Ата-ана, мұғалім, оқушы: кімнің жауапкершілігі маңызды?

Ата-ана, мұғалім, оқушы:  кімнің жауапкершілігі маңызды?

Астанадағы жиынға жиналғандар осы мәселені талқылады

Жаймашуақ жаз өтіп, күз мезгілі жақындағаннан-ақ қай салада болмасын қауырт қарбалас басталады. Ала жаздай елдің «ермегі» болған қант «жырымен» қабаттаса, жаңа оқу жылы жақындағанда мектептің «жыры» да жұртты әбігерге салып жатыр. Тамыз айы туғаннан-ақ ата-аналар балаларын мектепке дайындаудың «машақатымен» жүргенде, биліктегі білім-ғылымның «құлағын ұстаған» министрлер мен депутат, қоғам белсенділері жиі-жиі жиын өткізіп, бала тәрбиесіне қатысты проблемаларды талқылауды әдетке айналдырған. 

Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты ата-аналарға арналған республикалық тамыз конференциясы болды. Жиын операторы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Рамазанова айтқандай, әр облыс, қалалармен ауылдарда «Бала тәрбиесі мен білімді, саналы ұрпақ өсіру үшін ата-ана, мұғалім және оқушы үшеуінің қайсысы жауапкершілікті көбірек алуы керек?» деген тақырыпты талқылаған бір топ қауым мәселеге нүкте қоюға астанаға жиналды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен облыс, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымдары, хатшылары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестік өкілдері, педагогтер және 800-ге жуық ата-ана қатысты. 

Саналы ұрпақ – ұлт болашағы

Жиынды «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды. Мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, белсенділігін арттыру, отбасы құндылығын насихаттау, бала құқығы, денсаулығы, қауіпсіздігі мен ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру секілді мәселелер жөнінде пікір алмасу. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасымен өзектес, үндес екенін де айта кетуіміз керек.  

Конференция барысында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, Абайтанушы Омар Жәлел, «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі Тұрар Сәттарқызы сөз алып, жиналған көпшілікпен пікір алмасты. 

Қазақтың ұлттық философиясы мен педагогикасында «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген даналық сөз бар. Тіпті әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Ұлттық құндылықтарымыз, таным-түсінігіміз ежелден «Тәрбие – тал бесіктен», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» (М. Әуезов), «Уызына жарыған ұрпақ», «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» (Ә. Бөкейханов), «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» (М. Жұмабаев) «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала», «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген секілді талай мақал-мәтел, тұжырымдармен шегендеп, тәмсілдермен бекітіп, ата-ана, ұстаз, баланың өзіндік орны мен қоғамдағы рөлін, мақсат-міндетін айқындап кетті емес пе? Іздеген адамға Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінің бір өзі-ақ батыстың, басқа да халықаралық «данышпандардың» еңбектерімен теңеспесе, кем түспесі анық. Бірақ қашанда «Америка ашып», өзгенің қаңсығын таңсық көру әдетімен – «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» жиынында да ұйымдастырушылар шеттен келген делегат, психология ғылымдарының докторы Паата Амонашвилидің, «Ізгілік педагогикасы» кітабын таратты. Оның тәжірибелерін таныстырып, бағыт-бағдар беруге тырысты. Сонымен қатар, еуропалық ата-аналар бірлестігі мен «Parents International» коммерциялық емес ұйымының өкілдері өзара меморандумға қол қойды. 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясында: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деп, бала тәрбиесінде көнеден жеткен, ғасырдан ғасыр алмасып, қазақтың ұлттық болмыс-бітімімен біте қайнасып кеткен ұлттық құндылықтардың тіл мен ділдегі маңызын айқындап берген болатын. Сонда да «тұлыпқа мөңіреген сиырға» ұқсап, қазірге дейінгі жоғалтқан құндылықтарды ескермей, өзгеге жаутаңдауға әуеспіз.

Рас, ХХІ ғасыр сұранысына сай халықаралық тәжірибе, озық үлгіні басшылыққа алудың артықшылығы көп. Бірақ қазір қазақ баласы өзін емес, өзгенің дүниетанымын бойына көбірек сіңіргенінің зардабын тартып жүргенін неге түсінбейміз? Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында халықтың қалауына сай біршама өзгерістер жасап, Әліппені қайтарғаны кеше ғана. Биыл А. Аймағамбетовтың табандылығының арқасында әупірімдеп жүріп, 1-сынып оқушыларына тек қазақ тілінде білім беруге қол жеткіздік. Біздіңше, бұл – ұлттық мектеп құру арманымызға қарай жасалған алғашқы қадам. Жоғарыда Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі туралы жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Баланың болашағына алаңдаған әрбір ата-ана, мұғалім, жалпы біздің қоғам тәрбиеге, білімге қатысты заманауи, ғылыми еңбектермен қатар «Педагогиканы» да оқуы керек. 

 

Оқу жылын ұзарту қандай нәтиже береді?

Қазақстанда оқу жылын маусымның соңына дейін ұзарту ұсынылды: 30 маусым  2022, 16:47 - жаңалықтар Tengrinews.kz

Иә, «Тәрбие – тал бесіктен». Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бала тәрбиесіне тек мектеп емес, алдымен ата-ана жауапты екеніне тоқталды. 

– Халықаралық тәжірибе ата-аналардың ұрпақ, бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін көрсетіп отыр. Әрине, тәрбие дегенде мектеп қана ойымызға түседі. Балалардың тәрбие жұмысы ақсап жатса, бірінші мектепті, баланы кінәлаймыз. Ата-ананың рөлі қайда? Менің ойымша, бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана саналы ұрпақты қалыптастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге өте маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, дамытып жатырмыз.  Президент айтқан ең басты құндылықтар: бірінші – терең білім. Екінші – отансүйгіштік. Үшінші – еңбекқорлық. Осы құндылықтарды сынып сағатын немесе ата-аналар жиналысын өткізіп қана емес, бағдарламаға енгізу арқылы жүзеге асырамыз, – деді министр.

Сондай-ақ, Д. Нұржігіттің «Оқу жылын бес-алты күнге ұзартқанын, министр мырза (А. Аймағамбетовті айтады) өз баласына қалай түсіндірді екен?» деген сауалына: 

– Маған оқу жылының ұзарғанына қатысты қаншама рет сұрақ қойылды. Тіпті қайта-қайта... Үкімет отырысында бұл сұраққа біз жауап бердік. Шыққаннан кейін журналистер бұл сұрақты  тағы да қайта-қайта қойды. Мен бұл сұраққа күнде жауап беруге дайынмын. 

25 мамыр – 31 мамыр. Былай қарағанда, санаулы күндер. Бірақ санаулы күндер қандай мәселені шешейін деп жатыр? Біріншіден, алты күн оқып жатқан, яғни сенбі күні демалмай жүрген 1,5 миллионға жуық оқушы бір жылдың ішінде 36 күн демалыс алады. Сенбі күні ата-анасының қасында болып, қосымшаларға барып, білімін дамыта алады, кітап оқып, үйде демалады. Екіншіден, бізде көп мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Оқу жүктемесінің азайғанына байланысты екі ауысымда оқып жатқан балалардың 300 мыңға жуығы бірінші ауысымда оқитын болады. Сонымен қатар 150 мыңға жуық мұғалім енді сенбі күні үйінде болады. Олардың да балалары бар. Олар да демалуы керек. Балалармен жұмыс – өте күрделі жұмыс. Сондықтан 1 қыркүйектен оқу жылының соңына дейін мұғалім шаршайды.

Бұдан басқа биыл оқу жылын ұзарту арқылы үш ауысымдағы 100 мектептің мәселесі шешілді. Бұл да білім саласындағы маңызды мәселе. Мектепте оқитын 3,6 млн баланың барлығының оқу жүктемесі азайды. Бұл балалардың өзінше ізденуі үшін зор мүмкіндік. Мысалы: Шахтинскінің барлық мектебі 5 күнге өтіп отыр. Сондай-ақ, Алматы қаласында артық жүктемемен оқып жатқан біраз мектептер 5 күнге өтіп жатыр. Бұл жаман ба? Сондықтан осы шешімге түсіністікпен қарауды өтінемін. Кейбір шешімдердің ғылыми негізі болғандықтан, түсіну қиынға түсіп жатады, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов. 

 

Жоғары оқу орындарында да өзгеріс болады

Саналы ұрпақ – ұлт болашағы

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде жоғары оқу орындарында да жаңа жүйе енгізілетінін мәлімдеді. Негізгі мақсат – ата-аналарға қолдау көрсету.

 – Өкінішке орай, қазір әлемде отбасы құндылықтары өз орнын жоғалтып жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер үлкен соғыс жариялады. Ол соғыстың нысаны – біздің балаларымыз бен жастарымыз. Неге десеңіз, күнделікті көріп жүрген Instagram, Facebook, Netflix және Amazon тәрізді әлеуметтік желілер үлкен алпауыт компанияларға айналды. Олардың арттарында алпауыт технология бар. Яғни мыңдаған инженерлер тұр. Жасанды интеллектің алгоритмдері арқылы баланың күнделікті уақыты мен зейінін өздеріне алып отыр. Қазір мұндай «соғыс» басталып кетті, – деді министр. Оның айтуынша, бұл «соғыстың» үш жағы бар. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан алпауыт компаниялар. Екіншісі – біз,  яғни отбасы, ата-аналар, үшіншісі – ұстаз. – Қазіргі уақытта ұстаздардың жұмысы өте қиын. Біз, ата-аналар, оны түсінуіміз керек. Неге десеңіз, ұстаз өз-өзімен және басқа ұстаздармен де, бағанағы айтқан алпауыт компаниялармен де бәсекелесуі керек. Ұстаздың өзінің жиған шектеулі білімі бар. Ал ар жақтағы бала зейінін алып отырған компаниялардың ең мықты маманы, ең үздік композиторлары бар. Атап айтсақ, Marvel, DC Comics, Disney секілді. Сондықтан да бала ұстазының жасаған контентін көргісі келе ме, әлде ар жақтағы ең мықты шығармашыл топтардың контентін көргісі келе ме? Бұл «соғыста» кім жеңеді екен, өздеріңіз аңғарып отырсыздар, – деді министр. 

Өз сөзінде министр «Білім беру процесі негізінде үшбұрышқа негізделген: Бірінші бұрышында бала, екінші бұрышында ұстаз, үшінші бұрышында ата-ана» екенін ескертті. Осы «үшбұрыш» әлеуметтік желілер  жариялаған үлкен соғысқа қалай төтеп беру керектігін айтты. Сондай-ақ, министр өзі айтқан «соғысқа» төтеп беру үшін жоғары оқу орындарында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Министрдің айтуынша, кез келген университеттің үш миссиясы бар. Біріншісі – білім беру. Екінші миссиясы – ғылым. Негізі, білім мен ғылымды ұштастыратын орталық – университет. Сондай-ақ, елімізде қазіргі таңда үлкен демографиялық толқын келе жатқанын, 1 миллионға жуық бала дүниеге келгенін, оларды оқыту үшін мектептер мен ұстаз дайындау проблемасы жөнінде ойларын ортаға салды. ХХІ ғасыр баласының физиологиялық, психологиялық талаптарына сай мәселелерге қатысты пікірін білдірді.

 

Қоғамға сенуге бола ма?

Биылғы балалар жылында өткізіліп отырған жиынның негізгі идеясы «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асановқа тиесілі. Дана Нұржігіттің айтуынша, Нұркен Асанов 2020 жылы пандемия уақытында баласынан «Бақыт деген не?» деп сұраған. Сұраққа баласы «Бақыт деген – сізбен сөйлескен уақыт» депті. 

Алты баланың әкесі, кәсіпкер Нұркен Асанов өзіне берілген сөз кезегінде бала тәрбиесінде ата-ананың рөліне тоқталып, ана-ана жауапкершілігі туралы ойларын ортаға салды. 

– Біздің мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Жаңа Қазақстанға саналы ата-аналар тіреу болсын деген тілегіміз бар. Бәріміз ата-ана ретінде жауапкершілікті сезіне білуіміз керек. Ата-ана болу үшін ешкім университетке бармайды. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген Абай атамыз. Қазір қоғамда әртүрлі жағдай болып жатыр. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселеге айналып отыр, – деді Нұркен Асанов. Cондай-ақ Н. Асанов қазіргі баланың неге өзі мектепке жалғыз бара алмайтынын, қайда барса да ата-ана жетектеп жүру керектігінің мәні неде деген сұраққа өз ойын білдірді. Оның айтуынша, бұрын қоғам бейбітшілікке, ізгілікке бейім еді. Бұрын адамды қоғам тәрбиелейтін. Қазір қоғамға сенуге болмайды. Әртүрлі келеңсіз жағдайлар өте көп. Ал қоғамға сену үшін саналы ата-ана қалыптасуы керек.

 

Төрде отырып, төрелігін айтқанмен, мәселе шешілмейді

Бәріміздің болашағымыз – бала. Саналы, салауатты, зейінді, зерделі бала. Қазақ «Бала бер, бала берсең, сана бер» дейді. Сондықтан да «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» деп шырылдаймыз. Неге баланы бұрынғыдай қоғамға сеніп, бақылаусыз жібере алмаймыз? Өйткені, мойындауымыз керек, телефонға телмірген бүгінгі баланың тәрбиесі қолдан шығып барады. Балаларымыз бізге жат кейбір жағдайларды әлеуметтік желі, теледидардағы кейбір мультфильмдер арқылы көре-көре «еті өліп» кеткен. Сондықтан санасыз ұрпақ, безбүйрек баладан сескенеміз, қауіптенеміз, қорқамыз. Саналы ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Ұрпақ тәрбиесі – мәңгілік тақырып. Алдымен балаға ұлттық тәрбие берілуі керек. Жоғарыда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы қандай болатыны туралы айтқанын жаздық. Сондай-ақ, министр Саясат Нұрбек айтқан әлеуметтік желілерден келер қауіпті ешкім жоққа шығармайтыны да рас. 

Бір сөзінде министр А. Аймағамбетовтың өзі «Қазақтың ұлттық құндылықтары адами құндылықтармен үндес, егіз. Біз балаға ұлттық, жалпы адами құндылықтар төңірегінде тәрбие беруіміз керек» деген болатын. Қалай десек те, ұрпақ бойына «Адам бол!» қағидасын сіңіру басты мақсат. Ал «Адам бол!» қағидасы ұрпақ бойына алдымен жан ілімін үйрету, ұлттың өзіндік менталитетін сіңіру, дәстүрлі әдет-ғұрып, салт-сананы құрметтеу арқылы сіңеді. Ол үшін «ата-ана – ұстаз – бала үшбұрышы» саналы, сапалы қарым-қатынас қалыптастыруға, мәдениетті қоғам құруға ұмтылуы керек. Тәрбие –  ұлт болып жұмыла қолға алуға тиіс ұлы іс. «Ұлт ісі – ұлы іс» дейді алаш көсемі Әлихан Бөкейханов. Ұлт болып қолға алынуға тиіс ұлы істе, яғни «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» секілді жиында Шалва Амонашвилидің «Ізгілік педагогикасы» емес, Мағжан Жұмабаевтың ғасыр бұрын жазылған «Педагогикасының» пайдасы анағұрлым салмақты болар еді. 

Біреулер білгеннің артығы жоқ, ғасыр озды, дәуір ауысты дер. Бірақ біз бастапқы болмысымызды іздеп жүрген ұлт екенімізді неге естен шығарамыз?.. Біз тілге тиек етіп отырған «Педагогика» еңбегі дала даналығы қалыптастырған ұлан-ғайыр ілім мен білімнің бір тамшысы ғана екенін де ұмытпаған жөн...

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
25.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 30
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 44
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 92
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 292
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 286
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 907

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8984
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8379
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11604
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9362
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10588