті. Терроризм, заңсыз қару айналымы, есірткі тасымалы және қоғамдық қауіпсіздікке төнетін түрлі қатерлермен күресте олардың қызметі ерекше сұранысқа ие.
Сондықтан да әскери қызметкердің жанындағы қызметтік иттерді мақұлық ғана деп қабылдаудан гөрі оны сарбаздарымыздың серігі деп қабылдаған жөн. Себебі оның қырағылығы, сезімталдығы мен адалдығы талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан Кинология орталығында тәрбиеленген әрбір күшік – болашақта ел тыныштығын күзететін үнсіз жауынгер, ал олардың дайындығына салынған еңбек – Қазақстанның қауіпсіздігіне қосылған үлес деп бағалағанымыз абзал.
Елқуат Елтөре
















