Елордамызда жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылып жатыр. Қазірге дейін бұл қаладағы жұмыстардың ауқымды бөлігі құрылыс саласымен қатысты болса, болашақта бұл қала өндіріс орталықтарының біріне айналуы да ғажап емес. Себебі уақыт талабы мен бизнестегі қажеттіліктер біртіндеп соған қарай әкеле жатыр. Қазір өз кәсібін бастап жатқан шағын кәсіпорындардың иелері алдағы уақытта керегелерін кеңейте түсетініне сеніміміз кәміл! Бұған мемлекеттің орта, шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып жатқан түрлі тиімді саясаттары үлкен қолдау болып тұр. Осындай ақжолтай жаңалықтардың бірін қала әкімінің жеке парақшасынан көзіміз шалды. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ашылатын кәсіпорындар жайлы мәлім етті.
«Қаланың дамуы үшін сол сияқты жеке инвестициялар да тартылуда. Биыл 30-ға жуық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 118 млрд теңгеден асады. 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Олар: өнеркәсіп, медицина, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы кәсіпорындар, білім беру саласындағы 5 нысан (мектептер, балабақшалар), логистика саласындағы 4 жоба, спорт кешендері және т.б. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен бірге №1 Индустриялық паркте бірқатар кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Олардың қатарында ModeX модульдік үй құрылысы зауыты, маманд а н д ы р ы л ғ а н техника құрастыру зауыты, витраждар, терезелер, медициналық жабдықтар, жиһаздар, респираторлар және т.б. Кәсіпорын өкілдерімен бірге №1 Индустриялық парк бойынша өзекті мәселелерді талқыладық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестицияларды жұмылдыру және инвесторларды қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасаймыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Қаланың шеткі ауданында орналасқан №1 индустриалдық парктің тарихы 2001 жылдан басталады. 2001 жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жарлығы шыққаны белгілі. Содан бергі 20 жылдан аса уақытта бұл жерде талай зауыт салынып, кәсіпорындардың тұсауы кесілді. Қазір белгіленген аумақ түгелдей игеріліп, екінші паркті ашу қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы жаңалықты былтыр Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Әбдуәлиев айтып еді. «Қазіргі уақытта бірінші парктің 100% толғанын ескере отырып, №2 индустриялық парк құру туралы шешім қабылданды. Осы мәселе бойынша алдын ала жоспар әзірленді. Оны дайындауға сингапурлық JURONG ірі компаниясы тартылды. Екінші парк аумағында 500 млрд теңгеге 150-ге жуық жаңа инвестициялық жобаны тарту жоспарланып отыр. Парктің жалпы ауданы – 433 гектар, құрылыс жұмыстары 2030 жылға дейін созылады. Бұл инфрақұрылым бізде 9 іске қосу кешені бар 3 кезекке бөлінген. Бірінші кезектегі бірінші іске қосу кешенінің құрылысын 2023 жылы бастау жоспарлануда», – деді Азамат Әбдуәлиев.