Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын тікелей эфир арқылы барша ағайын тыңдады. Бұл жолдау - бұрынғы жоллаулардан өзгерек болғаны да рас. Бұл жолдау - сансыз сұрақтарға жауап таба алмай сансыраған халықтың үмітін ақтады. Келешекке деген іңкәр тілегін баптады. Содан да болар әлеуметтік желі арқылы қолдаушылар қаптады. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен айтылды.
Сол үшін де бүгінгі Жолдаудың мәні мен маңызы да айрықша. Арқалайтын жүгі де ауыр. Бұл жолдау бір жылмен шектелмек емес, өйткені ауқымы кең, мазмұны да терең. Қаншама жыл тоқырауға түскен шетін мәселелердің түйіні де тарқады. Шындықтың алмас қылышы жарқылдады. "Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" деген принцип жүзеге асты бастысы. Әсіресе ұлттық құндылықтардың өресі кеңейіп, алаш арыстарына ерекше құрмет көрсетілуі, үш бірдей облыстың қайта бой көтеруі - исі қазақтың рухын бір көтеріп тастағаны рас. Дінмұхамед Қонаев атамыздың Қапшағайға есімі берілетіні, киелі Семей өңірі ұлы Абайдың атымен аталуы - жастардың рухын оятатын жақсы бастама екені даусыз! Бұл жолдаудың тағы бір жеңісі: саяси партияларға жол ашылды. Демек еркіндік беріледі. Бұл қаншама жыл армандаған асу еді.... Тағы бір жаңалық, мемлекеттік басқару жүйесіне реформа жасалмақ. Бұл сыбайлас-жемқорлықтың түбіріне балта шабу деген сөз! Экономика жаңа бағытқа бет бұрмақ. Яғни, халықтың табысы еселеніп, қоғамның тынысы ашыла түспек! Үкіметке Президент тапсырмасына орай ауқымды жұмыстарды қолға алу тапсырылды. Қатаң қадағалау жүретіні қадап айтылды. Бұрын аты тасада қалып келген Димекеңнің есімі "жарыққа" шығуы жаңашылдық бастауы демей көр! Қарап отырсақ бір жолдауға мұның бәрі аз емес. Мемлекет басшысының: "Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.
Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру - менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл - анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.
Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар.
Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше облыс біріктірілді. Оның сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды.
Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа.
Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді.
Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды.
Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын.
Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру - экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.
Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған.
Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.
Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті - Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын" деді президент.
Бүгінгідей қиын кезеңде ұлттық мұраттарды асқақтату - ұлтқа жаны ашитын тұлғаларға ғана тән қасиет. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Қайтек керек? Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жайға да тоқталып өтті. Және халықтың еңсесін көтерер асқақ ойын да жасырмады. "Бұған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар.
Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл - біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы.
Соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті.
Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық "жасырын" ақша аударылымдарына байланысты болып отыр.
Сондықтан, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет.
Алдыңғы күні мен валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойдым.
Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс.
Банктердің осы талаптарды сақтауына қатаң бақылау жасаған жөн.
Нарықтағы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз «жаратуға» түрткі болмауға тиіс.
Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек.
Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор". Мемлекет басшысы бұл жолдауында қымбатшылықтың белең алуына қабырғасы қайысатынын да ашық айтты. Әрине түсінген жанға маңайымыздағы көршілеріміздің алауыздығы, қырғи-қабақ соғысы - елімізге экономикалық тұрғыдан әсер ететіні жасырын емес. Осыны айта келе:
Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды.
Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін.
Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады.
Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес.
Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс.
Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек.
Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн.
Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық.
Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек.
Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет" деді президент. Шындығына келсек, мұның бәрі көптің көкейіндегі күдік. Алдағы күніміз не болады деген қауіп еді... Оның да беті ашылғандай болды. Көңілдің көкжиегі кеңіп, алдағы күндерге деген жарқын үміттің еңсесі көтерілді. Әсіресе Мемлекет басшысының: жодаудағы жаңашылдыққа деген іңкәрлігі, ұлттық рухты оятуға деген талпынысы Қазақстан халқына ерекше серпін берді деп ойлаймын. Осындайда алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың: "Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын" деген жалынды сөзі ойға еріксіз оралады.
Бұл жолғы жолдау ескі мен жаңаның арасындағы күресте - жаңа идеялардың қара үзіп шыққанын көрдік. Сөзбен емес халыққа іспен, әрекетпен, турашылдықпен қызмет көрсетуге болатынын сезіндік. "Жақсы сөз - жарым ырыс" дейтін қазақ баласы, Ел Президентінің аузынан көпірме сөз емес, нысанаға тура тиетін салиқалы ойлар естіп қуаттанды. Президентің халықпен бірге екеніне, келешекте де халықтың мақсат-мүддесі жолында адал қызмет етеріне көпшілік қауым кәміл сенді
Жаңашылдыққа ұмтылған Мемлекет басшысының жаңа жолдауындағы жасампаз ойларымен мақаламды түйідемекпін.
Біздің мұратымыз - Жаңа Қазақстанды құру.
Жаңа Қазақстан дегеніміз - егемен еліміздің болашақтағы бейнесі.
Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз.
Біз ең басты құндылығымыз - Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз".