«АУЫЛ МӘСЕЛЕСІН СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ШЕШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ»

«АУЫЛ МӘСЕЛЕСІН СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ШЕШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы ұлықтау рәсімінде ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлім еткені ел есінде. Бұл бекер емес еді. «Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді Президент. Ол осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсыратынын айтты. 

«Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан беріде екі жыл уақыт сырғып өте шығыпты. Көп жұмыс атқарылды. Ауылға көзқарас түзелді. Үлкен-үлкен сүйекті жобалар, бағдарламалар іске асуда. Ауылды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, ауылшаруашылығын өркендетуге шағын несиелер беріліп жатыр. Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтын заман келді. Еңбек еткеннің еңсесі биік болатыны да шындық. Ауыл азаматтарына да өз ауылдарының ХХІ ғасырға сай өркендеуіне үлес қосатын мезгіл туды. Ол үшін ата-баба аманатына, ауыл аманатына адал болуы керек. Осы ретте айта кетер жайт, ел арасында Президенттің қолдауымен арнайы қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының орны бөлек. Бұл Жоба халықтың жоғын түгендейтін, барын үнемдейтін игі бастама екені ел арасында айтыла бастады. Мемлекет басшысының сенімін арқалап, көптеген елді мекендерде әкімдермен жүздесіп, халықпен кеңесіп «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен мұратын кеңінен насихаттап жүрген Премьер-министрдің кеңесшісі, қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Ералы Тоғжанов мырзаның еңбегі ерен. Жақсының жақсылығын айтқанға не жетеді, шіркін! Өмірлік тәжірибесі мол, Үкімет басшысының орынбасары болған, білдей бірнеше облысты басқарған, қай салада жүрсе де жақсы қырымен танылған Ералы Лұқпанұлымен «Qazaqstan dauiri» басылымының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бірнеше рет байланысқа шығып, «Ауыл аманаты» жобасының беталысы, мақсат-мұраты жайлы, алда атқарылар игі істері төңірегінде сұхбат беруге қолқа салып, келісімін алды. Астана қаласындағы қос тілші Нағашыбай Қабылбек пен Ерқазы Сейтқали және Бас директор Сәуле Мешітбайқызы келісілген уақытта Ералы Лұқпанұлымен жүздесіп, «Ауыл аманаты» жобасының діттеген мақсаты мен ауылға серпін беретін тың бастамалары төңірегіндегі атқарылған істерді, келешекте атқарылуы тиіс жоспарларды әңгіме тініне өзек етті. «Ауыл аманаты» үлкен жоба болғандықтан, оның ішіне білім саласы да кіретіні белгілі. Білімсіз қоғам тұл! Білімсіз ауылдағы жас ұрпақтың болашағын көзге елестету де мүмкін емес. Жаңа Қазақстан құруға бел шеше кіріскен азаматтар «Ауыл аманаты» жобасында «Білім ал» бағдарламасына сенім артып отыр. Алдағы уақытта «Білім ал» жобасы туралы да кеңінен тарқататын боламыз. Бұл біздің басылым үшін оң жамбасқа келетін тақырып... Он жылдан аса уақыт «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясын ұйымдастырып, шалғайдағы елді мекендерге дейін барып, ел тұрғындарының, шаруалардың, кәсіпкерлердің жетістіктері мен мұң-мұқтаждарын Үкіметке жеткізіп жүрген «Qazaqstan dauiri» газеті үшін «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының қолдауына ие болар игі бастама! «Ауыл аманатын» арқалаған Жобаға сәттілік тілейміз! Қазақ ешқашан аманатқа қиянат жасамайды. Аманатты арқалаған арда азаматтарға Алла Тағала күш-қуат бергей!

ҚАЗАҚТЫҢ ТАМЫРЫ АУЫЛДА ЖАТҚАНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ

– Ералы Лұқпанұлы, «Ел құлағы елу» демекші, «Ауыл аманатын» қолға алған екенсіздер, аманатқа қиянат жасамайтындарыңызға сеніміміз зор. Өзіңіз де білесіз, «Ауыл – ел бесігі» деп жатамыз. Қазақ баласына ежелден ауыл жат емес. Ауыл десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Соңғы уақытта билік тарапынан ауылға көп көңіл бөлінуде. Жасалып жатқан көмек те, бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Ауылшаруашылығына беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер де бір төбе! Бірақ ауыл мәселесі әлі түйткілді? Әлі де көп шаруалар кезек күтіп тұрған секілді. Қайтсек ауылдың проблемасын шешеміз? Қайтсек, жастар ауылға тұрақтап қалады?

– «Ауыл аманаты» жобасы мен вице-премьер қызметінде жүрген кезімде басталған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының халықтың кірісін көтеруге байланысты тапсырмасы болған, оның ішінде ауыл азаматтарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған үлкен Жобаның бірі еді. Әл-ауқат дегеніміз, ең алдымен табыс көзі ғой, бірақ табыс көзіне жету үшін ең алдымен ауылда тұратын азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету міндет. Бұл ауылдың ғана мәселесі емес, бүкіл қазақтың мәселесі деп айтуға болады. Сондықтан үлкен әрі күрделі мәселе болып табылады. Газеттеріңіз көп жылдан бері ауыл тақырыбын көтеріп келе жатқан басылымдардың бірі болғандықтан, осы төңіректегі мәселелерді қаузап сұхбат беруді жөн көрдім. Біріншіден, ауыл мәселесінде сөзбен емес, нақты іспен айналысатын кез келді. Екіншіден, ауылдың мәселесін шешу үшін жүрегіңді салуың керек. Сырттай ой жүгіртіп, «ауылды өйту керек, ауылды бүйту керек» деген әңгіме жарамайды. Сондықтан нақты іспен айналысатын уақыт туды. Кезінде халықтың әл-ауқатын көтеруге байланысты үлкен жобалардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасы ерекшеленіп тұратын. Осы Жобаны нақты бір өңірге енгізуге байланысты мүмкіндік ретінде қарастырдым десем, артық айтқандық болмас. Мен Ақтөбе облысында қызмет жасаған кезде, (Президенттің үлкен сенімі ғой, сол сенімді ақтау барысында) осы Жобаны жан-жақты, толықтай енгізуге мүмкіндік алдым. Әдетте ауылдың жағдайын барлығы да білеміз деп ойлайды. Бірақ оны түбегейлі зерттеп, ауылдың мүмкіндігін қарастырып, ауылдың мәселелерін көтеріп, нақты шешу жолдарын анықтап шығу оңай жұмыс емес. Біз осы жұмыспен айналыстық. Бірінші, скрининг өткіздік. Оған себеп – ауылдың әл-ауқаты, ауылда тұратын азаматтармен байланыстың жүйелі түрде жүргізілуі.

Ауылды сақтап қалу – қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған ең үлкен мәселе. Соңғы деректерге қарағанда, Ақтөбе облысы бойынша 2020-2023 жылдар аралығында 17000 адам ауылдан көшіп кеткен екен. Бұлар неге көшіп жатыр деген сұрақ туады. Сөз жоқ, ең алдымен жұмыс орнын қамтамасыз ету кезек күттірмес түйін. Екіншіден, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін нақты табыс көзін арттыру міндет. Ол үшін ауылдағы адамдарға мүмкіндік жасау қажет. Ел іші болған соң, елмен бірге жүрген соң, көптеген әңгімелер естіп жатамын. Ауылдан көшу заңдылық, бұл да қарқынды прогресс деген сөздер де айтылып қалады. Мұның барлығымен келісе беруге болмайды ғой деп ойлаймын. 

Ауылдан адамдар неге кетеді? Ауылда жағдай болмаған соң кетеді. Оның ішінде ең алдыңғы сапта жастар тұр. Бүкіл ел бойынша ауылдан қалаға көшушілердің арасында 60 пайызы жастар екен. Бізде ауылдың менталитеті де бар, оны да ескеру керек. Әсіресе қазақтың менталитеті деген жөн. Ауылда оқу бітіріп қалған балалар міндетті түрде «кету керек». Неге? Себебі ауылда қалған азаматтар «Пәленшенің баласы қолынан ештеңе келмейтін болған соң ауылда жүр» деген сөздің құлағы қылтияды. Іс жүзінде жұмыс болмағаннан кейін, басқа бір мүмкіндіктер тумағаннан кейін, табыс көздері айқындалмағаннан кейін ол балалар кетуге мәжбүр деп айтсам артық болмас. Қай ата-ана өзінің баласын ауылда «көзге күйік қылып» ұстап жүргісі келеді. Сосын қалаға кетеді амалсыз. Балаңыз қайда? Балам қалада бизнеспен айналысып жатыр. Ол қандай бизнеспен айналысып жатыр? Базарда арба сүйреп жүр ме? Күзетші болып жүр ме? Не болмаса жұмыссыз жүр ме? Бұл – үлкен мәселе. Бірақ анау бала кеткеннен кейін қаланың ішіндегі тобырдың ортасына кіреді. Атаанасы болса «баламыз қалада» деп айтып отырады. Болды. Міне, күрделі мәселе. Менің әріптестерім ең алдымен қаланың мәселесін шешу керек деп жатады. Алдымен ауылдың мәселесін шешпесек, біз қаланың мәселесін ешқашан шеше алмаймыз. Неге десеңіз, үлкен проблеманың барлығы ауылдан келіп жатыр. Олар ешқайда кеткен жоқ қой, ауылдан шықты да қалаға келді. Жарайды, 5 пайызы Алматыға, 5 пайызы Астанаға кетсін дейік. Шетелге 5 пайызы кетсін. Сонда 80-85 пайызы облыс орталықтарында қалатын болып тұр. Жолы болғандар жұмысқа тұрып кетеді. Жолы болмағандар сенделіп жүреді. Ол азаматтарға үй керек, күй керек, жұмыс керек. Үйленгісі келеді, өмір сүргісі келеді. Табыс көзін таба алмаған азаматтар, өкінішке орай, әртүрлі жолға да түсіп кетуі ықтимал. Бұлардың барлығы жай сұрақ емес. Президенттің ерекше тапсырмасы – ауылдағы жағдайды жақсартуға байланысты 2,5 пайызбен ауылдағы азаматтарға несие беруге шешім қабылдағаны. Мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрген жоқ. 2,5 пайыз дегеніңіз «тегін» деп қарастыруға тұрарлық нәрсе. Инфляцияның деңгейі 5-6 пайызға дейін барғаны, одан да жоғары көтеріліп кеткен кездері болған. Сондықтан бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, «тегін» деуге тұратындай көрсеткіш. Демек, жағдайды жақсартуға мүмкіндік берілді. Ауылға берілген ақшаны да мұқият қарастыру тетігін де ойластыру заман талабы. Тиімді жағын ойластыру тағы бар. Халыққа тиімді түрлі жолдарын қарастыру да жұмыс. Оны аз десеңіз, азаматтардың өзін үйрету керек. Ол үшін не істейміз? Ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жоспар қабылдануы тиіс. 30 жылдың ішінде бізде ондай жоспар әлі қабылданған жоқ. Ауылды дамытудың әлеуметтік-экономикалық жоспары өзекті. Бізде республика, облыс деңгейінде ондай жоспарлар бар, аудан, ауыл деңгейінде, өкінішке қарай, жоспар жоқ. Бұл ең үлкен, күрделі дүние. Неге оны жасау керек? Ауылдың әкімдері мұны білеміз деп ойлайды. Бұған күмәнім жоқ. Бірақ әлеуметтік-экономикалық жоспарды жасау үшін бүкіл ауылдың мүмкіндіктерін қарастыру оңай шағылар жаңғақ емес. Әлеуметтік портрет дейміз ғой, оны бір бөлек, қанша жас, қанша қарт адам тұрады? Қанша бала бар, жұмысқа қабілетті адамдардың саны қанша дегендей... бұл бір ғана мәселе. Екіншіден, ауылдың экономикалық мүмкіндігін қарастыру тағы бар. Мал бағуға ма, егін шаруашылығына ма, құс өсіруге ме, балық өсіруге ме? Қай бағытты дамытуға болады? Табиғатын ескересің, басқа мүмкіндіктерін қарастырасың. Осының барлығын зерделей отырып, жан-жақты қарастыру қажет. Бұның ішіндегі ең үлкен мәселе осы.

– «Ауыл аманаты» жобасымен бүгінгі күнге дейін қанша облысты аралап шықтыңыз? Бұрынғы тәжірибелі облыс әкімі ретінде не көрдіңіз, көкірекке не түйдіңіз?

– Мен қазірге дейін он бір облысты аралап шықтым. Ауылдың, ауданның әкімдерімен кездесу барысында: «Сіздің ауылда осынша жан саны тұрады екен. Біріншіден, қандай көлемде ауылшаруашылық өнімдерін пайдаланады? Екіншіден, қандай азық-түлік түрлерін бір жылдың ішінде тұтынады?» – деп сұраймын. Бірақ ешкім жауап бере алмайды. Себебі мұндай сұрақпен ешқашан айналыспаған. Осыған шақтап бағдарлама жасап шығармай, оның барлығын білу мүмкін емес. Оған жауап беру де қиын. Неге бағдарлама жасау керек? Осыған тоқталайын. Әрбір әкім өзінің үйінде күнделікті ішетін тамағын біледі ғой. Тіпті бір жылдың ішінде қанша қаражатқа тамақ ішетінін де мөлшерлеп болса да біледі. Біздің қазақ бір жылға бір малын сояды. Соғым дейміз. Сол сияқты әрбір ауылдың өзінің есебі болуы керек. Екіншіден, бір жылдың ішінде біз соның анализін жасау арқылы 65 түрлі тағамның түрлерін ішетінін анықтадық. Бірақ мәселе қайда жатыр? Сол 65 түрлі тағамның қанша пайызын өзіміз қамтамасыз етіп жатырмыз? Мысалы, Ақтөбе облысындағы зерттеулеріміз бойынша, осында көрсетілген 65 түрлі тағамның ішінде 100 пайыз қамтылғаны 7-ақ түрлі тағам болып шықты. 13 тағамның түрімен тек сатып алу арқылы қамтамасыз етеміз. Олар: күріш, бұрыш, тұз секілді тағамдар. Оны басқа облыстан сатып алып қамтамасыз етуге тура келеді. Қалған 45 түрлі тағамның қамтамасыз ету деңгейі 1 пайыздан 69 пайызға дейін. Мысалы Ақтөбе тауық етімен 5,4 пайыздық деңгейде ғана қамтамасыз етіп отыр екен. Қалған 94,6 пайызын сырттан сатып алады деген сөз. Бұл ауылда тұратын халықтың қалтасындағы ақша ғой сыртқа кетіп жатқан. Басқа елге кетіп жатқан қазақстандықтардың ақшасы. Сатып алдық, жедік, жоғалды... Екінші жағынан айтар болсақ, басқа елдің экономикасына қосылған ақша бұл! Басқа елдің ауылшаруашылығына ақша құйып жатырмыз деген сөз. Басқа елдің экономикасы үшін жұмыс істеудеміз анығы. Бір ғана тауық еті үшін бір жылда Ақтөбе облысы бойынша 11 млрд теңге ақша жоғалтып отырдық. Бұл қаражатқа қанша жұмыс орындарын құруға болады? Сол сияқты қалған 45 түрлі тағамды толықтай алу үшін облыс бойынша 150 млрд теңгеден астам ақша, оның ішінде 50 пайыздан астамы шетелге кетіп жатқан ақша. Мысалы Ресей қызығын көріп жатыр. Көкөністерді көрші Өзбекстаннан аламыз. Олар да нәпақа. Өзімізде бұл өнімдер 25- 30 пайыздың деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Қалғанының барлығын сырттан сатып аламыз. Мөлшермен 12 млрд теңге ақша көкөністер алуға кетеді. Сонда екі түрлі тағам үшін 20 млрд теңгеден астам ақшамыз шетелге кетуде. Бір облыс үшін бұл қыруар қаражат қой. Ол ақша біздің ауылда, ауданда, облыс ішінде, республика көлемінде айналуы керек еді ғой. Себебі өзімізде айналымда жүрген ақша – біздің экономикамыз, ол біздің жұмыс орындарымыз, қосымша өнім, ол елдің мүмкіндігі болып табылады. Осыны әрбір ауылдың әкімі жіліктеп, зерттеп-зерделеп, өзінде шығара алатын өнімдерді өзімізде шығаруға атсалысуы тиіс. Логистикаға, жолға байланысты әрбір ауылдағы қажеттілікті әрбір ауыл әкімі нақтылап алып, оны ұйымдастырған түрде ауылға алып келуге міндетті.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІМЕН АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕЙІК

– Отандық өнім өндіруді, оны кәсіпкерлердің өз елімізде сатуына жағдай жасау жайлы жақсы айтып өттіңіз, ақша сыртқа кетпейді, өзімізде қалады. Бірақ кейде келеңсіз жағдайлар орын алып жататыны рас. Мысалы оңтүстіктегі кейбір диқандар осыдан бірнеше жыл бұрын өз өнімдерін (қырыққабат, картоп) сата алмай, әлеуметтік желі арқылы «тегін алып кетіңіздер» деп халыққа үндеу тастап жатқанын көзіміз көрді. Себебі қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Сыз ұрса жетеді. Қара күзде өтпеген өнімді шыныменен не істемек олар? Мұның бәрі шарасыздықтан туындаған мәселе болып тұр ғой?

– Біріншіден, әрбір ауданда шамамыз келсе әрбір ірі ауылдарда ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді жан-жақты дамыту керек. Екіншіден, оңтүстіктен әкелінген өнімдер еліміздің бар өңірінде сатылады. Себебі ерте піседі. Оның барлығы ақша. Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. Ол – бәсекелестік. Сен өнімді ауылыңда шығаратын болсаң, оның бағасы басқаша. Неге бізде өтпей жатыр? Жауабы: Өзбекстаннан әкелінген өнімдердің құны төмен. Егер ауылда шығаратын болсаң, оның бағасы шетелден әкелінгеннен де төмен болмақ. Неге десеңіз, оны ешқайда тасымалдамайсыз. Ең төменгі бағамен ауылыңды қамтамасыз етесің. Нақты қажетті бағыт болатын болса, оны субсидиялауға да болады. Сырттан әкелінген өнімдердің бағасының көтеріліп кететіні белгілі жағдай ғой. Сол сияқты әрбір ауыл, аудан осыны ескеру керек. Бұл жаңағы ақша айналымын өзімізде қалдыруға бағытталған нақты іс-шаралардың бірі болуы тиіс. Республика бойынша айтсақ, 65 тағамның мөлшермен 14-20 түрін өзімізде шығарсақ, қалғанының көбін сырттан әкеліп жатырмыз. Өзімізде шығара алмайтын дүниелерді ғана сырттан әкелгеніміз абзал. Қазақ тауық өсіре алмай ма? Көп жағдайларда ірі компанияларды мысалға келтіретіндер бар. Мысалға 50000-60000 тауық соятын ірі фабрикаларды айтып жатады. Бидай шығаратын шаруашылықтарды айтады. Олар – ірі шаруашылықтар. Ол – бизнес. Мысалы олардың ойында күзде бидай жинап алған соң, осы өнімін шашпай-төкпей, пайдалы жолмен өткізіп жіберу деген бір ғана ой болуы ықтимал. Олай болуы заңды да, себебі ол – бизнесмен. Ол егер экспортқа кетсе, ауылды қамтамасыз ету мәселесінде кәдімгідей сұрақтар пайда болады. Кейде облыстарға іссапармен барғанда маған «облысты 100 пайыз сүтпен қамтамасыз етіп жатырмыз» деген мәліметтерді келтіреді. Олардан «импорт мөлшері қанша?» деп сұраймын. Олар сәл ойланып тұрып «60 пайыз» дейді. «Егер 100 пайыз қамтамасыз етіп жатсаңдар, неге 60 пайызды сырттан әкеліп жатырсыңдар?» деген сұраққа жауап жоқ. Демек, сүтті шығарып жатқан компаниялардың өнімі басқа жерге кетті деген сөз. Оларды кінәлауға болмайды, бизнесмен болған соң, қай жерде ыңғайлы баға, сонда сатады. Сондай шаруашылықтарға бүкіл тиімді несиелерді беріп келдік. Субсидияны барынша бердік. Басында талап қандай болды? Біріншіден, азық-түлік түрлерімен, ауылшаруашылық өнімдерімен елді қамтамасыз ету. Екінші, ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Біріншісінде де, екіншісінде де мәселе көп. Әрбір ауыл өзін ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету, алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету деген сөз. Бұл мәселенің шешімі әлі де табылған жоқ. Жұмыспен қамту да тұрақты шешілген жоқ. Сондықтан ауылдан адамдар кетіп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, бір облыстан 3 жылдың ішінде облыс бойынша 17000 адам ауылдан көшіп кеткен. Бұндай үрдіс басқа аймақтарда да орын алып отырғаны белгілі. Бұны ескерсек, ауылдың болашағына күмән келтіреді. «Ауыл аманаты» жобасы – бұл мәселені шешудің нақты жолы. Жобаның мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерін шығару ғана емес, ең алдымен ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамту. Неге? Себебі ауылда тұратын ӘРБІР АЗАМАТ ӨЗІНІҢ ТҰРАТЫН ҮЙІН, АУЛАСЫН ӨЗІНІҢ ЖҰМЫС ОРНЫНА АЙНАЛДЫРУҒА МІНДЕТТІ. Екіншіден, ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРА БІЛСЕ, ҚҰБА-ҚҰП. Нақты мысалдар келтіре кетейін. 

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында тұратын 76 жастағы Құтым деген ағамыз өзінің ауласындағы 600 шаршы метр жерден 9 тонна қызанақ, қияр жинап отыр. Осыларды сатып, бір жылда 15 млн теңгеге дейін ақша табады. Ойыл ауданында тұратын Сафура деген келіншек бір жылда 18 тонна көкөніс шығарады. Жұрын ауылында тұратын Жадыра деген қарындасымыз бір жылда 30 тонна өнім өндіреді. Сонда есептей беріңіз, бір аула 9 тонна өнім шығарса, бір ауыл қанша тонна өнім шығарар еді?

Біздің халық дастарқанның сәнін келтіруге көңіл бөледі. Бір табақ еттің қасында бір тарелка тауық еті, түрлі салаттар міндетті түрде тұрады. Осының көбі сырттан келіп жатыр. Осылайша ақша сыртқа кетуде. Бір жиналыста ауылдың бір ақсақалы маған қарата: «Құлпынай, тауық, балық дегендерді өсіріп көрмеген адам едік. Осыларды айтып басымызды қатырып қайтесің? Сол құрғырларың керек болса бір малымды сатамын да, ақшасына сатып ала салмаймын ба?» – деген. «Аға, айтқаныңыз орынды, бірақ айырмашылығын да айта кетейік. Сіз бір малыңызды соясыз да, 400000 теңгені қалтаңызға саласыз. Сіз ойлайсыз, бұл менің ақшам деп. Бірақ ол сіздің ақшаңыз емес! Ол анау көрші елдерден келетін тауыққа немесе көкөніске кететін ақша! Сіз олардың қай жолмен кеткенін де білмейсіз. Бірақ ол шетелге кеткен ақша. Егер ауылдың ішіндегі бір азаматтар осыларды өндірсе, оның бағасы шетелден келгеннен әлдеқайда төмен болады. Онда ол ақша ауылыңда қалады. Өзінің айналымында болады. Оған жұмыс орнын құру оңай. Ондай жерде ауылдың мүмкіндігі артатыны анық. Қараптан-қарап ақшадан айырылуға болмайды», – дедім. Міне, бұл ерекше көңіл бөлетін мәселе. Мен айтқан бір ғана облыстан 150 млрд теңгеге жуық ақша сыртқа кетсе, республика бойынша ойлана беріңіз. Мұның барлығы айналып келгенде ауылдың азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуге тіреледі. Сондықтан бұл Жобаның мәні де мақсаты да ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттырып, ауылдың беделін арттыру! Оны жасамасақ, ауылдан қалаға ағылу процесін тоқтата алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, қаланың мәселесін шешу үшін ауылдың мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу қажет.

БЕС АУЫЛДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛДЫ? 

– «Ауыл аманаты» жобасының ауқымы кең секілді. Осы жобаға кеңірек тоқталсаңыз. Қандай жұмыстар істеліп жатыр?

– Жақында ғана ШҚО, Абай облыстарын аралап келдім. Барлық жерде бірдей жағдай. Табиғи ортасы керемет делінетін Алматы облысының ауылдарының өзінен қаншама адамдар қалаға кетіп қалған. Тек қана Талғар ауданы мен Қарасай ауданында өсім байқалады. Себебі бұл екі аудан Алматы қаласының іргесінде тұр. Қалған ауылдардың жағдайы ұқсас. Табиғаты керемет жерлерден адамдар ауылдан кетуге әуес. Неге десеңіз, табыс көзі тапшы. Қазір қайда барсаңыз да ауылда мүмкіндік жоқ деген сұрақ алдыңнан шығады. Қай жерге барсаң да осы сұрақ. Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы жұмыс істеймін деген адамға жұмыс тауып беретін мүмкіндік дер едім. Бұларды жайдан-жай келтіріп отырған жоқпын. Бір нәтижесін айта кетейін.

Ақтөбеде бес ауылда жұмыссыздық жойылды. Бұдан үлкен қандай жеңіс керек? Бұл – үлкен жеңіс! Осы Жобаның аясында жақында БҚО-ға барып келдім. Облыс бойынша 37 ауылда жұмыссыздық жойылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азая бастады. Мысалы Қобда ауданында Жұмағалиевтер әулеті бар. Солардың келініне 500 тауық әперген едік. Күніне 360 жұмыртқа алады. Күніне 15000 теңге кіріс кіріп тұрады. Бір айда 450000 теңгедей кіріс кіргізді. Мұндай айлықты қалада да алатындар аз ғой.. 

Біз әртүрлі бағытпен айналысуымыз керек. Осы Жоба төңірегінде кейін бал өндірумен, жеміс ағашын баптау, түйеқұс өсірумен айналысып кеткендер көп. Бұл – үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндіктерді пайдаланудың жолына жан аямай кірісу ғана қалып отыр. Неге бұларды айтамыз? Бізде ауылда бір үлкен мәселе бар. Бірге өскен бір ауылдың жігіттері біреуі көтеріліп кетсе, екіншісі жағдайы болмаса да оның қол астына жұмысқа бармайды. Пәленшенің қол астында жүр екен деген сөзге бірге өскеннен кейін намыстанады. Басқа біреу кәсіп ашса баруы мүмкін. Бұл енді қазақтың менталитетінде бар дүние. Мына «Ауыл аманаты» жобасының бір артықшылығы – әрбір ауылға емес, әрбір аулаға көмектесетін мүмкіндік. Әрбір ауылдың ауласында жұмыс орны ашылса, қалаға үдере көшу азаятын еді. Бес баланың үшеуі қалуы мүмкін. Екі баланың біреуі қалуы мүмкін. Неге? Табысы бар жерден халық кетпейді. Қалаға кетіп қалғанының өзі ауылға қайтуы мүмкін. Ақтөбеде «Қаладан ауылға» деген жоба жасадық. Алпыс отбасы ауылға қайта көшіп барды. Халыққа жағдай жасалса болды.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ – АУЫЛДЫ АЯҚҚА ТҰРҒЫЗУ

– Әңгіме арасында тауарлық несие жайлы айтып қалдыңыз. Бұл да жаңа жоба ма? Жалпы халыққа қолжетімді несие ме? Қалай алуға болады? 

– Тауарлық несие қарапайым халыққа тиімді жоба болмақ. Он облысты аралап шыққанда байқағаным, берілген ақшаның көбін малға жұмсаған екен. Бізде етпен қамтамасыз ету деңгейі басқа тағамдармен салыстырғанда ең жоғары деңгейде екені белгілі. Сөйте тұра берілген мүмкіндікті малға жұмсаймыз. Неге? Қазақ соған бейімделген. 5-6 бас жылқысы болса, тағы да 5-6 жылқы алып, соларға қосып жібере салайын деген ой да жоқ емес. Жұмыс орны ашылып, мал алып, оны тиімді жасап жатса, құба-құп. Бірақ бір ауданның, бір ауылдың қорасына, екінші қораға сатып алу арқылы ауыстырылғаннан, сол ауданда, сол ауылда мал саны өспесе, еттің, сүттің көлемі артпаса, қандай пайда? Халықтың қаржысын тиімді игеру – басты мақсат. Оның мағынасы әрбір ауылдың әкімі соны жоспарлап, маған ананы бер дегенді емес, қандай тағамның түрлері сол ауылға қажет деген мәселені тауып, бөлінетін ақшаны соған қарай бағыттаса, нұр үстіне нұр. Бір кемшілік ретінде қазір олардың барлығына айтылып та жатыр бұл сын.

– Сын айтылған жақсы ғой, Ералы Лұқпанұлы. Алайда сіз тілге тиек еткен мәселелер әрбір ауыл әкімінің 

тер бары рас. Мен оған толықтай келісемін. Дегенмен, сүт сауып, оны ары қарай дамытып кету үшін сүт өңдейтін кәсіпорындар болуы керек. Сүтті өткізетін жерің болуы да маңызды. Егер олар болмаса, әдетте өзіне қажетті сүтті сауып алады да, сиырды жібере салады. Қайтем оған бас қатырып дейді баяғы. Ауылда отырып құрғақ сүт ұнтағын қосып шәй ішетіндер қарасы мол. Нақты мысалдар келтірейін. Мысалы БҚО-да Қоскөл деген ауылда сүт өндірісімен айналысатын бір компания 3 тоннадан асатын сүт сақтайтын мұздатқыш қойыпты. Соған ауылдың әйелдері күнде келіп сүт өткізіп, ақшаларын қолма-қол алып отырады екен. Мұны көрген ауылдастар сиырларын ешкімнің үгіттеуінсіз өздері сауып, жүгіріп барып өткізіп ақшаларын алып кетіп жатыр.

Қазір кооперативтер қайта құрылып жатыр. Бірақ бұрынғыдай 2-3 адамнан тұратын кооператив емес. Ол көз алдау. Қазір бір ауыл – бір кооператив. БҚО-да 35 адамнан ұйымдасқан кооперативті, 380 адамнан ұйымдасқан кооперативті көрдім. Бір бригада сүтпен, екінші бригада шөп дайындаумен айналысуда. Бір орамын (рулон) өздеріне 3000 теңгеден сатады. Ал сыртқа сатса, нарықтық бағамен 5000 теңгеден береді екен. Кеше шығыста көрдім, кей жерлерде бір орамының бағасы 9000 теңгеге дейін сатылып жатыр. Мұның барлығы мотивация.  

Егер мотивация болса, адамдар өздері келіп қатысады, бірде-бір адамды кооперативке қатынас деп үгіттемей-ақ өздері ерікті түрде ұйымдаса кетеді. Олардың барлығында мүмкіндік болғанын ескерген дұрыс. Ол мүмкіндікті біз жасауға тиіспіз. Мысалы сүттің өңделуі, еттің өңделуі дегендей. Таяуда Ұлытауда болдық. Ұлытау ауданында 300000-ға жуық мал бар екен. Бірақ ет өңдейтін кәсіпорын жоқ. Ауданның өзінде болуы керек қой. Бір бас малын ақшаға жарату үшін оны сояды, қалаға тасымалдайды, өткізу үшін де біраз жүгіреді, ортада делдалдары пайда болады... Мұның барлығы шешілмеген сұрақтар. Осы орайда айта кетейін, «Ауыл аманатының» да мақсаты әрбір осындай кооперативтің ішінде, не болмаса бір ауылдың ішінде, осындай дүниелерді тұрғызуға күш салу. Халыққа тиімді жағын қарастыру. Ол енді оңай дүние емес. Барлығына уақыт керек. Тауарлы несиені бастап қойдық. Оны не үшін жасадық? Ауылдағы көп азаматтардың «Ауыл аманатына» қатысуға жағдайлары болған жоқ. Олар кімдер? Олар жағдайы төмен адамдар, жалғызбасты және көпбалалы аналар. Неге қатыса алмайды десеңіз, оларда кепілге қоятын мүлкі жоқ. Кейбіреулері қара шаңырақта тұра берген, тағы біреулері құжаттарын реттемей көшіп кеткен... Сондықтан мұндай адамдар бұл бағдарламаға қатыса алмаған соң, ауылдың бизнесмендерін шақырып алып, ешқандай кепілсіз, ешқандай өсімсіз, мемлекеттен бір тиын ақша алмай, халыққа мал таратайық дегенбіз. Тегін емес, қайтарымды мал. 5 жылға бердік. 10 сиыр апарып берсек, (біз буаз сиырларды апарып бердік) күзге қарай ол 20 сиыр болады. Келесі жылы ол бұзаулар баспақ, сол баспақтың төртеуін қайтарып береді. Үшінші жылы тағы төртеуін қайтарасыз, сөйтіп үш жылда 12 бас малын қайтарып бересіз. Келісетін болса, 5 жылға сенің қораңда 30-ға жуық мал тұрады. Біз Ақтөбе облысында 4800 бас малды осылай таратып бердік. Түгі жоқ адамның қорасына 10 сиыр апарып кіргізіп беру дегеніңіз, бір күнде 4,5 млн теңгенің малын қолына апарып берумен тең. Осы жобаны бастағанда бизнесмендер «егер олар сойып алатын болса не істейміз, кепілдікте зат жоқ қой» деген сұрақ қойды. Иә, олар сойып алуы да мүмкін. Ауданның әкімі де оған кепіл бола алмайды. Мен оларға «Ауылдың әкімі үшінші адам болып қол қояды!» дедім. Форс мажор болса, кешегідей су тасқыны секілді апаттарда қаншама мал қырылды. Төтенше жағдай болса, тәуекелді билік өз мойнына алуы тиіс. Ауылдың әкімі неге қол қояды? Малды алатын адамды ауылдың әкімі өзі анықтауы керек. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, ауылдағы адамдар да әртүрлі... Ауылдағы ақсақалдар алқасы бар, барлығы кімге беру керектігін ақылдасып шешеді. Шалқарда Камшат деген қарындасымыз бар. Сол қыз бір күнде, әрқайсысы 120 бас асылтұқымды сиырын таратып берді. Кейін бұл үлкен жобаға айналды. Жаңағы Камшат қарындасымыз 4000 бас қойын да солай таратты. Англиядан оқып келген Камшат өзі келіп қожалыққа ие болған. Неге осындай шешімге келдің деген сұраққа: «Аға, бұл бір жағынан халыққа керек. Екіншіден, мен қыз баламын ғой, мұнша қойды бағып қағу да оңай емес. 50/50-мен келісіп беріп жатырмын. 4000 тұяқ қой, бір отарда 600 бастан десек, кемі 6 отар қой. Бір отарды бағуға 4 қойшы керек. Енді бұларды бағу үшін қойшы іздемеймін, жем-шөбіне де бас қатырмаймын, төлдеп жатқанда арттарынан жүгірмеймін», – деп жауап берді. Бұл кейін үлкен жобаға айналып кетті. Былай қарасаңыз, екі жаққа да өте тиімді нәрсе. Малы жоқ адам малға ие болып шыға келеді. Ал мал иесі қызметшіге айлық төлеп, қосымша шығындарына қаражатын шашпайды...

– «Ауыл аманаты» жобасының халыққа берер пайдасы көп болары шүбәсіз. Бұл Жобаны өзге облыстарда жалғастырып жатырсыздар ма ?

– Енді бастап енгізіп жатырмыз. Жақында ғана Түркістан облысында 4000 тұяқ қойды осылай таратып берді. Басқа облыстарға да осыны енгізіп жатырмыз. Бюджеттен бір тиын шығындамай, осындай жұмыстар істеу деген көзсіз ерлік. Былай қарасаңыз, ауылдағы адамдардың басын қосуға таптырмас мүмкіндік, бір-біріне деген ризашылығы тағы бар. Тіпті бір-бірімен араласпай жүрген адамдар осы тауарлық несиенің айналасында бірлесіп жұмыс істеуге кірісті. Жоғарыда кооперативтер туралы әңгіменің шет жағасын бастадық, қазір «Бір ауыл – бір кооператив» деген жоба енгізіліп жатыр. Бұл да жақсы бастама деп ойлаймын.

– Бұрын осы кооператив дегенге қарсы шыққандар болды ғой? Түрлі себеп-сылтаулар айтып, кооперативті түкке алғысыз еткендер есімізде...

– Иә, мұндай жағдайлар болған. Қазір де солай формалды түрде құрылған кооперативтер бар, мысалы бір кооперативке үш адамнан кіреді. Ондағы түпкі мақсат ауылға көмектесейін деген ниет емес, тек бизнеспен айналысу ғана. Мемлекеттен бөлінетін 27 миллион теңге ақшаны бөлісіп алу ғой. Ондайлардың барлығына тоқтау салынды. Қазір «бір ауыл – бір кооператив» жобасын қарастырған абзал. Неге? Себебі ол жеке адамдардың мүддесі ғана емес, кооператив ауылға көмек көрсететін ұжым болуы керек. Оның ішінде агроном, зоотехник, ветеринар сияқты мамандар – барлығы болуы шарт.

– Сіз айтып жатқан дүниелердің құжаттары айқындалып, бір ізге келтірілген бе? Әлде құр жоба ғана ма?

– Иә, барлығының құжаттары дайын, енгізілген. Дегенмен жүзеге асыру жолдарында ақаулары жоқ емес. Оның барлығына облыстарды аралау нәтижесінде нақты шешімдер қабылданып, тапсырмалар берілді. Қазір БҚО-ның тәжірибесін негізге ала отырып, бүкіл елге жалпыластырып жатырмыз.

«QAZAQSTAN DAUIRI» ГАЗЕТІНІҢ «АУЫЛ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНДА АТҚАРЫП ЖАТҚАН ІСІ ЗОР 

– Шындықты айтайық, қазір ауылда жағдай мүлде төмен деуге келмейтін тұстары да бар. Қарасаңыз, ауылда, қалада күнде тойлатып жүрген халық. Бір-бір машинаны тізгіндеп жүрген ел. Бұған да тәубе деу керек шығар. Өзіңіз айтып өткен жеңілдіктерді кепілге қояр мүлкі бар, қалада қос-қостан үйі бар қалталы азаматтар көбірек пайдаланып кетіп жатқандай... Қарапайым ағайынның кепілге қояр үйі арзан. Бұл өзі айтыла-айтыла жауыр болған сауал. Осы мәселе қалай шешілмек? Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру ісі қалай жүргізілуде?

– Иә, бұл мәселеде проблема бар. Мүмкіндігі жоқ адамдарға да тиімді жағын қарастырып жатырмыз. Үйлерін кепілге қоя алмаса, басқа нұсқаларын ұсынудамыз. Мен Ақтөбеде бір тиын ақшаны малға бергізген жоқпын. Етпен өзімізді толықтай қамтамасыз етіп отырып, ақшаны тағы да малға шашып, бюджетті ысырап етуге қақымыз жоқ! Тиімді пайдалану жолын қарастыруымыз керек қой. Ауылда сүт емген бұзауды семіртіп сатуды қолайлы көретіндер бар. Бұл айналып келгенде қаржылық сауаттың төмендігі дер едім. Өйткені бір бұзаудың өскенін бір жыл күтесіз. Сол аралықта сиырдың сүтін сатқанда немесе өнімге айналдырғанда оның пайдасы да аз болмас еді. Екіншіден, ешкім оған ренжімеуі керек деп ойлаймын. Кейбір жерде «халық жалқау» деген айтылып қалып жатады... Халық жалқау емес, оған табыс көзін, жолын түсіндіріп айту жағы кемшін. Бағана айтып кеттім ғой, сүт болса, сүт өңдеудің жолын қарастыру заман талабы. Егер күн сайын сатқан сүтінің ақшасын қолма-қол алып отырса, оған үлкен мотивация болар еді. Егер істемейміз деген адамдар болса, олар өздері біледі. Атаулы әлеуметтік көмек алып, сонымен «тойлатып» жүргендер бар, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін айырылысып кеткендер де жетеді, қағаз жүзінде айырылысамыз деп, өмірде айырылысып кеткендер жоқ емес. Әр адам өз өміріне өзі жауапты. Әр адамның артынан жүру міндет емес. Бірақ біздің міндетіміз – әрбір ауылды, әрбір ауланы аралап, мынадай мүмкіндіктерді түсіндіріп, оларға жағдай жасау. Кімнің ақылы жетіп пайдаланып, ары қарай алып кетсе, онда құба-құп. Бірақ тағы да қайталап айтамын, оны бүкіл мемлекеттік органдар, партиялар, қоғамдық ұйымдар болып барлығымыз бүкіл елге түсіндіріп, пайдасын дәлелдеп айтуымыз міндет. Бір рет емес, керек болса жүз рет айтуға тиіспіз. Міне, сіздер қаншама жылдан бері «Ауыл» экспедициясын жүргізіп келе жатырсыздар. Халыққа осыны түсіндіруіміз керек. Халық өзіміздің халық қой, қандай болса да өзіміздің ел. Өзіміздің адамдарға шамамыз келгенше жағдай жасауымыз парыз. Қазірге дейін біз ұсынған жобаларды пайдаланғандар пайдаға шығуда. Нақты мысалдар толып жатыр. Мысалы Ақтөбе облысында бір жылдың ішінде 100-ге жуық жылыжай пайда болды. 30 жылдың ішінде 44 орында ғана жылыжай болған еді. Тауық етімен 5,4 пайыз қамтып келсе, бір жылдың ішінде 200000 тауықты таратып бергеннен кейін мөлшермен 37 пайызға жетті. Бұларды бір ірі компанияға берсек, ол бір адамның ғана бизнесі болар еді. Ал мынау әрбір азаматтың өз ауласындағы жұмыс орны, әрбір отбасының мүмкіндігі деген сөз. Сол мүмкіндікті жасау қажет. Азаматтардың барлығы бизнесмен болып кетпейді. Бірақ әрбір адамның кәсібі табысына айналуы тиіс. Ауылдың әкімдері күні-түні осымен айналысса, бір нәтижеге иек артары сөзсіз.

– Олай болса «Ауыл аманаты» жобасын ең алдымен ауыл әкімдерінен бастау керек болып тұр ғой? Олар Жобаны терең түсінсе, халыққа түсіндіру жұмыстары да жеңілдей түсері белгілі.

– Иә, қазір барған жерімнің барлығында ауыл әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы бір маңызды мәселе ауылдағы адамдардың көбінің басында несиесі бар. Кейбір деректерге қарасақ, ауылда тұратындарының 50 пайызы екінші деңгейлі банктерге қарыз десе, кейбір деректерде 60 пайыздан астам ауыл халқы банктерге берешектерін өтеп жатыр дейді. Осындай адамдар да біз ұсынған тауарлық несие жобасын пайдалана отырып, малды өсіріп, қарыздарынан ертерек құтылуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, ондай жағдайы жоқ болса, үшінші адам кепіл бола алады. Яғни қалада тұратын жағдайы жақсы туыстары да кепіл болуына мүмкіндік бар. Ауылда тұратын бизнесмендердің арасында бір-біріне сенетін, сол жұмысты ары қарай дөңгелетіп әкете алатынына сенетін адамдарына кепіл болғандары да бар. Ауылдың аяққа тұрып кеткен азаматтарына кепіл болғандары да бар. Ондай мәселеде әкімнің өзі ақылдасып шешуі керек. Кез келген адамды олай апарып малды негізсіз тарата салуға да болмайды. Адам ұмтылуы керек, «Талаптыға нұр жауар» дейді қазақ. Жақында Алматы облысына барғанда, Жәнібек деген азамат туған ауылына тегін таратамын деп, Қостанайдан 100-ге жуық бас мал алып келді. Үш отбасыға 30 қойдан таратып берілді. Енді 5 жылда қайтқан қойын аламыз да, басқа отбасыларға беруге шешімін қабылдады. Ондай да Атымтай азаматтар бар ортамызда. Кооперативті дұрыс ұйымдастырса да қыруар жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазір, шынын айтқанда, ауыл әкімдерінің қолында көп билік жоқ. Билік ірі шаруашылықтардың қолында. Егер жаңағыдай кооперативтерді дұрыстап құрса, тауарлық несиені дұрыс ұйымдастырса, ол әкімнің қолындағы құралы болар еді. Кооперативті дұрыс құрса, біраз мүмкіндіктердің есігі ашылады. Оларда мамандар да, техника мен қажетті құрал-жабдықтар да болар еді. Біз кейде қыста қар тазалауға да үлгермей жатамыз ғой. Әрбір аула өзінің өнімдерін қалай сатамын деп есігінің алдында ұстап отырмауы керек, оны кооператив арқылы жинап, молайтып өткізу жолдарын қарастыру заман талабы. 30 жылдың ішінде халық бөлек-бөлек жүріп шаршады деп ойлаймын, қазір бірігіп жатыр. Мысалы Түркістанда «Түркістан агро» деген компания бар. 112 ұжымның бастары қосылды қазір. Олар солай біріккеннен кейін табыстары 2 есеге өсті. Мал бағу, бордақылау, шөп жинау, көкөніспен айналысатындар – барлығы бар.

– Сіздің ойыңызша, осы «Ауыл аманаты» сынды жобалармен ауылдарды сақтап қалу мүмкін бе? Қыруар қажеттіліктермен қоса қазір байланыс, интернет саласының маңыздылығы да артып отыр. Ал ауылдарда байланыс нашар, тіпті мүлде жоқ жерлер бар. Ондай жерде кімнің тұрғысы келеді? Сіз айтқан жобаны толық жүзеге асыру үшін барлық министрліктер атсалысып, бірлесе жұмыс істеп, кем-кетікті бірге толтырып отырғаны дұрыс-ау? Себебі жоба өте ауқымды екен. 

– Бір ғана «Ауыл аманаты» жобасымен адамдардың ауылдан кету үдерісін тоқтатып қаламыз деген ойдан аулақпын. Оқу бітірген жастар ғылым қуғысы келеді, үлкен жерге қызметке кететіні қаншама. Сондықтан бұдан басқа да кешенді жобаларды жүргізу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Сіз айтқан байланыс, интернет деген пікірлермен толықтай келісемін. Бүгінгі күннің талабы – интернет. Екінші үлкен сұрақ – ауылдық жерлердегі білім мәселесі. Мүмкіндігі шектеулі мектептер дейміз ғой. Мұндай білім ошақтарын кітаппен, материалмен қамтамасыз ету мәселесі бар. Бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретін жерлер барын кім жоққа шығарады? Осындай жетіспеушілікті шешу үшін Ақтөбеде «Білім ал» деген жоба енгіздік. Мұнда математика, химия, физика, биология, ағылшын тілін негізге алдық. Сол бес пәнді оқыту үшін онлайн сабақтар енгіздік. Таңдаулы 36 мұғалім бес пәннен онлайн режимде сабақ беретін етіп орналастырдық. Осылайша шалғайдағы ауылдардағы балалар да жоғары деңгейлі мұғалімдерден сабақ тыңдай алатын жағдай жасалынды. Ал бұл жерде босаған мүғалімдерді қысқартқан жоқпыз. Ауылдың тағдыры үшін оларға шығындалатын 400 млн теңгеден астам қаражатты ажыратып отырдық. Ол мұғалімдер оқушыларды ұйымдастыруға жауапты болады. Өздері де бірге отырып сабақ тыңдап, тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Онлайн сабақ аяқталғаннан кейін, үлгере алмай қалған балаларға түсіндіреді дегендей. Осы арқылы 10000 бала бір сыныпта отырып оқу оқыды. Бұл жерде шалғайдағы аз қамтылған 200-250 адам тұратын ауылға білікті мұғалімдерді қызметке баруға көндіру де оңай емес екенін ұмытпаңыз. Біз осылай кадр мәселесін шештік. Бір жылда осылайша білім саласындағы біраз мәселелердің шешімі табылды, соның ішінде қала мен ауыл арасындағы білім деңгейі бір оқу жылының ішінде 15%-дан 10,3%-ға төмендеді. Дегенмен интернеттің мәселесін толықтай шешу үшін де қыруар қаражат пен біліктілік қажет. Барлық ауылдарды интернетпен қамту үшін министрліктермен ақылдасып жатырмыз. Сондықтан ауылдардың проблемаларын шешу үшін «Ауыл аманаты» жобасы, екінші – интернет, үшінші – білім саласындағы мәселелерді шешу, төртінші – денсаулық сақтау саласы, бесінші – мәдениет саласы, алтыншы – инфрақұрылым өзектілігін жоймай тұр. Инфрақұрылымды шешуге арналған бірнеше жылдан бері қолға алынып жатқан «Ауылым – алтын бесігім» деген жобаның бойына қан жүгірді. Осылайша барлық проблемаларды түбегейлі шешуге қадам жасалуда. Ауыл деген – үлкен энергетикалық күші бар дүние. Ол – халықтың, мемлекеттің болашағы. Ауылымызды сақтап қала алмасақ, болашақ қиын болмақ. Біз айтып жатқан «Ауыл аманаты» жобаcының түпкі мақсаты 11 тармақтан тұрады (Жұмыс орны, АСП, Жоғары кіріс, Орта бизнес, Өнім көлемі, Мал басының саны, Қайта өңдеу, Кооператив саны, Жер өңдеу, Салық, Кедейлік деңгейі). Бір жолы ауылда тұратын бір бизнесмен жігіт маған: «Аға, біздің жұмысшыларды алып кеттіңіздер ғой», – деді. «Енді әркім өз алдына кәсіптеніп, табыс тауып жатқан соң, біреуге аз айлыққа жалдана қоймайтыны белгілі ғой. Айлықты 400-500 мыңға көтеріп берсең, барады», – дедім күліп... Енді ондай жұмыстар уақытша жұмыстар ғой, жазда бар, – қыста жоқ. Тұрақты жұмыс – тұрақты айлық. Біздің көксегеніміз де осы! «Ауыл аманаты» жобасы да ауыл халқына ауырлық тудырмау. Ауылды түрлендіруге, гүлдендіруге жол ашу. Халықтың тұрмысын жақсартып, елдің еңсесін көтеруге қызмет ету!

– Қат-қабат жұмысыңыз бола тұра уақыт тауып, «Qazaqstan dauiri» газеті журналистерінің сауалдарына жауап бергеніңізге рақмет! Қолға алған істеріңіз алға баса берсін!

– Cіздерге де рақмет айтамын!

Сұхбаттасқандар: Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
14.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 198
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1069
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1108
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1088

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6082
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5524
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8711
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6515
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7722