Павлодар облысында Қазақстан Республикасының Конституция күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Павлодар облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел жоспарлануда. Оған облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысып, еліміздің тұрақтылығы мен береке-бірлігі жолында Ата заңның маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, кездесу барысында этносаралық келісім, әлеуметтік салалар мен мәдениетті жаңғырту үдерісі, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі талқыланды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерін, сондай-ақ Қазақстанның этносаралық келісімі, әлеуметтік және мәдени саланы жаңғырту үдерісі, әлеуметтік әріптестік мәселелеріндегі ҮЕҰ мен бизнес қоғамдастықтың үлесі мен рөлі мәселелерін кеңінен сөз етті. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық жетістіктері мен Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік жобалардың қорытындылары туралы «Павлодар облысы – Тәуелсіздік шежіресі» атты бейнероликтің таныстырылымы өтеді.
– Конституция таңдау еркіндігі мен құқықтардың, мүдделердің қорғалуын қамтамасыз етеді. Ата-бабаларымыз жылдар бойы аңсаған азаттықтың басты құндылықтарының бірі – қоғамдық келісім. Мәселен, бүгінде әр түрлі этнос өкілдері ана тілі мен төл мәдениетін тарихи отанына бармай-ақ меңгере алады. Жалпы, еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерінің барлығы – Тәуелсіздік пен Ата заңның іске асуының жарқын жемісі, – деп атап өтті Ә.Сқақов. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басқарма мүшесі Мұхит Жақсылықұлы егемен елдің басты құжаты қандастарымыздың Атамекенге оралуына жағдай жасағанына ерекше назар аударды.
– Конституция – тұрақтылық, жаңғыру мен өркендеудің іргетасына айналған құндылық. Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл аралығында 1 миллионнан астам қандасымыз атажұртқа оралды. 40 мыңға жуық қандасымыз Павлодар облысының тұрғыны атанды. Бүгінде олардың басым бөлігі әр түрлі салада табысты еңбек етіп, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Тарихи отанын аңсап келген азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Осындай ұлы көш рухымызды көтеріп, еңсемізді тіктегені анық, – деді М.Жақсылықұлы. Дөңгелек үстел барысында білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының жетістіктері де сөз болды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова Ата заң қазақстандықтарға орта және жоғары білімді, медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік беретініне тоқталды. Тәуелсіздік жылдары өңірдегі әлеуметтік нысандар саны бірнеше есеге көбейді. Мәселен, 1990-шы жылдардың басында бүлдіршіндердің тек 48 пайызы балабақшаға барса, бүгінде 100 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылып отыр. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Амантай елдің өркендеуінде, облыстың дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы зор екенін айтты. Аталмыш бағдарлама аясында соңғы 4 жыл аралығында өңірдің 300 мектебіне 781 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Кездесу соңында ҚР Конституциясы күніне орай облыстық «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбішевке, «Самал» оңалту орталығының басшысы Зинаида Богненкоға және медиация орталығының жетекшісі Ольга Николашинаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар, тағы бірнеше азамат аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды.