27 тамыз күні Орал қаласында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Азат елдің ар намысы – Ата заң» атты салтанатты іс-шара өтті.
Облыс орталығындағы «Жастар мәдениет үйінде» ұйымдастырылған мерекелік шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Конституциямыз осыдан 26 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда бекігеннен бері ол ортақ үйіміз – Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыс өкілдерінің басын біріктіріп, әрбір азаматтың көзқарасына, еркіндігі мен бостандығына, наным-сеніміне, бейбіт өміріне кепілдік беріп келеді. Қаламыз негізгі құжатта көрсетілген конституциялық нормалар мен қағидаларды жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Шаһарымыздағы саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың арқасында қамсыз еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Соған орай қала экономикасы өсіп, шаһар келбеті күннен-күнге ажарлана түсуде. Барлық жетістіктерімізге Конституциямыздың талаптары мен ережелерін басшылыққа алудың нәтижесінде қол жеткіздік. Егемен еліміз бейбітшілік пен ұлтаралық келісім аясында өркендеп, гүлдене берсін. Мереке құтты болсын! – деді шаһар басшысы Абат Абайұлы.
Салтанатты шарада Конституция күніне орай бірқатар сала мамандары мен жастар марапатталды. Мерекелік марапатқа №8 өрт сөндіру бөлімшесінің аға нұсқаушысы Азамат Нұрбеков, «Жайық Таза Қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Ғұбайдолла Малаев, «Жайық Таза Қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаскелік инженері Раниль Искаков, «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның жүргізушісі Талғат Нұрымжанов, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова, волонтер Ырысбек Өтеген, №2 өрт сөндіру бөлімшесінің аға нұсқаушысы Нұрбол Нукатов, «Жайықжылуқуат» АҚ слесарі Алексей Фузейн, «Батыс Су Арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің су құбырлары жүйесінің учаске басшысы Серік Бисеналиев, №3 қалалық емхананың терапевт дәрігері Ирина Понамарева, №1 қалалық емхана медбикесі Анна Морозова лайық деп танылды.
Сондай-ақ салтанатты шарада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаев Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында 16 жасқа толған азаматтарға жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстады. Салтанатты кеш мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.