Отырар ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны Анарбай Ахметұлының есімі еліміздегі домбырашыларға жақсы таныс. Оның қолынан шыққан ұлттық аспабымыз жоғары сапасымен ғана емес, сыртқы көрінісімен де көз тартады. Орайы келгенде Анарбай ағамен жақынырақ тілдескен едік.
– Ең бастысы домбыраның қоңыр үні таза болу керек. Мен соған ерекше мән беремін, – дейді шебер.
Анарбай аға 1963 жылы дүниеге келген. Оның әкесі түлкінің терісінен тымақ, бөрік, былғарыдан саптама етік тігетін шебер болыпты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, кейіпкеріміз бала күнінен әкесінің жанында жүріп үйренген ісін бүгінде кәсібіне айналдырып, ата жолын жалғап келеді.
– 1990 жылдан бері домбыра жасаймын. Домбыра – киелі аспап. Оны асқан ыждағаттылықпен жасау керек. Өйткені, оның қос ішегінде өткеніміз бен бүгініміз жатыр. Мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға барғанымда бауырым мені домбыра жасайтын хас шеберлерге ертіп барды. Солардан біраз дүние үйреніп, тәжірибе жинадым. Ауылға келгеннен кейін бірден осы іспен айналыстым. Аллаға шүкір, жасаған домбыраларым шаң басып жатып қалған емес, – дейді қолөнер шебері.
Анарбай ағаның қолынан шыққан домбыраларды еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы іздеп келіп, алып кететіндер көп. Кейіпкеріміз жасаған дүниелерін әлеуметтік желіге салып, жарнамаламайды. Домбыралары көптің көңілінен шығып, елдің ризашылығына бөленіп жатса, ол үшін ең үлкен жарнама да, ең үлкен бақыт та сол.
Нәрестеден нәзік бұл өнерді бүгінде Анарбай аға екі ұлына үйретуде. Олар да домбыра жасайды. Кейіпкеріміз жақында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алып, шеберханасын заманауи техникалармен толықтырып, ұлғайтыпты. Қазір мұнда ол домбырадан бөлек, астау, қымыз ашытатын күбі секілді қазақ халқының төл мұраларын жасайды.
– Мектеп оқушыларына арналған домбырадан бастап, үлкен домбыраларға дейін жасаймыз. Саз мектептерінен тапсырыс түседі. Қобыз да жасаймын. Жұбайым Жанат екеуміздің алты перзентіміз бар. Үш ұл, үш қыз. Қазір екі ұлымды осы кәсіпке баулудамын. Менің жолымды солар жалғастырады деп үміттенемін, – дейді қолөнер шебері.