2025 жылдың 15 желтоқсан күні Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, журналист Сәуле Мешітбайқызымен кездесу өтті. Сәуле Мешітбайқызы Әулиеата өңіріне «Ауыл тағдыры - ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясымен келіп, түрлі сала өкілдерімен мазмұнды кездесулер өткізуде.
Бүгінгі кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды: ауыл мен ұлт болашағын бір арнада тоғыстыратын өзекті тақырыптар, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолдары, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, суицид, лудомания, жанұялардың ажырасу мәселелері, ұлттық құндылықтарын дәріптеу және т.б. мәселелердің шешу жолдары талқыланды.

Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы республикалық экспедицияның жоспарымен бөлісе келе, ұрпақ тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлу қажеттігін айтып, балаларды мейірімділікке, бауырмалдыққа бағыттаудың маңыздылығын атап өтті және осы бағытта маңызды іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар ұлттық идеологияның ел тұтастығы мен рухани қауіпсіздік үшін маңызын ерекше атап өтті. «Идеология - мемлекеттің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін тірек. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа буынды заман талабына сай тәрбиелеу - ұлттың болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактор. Әсіресе қазіргі ақпараттық ағыны қатты заманда жастардың санасына ұлттық тәрбие мен мемлекетшілдік ұстанымды дұрыс сіңіру қажет деп айтты.

Колледж директоры Картаков Асхан Уайысұлы әлеуметтік экономикалық және саяси мәселелерді айта келе ұлттық құндылықтар туралы айтып, колледждегі жастармен ұлттық құндылықтарға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады. Желтоқсан айының 3-6 күндері Астана қаласында Техникалық және кәсіптік білім беру саласының «WorldSkills - 2025» Республикалық чемпионаты 45 құзыреттілік бойынша өткізіліп, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен 10 құзыреттілік бойынша қатысып, «АКТ желілірінің инфрақұрылымы» құзыреттілігі бойынша колледж студенті Ақжан Тоқтыбайдың «Алтын» жүлде иегері атанды және «Кірпіш қалау», «Автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Электромонтаждау», «Визуалды мерчендайзинг» құзыреттіліктері бойынша колледж студенттері Бейсенқұл Ерболат, Ражаббаев Бехруз, Коммунарбек Айбек, Этеева Виктория «Үздік маман» медальондарымен марапатталды.

Сонымен қатар, ұжым тарапынан сұрақтар қойылып, еліміздегі маңызды проблемалар, білім саласындағы педагог мәртебесі, ата-ана жауапкершілігі, жастар тәрбиесі және т.б. мәселелер қозғалды.
Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы колледжге және оқытушыларға «Намыс қайрағы», «Ұлт шырағы», «Сұңғыла қарт, абыз ақсақал» атты кітабын сыйға тартты.

Сәуле Мешітбайқызы республикамыздың әр түкпірінде, ұжымда, қоғамдық-саяси өмірінде маңызды тұлғалар, зиялы қауым мен барлық әлеуметтік топтар арасында зор құрметке ие жандардың бірі. Колледж ұжымы Сәуле Мешітбайқызына зор денсаулық, сарқылмас қуат пен шабыт тілейді!











