Атырауда «Алтын орда» ұлықталды

Атырауда «Алтын орда» ұлықталды

Мемлекет басшысының 2019 жылы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы негізінде Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1059 қаулысы көптің есінде болар.  Елдің рухын көтерген, ұлан-ғайыр қазақ даласының беріктігі үшін жанын қиған хандар мен батырларды ұлықтаудың жарқын көрінісі еді бұл.

Егеменді еліміздің жаңғыруы жолындағы бұл игі іс өткенді ұлықтау,  жеткенді құнттау,   ата-баба аманатына адалдық деп түйсінген дұрыс! Осыған орай Атырауда 28 қазан күні «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шара үш күнге созылды. Атырау – ұлан-байтақ Отанымыздың батыс қақпасы. Қойнауына талай тарихты бүгіп жатқан өлке. Осы тарихи қалада ғалымдар, тарихшылар, этнограф, археологтар, суретшілер бас қосып, Алтын Орда тақырыбы төңіргенде ой өрбітті. Халықаралық конференцияға әрісі Америкадан, берісі Ресей, Украина, Түркия, Жапониядан келген жиынға 150 адам қатысты. Жиналғандар алдында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.

Хатта ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалғанын, еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылғанын ашық айтыпты. 

 «Құрметті қауым! Баршаңызды «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі.          

Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Сан мың жылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен жеткен құнды жәдігерлерді дүниежүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек. Жайық жағасындағы және Ұлытау баурайындағы көне ескерткіштер мен заманауи кешендер бұған толық мүмкіндік береді. 

Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған. Сондықтан халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр. Бүгінгі бас қосуда ғалымдарымыз тың деректер мен салмақты ой-пікірлерін ортаға салады деп сенемін.  Конференция жұмысына табыс тілеймін!». 

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бас болып  Алтын Орда тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы мақұлдады. Ұлық ұлысты ұлықтау мақсатында келесі жылдан бастап жеті бағытта жұмыс істеледі. Бұл мәселеге ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев аз-кем тоқталып өтті:

  – Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту. Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау. Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы. Төртінші, «Ұлық ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Уикипедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау. Бесінші, Ұлық ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау. Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету. Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру. Жошы ұлысының астанасы – Сарайшық та айшықтала түседі. Атыраудан шамамен 50 шақырым жерде жатқан қалашықтың Алтын Орда тарихындағы орны ерекше. Зерттеушілер ХVIII ғасырдың басында Ресейде сызылған картаны тапқан. Тарихи картада Сарайшықтан Хаж-Тарханға көш тартатын керуен жолдары мен керуен сарайлар анық көрсетілген. Енді осынау тарихи орынды жаңғырту жұмыстары қарқын алмақ.

Алтын орда – ұлы  өзгерістер заманы

Конференция ашық пікір алаңына айналды. Түрлі сауалдарға тұшымды жауаптар айтылды. Ұсыныстар мен ұшқыр ойлар да  ескеріліп отырды. Соның бірі ғалымдар тарапынан көне керуен сарайы орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары тізіміне енгізуді ұсынып, келешекте елімізде Жошы Ұлысын зерттеуге арналған ғылыми институт құрылатыны айтылуы. 

Іс-шара кезінде Сарайшық елді мекенінде этноауыл құрылып, ондағы көрмеге Аралтөбе және Миялы қорғанынан табылған алтын сауытты батырлар, көне жәдігерлер, бес қару, тоқсанға тарта домбыралар коллекциясы қойылды. Сарайшықта өткен көрме барысында келушілер назарына барлығы 315 экспонат ұсынылған. Сондай-ақ Сарайшық ауылынан 15 шақырым жерді зерттеген археологтар сол тұстан көне керуен сарайының қалдықтарын тапқан. Бұл жерден «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері биылғы жылы жүргізген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыраны, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталарды тапқан. Ғалымдар осы арада XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды.  «Биыл маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Көріп отырғанымыздай, көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық   жұмыстар енді ғана басталды, біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз», – деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы. Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі:  

– Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Солардың ішінде Жайықтан өтер жылжымалы-жүзбелі көпірді ерекше атап өтуіміз керек. Бүгінде Сарайшық музей қорығының қорында 4600 жәдігер сақтаулы. Оның 400-дейі ғана көрініске шығарылған. Осы жағдай жаңа Алтын Орда мұражайын салуға негіз. Сарайшық заманында қолөнершілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірімізде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді де қайта жаңғыртуымыз керек.

«Алтын Орда тарихы тереңнен бастауды қажет етеді. Өйткені бұл тек бір мемлекеттің тарихы ғана емес, бүкіл әлем тарихына қатысы бар, ұлы өзгерістер заманы...  Алтын Орда құрамында мемлекеттік басқару жүйесіндегі лауазымдарға көз жүгіртетін болсақ, олар түркілік басқару жүйесін негізге алып отыр: салық салу, әкімшілік жазалау жүйесі, заң жүйесі (Ясақ (жасақ-жосын). Пайзалар мен пошталық бекеттер және т.б. Алтын Орданың ұзақ өмір сүруі, қол астына басы қосылмайтын көптеген елдерді біріктіре білуі осы тиімді басқару жүйесінің өміршеңдігінен деп білеміз. Сонымен қатар Алтын орда тұсында парламенттік жүйе сияқты құрылтайдың да өз рөлін атқара алғандығын айта кеткеніміз жөн. Әскери-әкімшілік жүйенің басқару тиімділігі жоғары болды. Тіпті кейінгі Еуропалық әскердің де тура осылай жасақталғаны осының бірден-бір дәлелі деп білеміз (взвод, рота, батольон, дивизия). Мысалы Шыңғысханның артындағы сақтауыл, торғауыттар, кешіктендер – кезінде оларды толық азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етсе (интенданттық қызмет), тағы бір бөлігі қару-жарақпен жабдықтайтын. Бас штаб жұмыс пен қимыл-әрекеті де жақсы жолға қойылған болатын», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев журналистерге берген сұхбатында.

 

Тың деректерге толы конференция

Есен Сырым Ғадылбекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, PhD докторанты: «...Сарыарқаның шығыс бөлігін қамтитын Ертіс өзенінің алқабында бір қатар зерттеу жұмыстары жүргізілген. Алтын Орда кезеңіне жататын алғашқы деректер XVII ғасырға жатады. 1616 жылмен мерзімделетін мұрағат құжатында қазіргі Павлодардың оңтүстік жағында орналасқан Тұзды (Ямыш) өзені аумағындағы «тас мешіттер» шатқалы туралы айтылады. 1654 ж. дәл осы өңірде болған орыс елшісі Ф. Байков жоңғарлар Қабал-Ғасұн деп атайтын күйдірілген кірпіштен салынған құрылыс туралы жазады. Қазақ даласының әртүрлі аудандарындағы «мешіттердің», олардың ішінде Қабал-Ғасұн да бар, орналасуы Ремезовтың картасында тіркелген. 

Солтүстік Ертіс бойындағы көне архитектуралық құрылыстарды ғылыми түрде тіркеу ісі XVIII ғасырда Г.Ф.Миллердің экспедициясы кезінде жасалады. Суретші И.Люрсениус бастаған қызметкерлер Қалбасун мұнарасының қираған орнында болып, сипаттамасын жасаған. Кеңестік кезеңге дейінгі деректерде Ертіс өзенінің сол жақ алқабында Қалбасун мұнарасынан басқа күйдірілген кірпіштен салынған өзге де құрылыстар туралы ақпараттар кездеседі.

Аймақтың ортағасырлық ескерткіштерін археологиялық тұрғыдан мақсатты зерттеу өткен ғасырдың 50-60 жылдары қарқын алады. Көпшілік ескерткіштер қимақ-қыпшақ дәуірінің мұралары ретінде есепке алынған. Бірқатар Алтын Орда кезеңінің ескерткіштері де қоса зерттелген. 90 жылдардың соңындағы зерттеу нысандары көбіне жалғыз жерлеу кешендері және кездейсоқ табылымдар болып келеді...»

Ұлық ұлыс – айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Алтын Орда тарихы – бұл бүкіл Шығыс Еуропа (Ресей), Орталық Азия, Қазақстан және тағы басқа көптеген халықтың тарихы мен ортақ мемлекеттік жүйенің қалыптасу кезеңі деуге әбден болады.

Ұлы Жібек жолының Сарай-Берке мен Хорезмді байланыстырған солтүстік бағыты осы Сарайшық қаласы арқылы өткен. Бұнда сауда-саттық, мәдениет пен сәулет өнері қарыштап дамыды. Қалада бірегей су жүйелері жасалып, өзінің ақшасы басылды. Енді сұрақ Қазақ Хандығы Алтын Ордадан тарай ма? Бұл сауалға да жиында жауап айтылды. Ең бастысы, Алтын Орда моңғолдарға тиесілі деген қауесетке нүкте қойылды. Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленген. Сондықтан Гүлстан променады салынады. Кешен ішінде жылқы, түйемен сейіл құруға болады. Бұл жобаларға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарланған. Қазіргі таңда Сарайшық мемориалдық кешеніне келушілердің саны 20 мыңға жуық. Жоба іске қосылған жағдайда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Жиында шеттен келген ғалымдарға осы бағыттағы жұмыстар таныстырылды. Ал конференцияда айтылған деректер басылып, арнайы жинақ болып шығады. Бұл дегеніміз Ұлық ұлыс – Алтын Орда әлі де айшықтала түседі деген сөз.

Конференциядан көңілге түйгеніміз: Жошы ұлысының астанасы – Сарайшық та айшықтала түседі. Атыраудан шамамен 50 шақырым жерде жатқан қалашықтың Алтын Орда тарихындағы орны ерек. Зерттеушілер ХVIII ғасырдың басында Ресейде сызылған картаны тапқан. Тарихи картада Сарайшықтан Хаж-Тарханға көш тартатын керуен жолдары мен керуен сарайлар анық көрсетілген. Енді осынау тарихи орынды жаңғырту жұмыстары қарқын алмақ.

Шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу күшейтіледі. Ел аумағындағы ұлық ұлыстың қалалары қайта қалпына келтіріледі. Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы ғылыми монографиялар шығады.

Түйінді сөз: Тарихтағы өз орнымызды саралауда Алтын Орда кезеңіне соқпай кете алмаймыз (ескерту: Алтын Орданың тарихи атауы – Ұлық Ұлыс. Тоқтамыс хан «Ұлық Ұлыс ханымын» деп хат жазған). Соңғы жылдарда Ресей тарапы Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми қалыптасқан көзқарастарын қайта қарап жатқаны белгілі. «Екі жүз елу жыл татар-моңғол басқыншылығының езгісінде болып, елдікке азаттық күрестердің нәтижесінде жеттік дейтін тұжырымдардан гөрі ел болып, етек-жеңімізді жинауға Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі тікелей ықпал етті» деген пікірлер ұсынылуда. Әрине  Алтын Орда ыдырағаннан кейін күшейген Мәскеу Русьі мемлекеттік жүйені Алтын Орда дәстүрімен қалыптастырғаны аян. Осы тұжырымның артында Алтын Орданың мұрагері біз – Ресей деген ашық ой жатыр. Түптеп келгенде байырғы Алтын Орданың мұрагері Ресей болса, сол Алтын Ордадан тамырын алған бүгінгі елдердің, күллі Еуразияның қожасы Ресей деген өктем  саясаттың да шеті қылтиып тұр. Осы жерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: 

– Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен  табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Алтын Орданың ежелгі территориясының қырық пайызы – бүгінгі Қазақстан иелігі, байырғы қазақ жұртының атамекені. Алтын Орданың мұрагеріміз деп пікір айтуға біздердің де толық құқымыз бар. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Ал мұрагерміз деп құр кеуде соғудан гөрі оның айқын дәлелін тарихтан да, тілден де, әдебиеттен де іздеу шарт» дегені еске түседі.

 Бір қызығы Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валютамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі. Мемлекет басшысының резиденциясы Батудан Абылай ханға дейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығы әміршілерінің ордасы сияқты аталады. Парасат пен төзімділікке құрылып, Ханафи мазхабына негізделген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған. Жаңа елордамыз  Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы.

Осыдан-ақ біз бабаларымыздың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпенділер емес, керісінше, өз уақытындағы көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыс салтының озық тұстарын үйлестіріп, империялық деңгейде үстемдік құрған халық болғанын байқаймыз.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
04.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 320
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 313
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 937

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9010
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8405
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11631
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9389
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10615