Биыл Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына 11 жыл толды. Қазақ халқы ұрпағын ежелден атаның өсиеті, әженің қасиетімен ұлағаттап, тәрбиелеген. Әсіресе, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашан да жоғары болғаны айнымас шындық. Әжелер алқасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жайлы бізге Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов әңгімелеп берді.
«Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды, – дейді Жеңісбек Мәуленқұлов. – Осы орайда батыр Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын» деген екен. Шындығында, оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыз ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан марқұм қалып бара жатқан жоқ па деген ой мазалады. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы 3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасының іргесін қаладық.
Осы уақытқа дейін жалпы 250-ге жуық іс-шара өтіп, оған 25 мыңнан астам жас тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әже марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстар салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде.
Өткен жылы Әжелер алқасының құрылғанына 10 жыл толып, аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай Әжелер алқасы облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда. Әжелер алқасы құрылғаннан бергі осы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып, таратылды.
Өткеннің жауһарын сүзіп алып, бүгіннің озығымен ұштастырып отырған бұл ұйымның жұмысы Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. Былтыр 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал, мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Біздің Әжелер алқасы Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отырғаны даусыз. Осындай маңызы бар істің біздің оңтүстік өңірінен бастау алғанына қуанамын және мақтаныш тұтамын».
Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-бабалар аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені, олардың өлшеусіз рөл атқаратыны ақиқат.