Әжетхана заманға сай ма?

Әжетхана   заманға   сай ма?

Тазалық бар жерде денің сау болады. Таза жерде жүрсең, көңілің де тазарып, істеген ісің өнеді. Көшеде келе жатып, көше тазалығына да қараймын. Алматы әсем де үлкен қала, әйтсе де тазалығы жағынан керемет дей алмаймын. Қоқыс көп.  Қоқыс жәшіктерінің жанынан өткенде мұрынға келетін сасық иісті айтсаңшы. Бұл ештеңе емес. Көшеде келе жатып, дәрет сындырғың келсе, еш жерден әжетхана таппайсың. Кез келген жоғары оқу орындарына, мемлекеттік мекемелерге кіре алмайсың. Есіктің алдындағы күзетші сені ғимаратқа бір адым аттатпайды. Әсіресе, балалармен келе жатқанда қиын. Адам болғаннан кейін қажеттілік болады ғой. Еуропа елдерінде бұл мәселе шешіліп қойған. Бізде осы мәселе қашан шешіледі екен? Жер асты өткелдерінде болушы еді, қазір оны да көре алмай жүрміз. 

   

Қазақ жері кең-байтақ. Жылда жолымыз түскенде ел аралаймыз. Бұрынғыдай емес, қазір жолдар да жақсарды. Көлікпен  жүрсең жолай тоқтап, дем аласың. Талдықорған жаққа жиі барамыз. Жаз болса Алакөлге міндетті түрде. Тоқтайтын елді мекеніміз – Арқарлы. Одан кейін Талдықорғанның өзі. Әрі қарай Үшарал, міне осы жерге келгенде сыртқа шығып, дәрет алайын десең, дәретхана біреу-ақ, келіп тоқтайтын көлік саны бірнешеу. Кезек күтуге асыққандар үйдің сыртына қарай жүгіреді. Қол жуатын жер тағы керек. Тазалық жоқ. Қаншама адам түзге отырған жерде қандай тазалық болсын! Шашылып жатқан қағаздар, түннің ішінде аяғыңның астында не жатқанын көрмейсің де. Осындай жағдайды  Семей мен Өскемен жақтағы жолдардан да  байқадым. Бірде «Перзент» балалар үйінің директоры Әмина апайдың Семей бағытындағы жолда сыртқа шығатын, не дәрет алатын жер жоқ екендігін айтқанын естіп едім. Ұзақ жолға шыққан жолаушылар тоқтап,  тамақтанады. Қол жуатын да жер керек. Қазір намаз оқитын намазхандар көп. Оңтүстік жақта жолай кездесетін  мешіттер бар. Бірақ тағы да дәрет алатын жер жоқ. Әжетхана сыртта, іші лас. Тамақ ішетін жерлерде де тазалық жоқ, әжетхана сыртта. Құлайын деп тұр. Ішіне кіре алмайсың. Қазақстанның қай түпкіріне барсаң да, құлайын деп тұрған, іші лас әжетханалар. Сырттарының бәрі толған нәжіс. Жолыңыз түсіп, Өзбекстанға бара қалсаңыз, мал қорасына дейін тап-таза ғой, шіркін! Үйіңде қалай тазалық сақтасаң, сыртта да солай болуы тиіс. Үлкен трассадағылардың  есігі жабылмайды, жабылса ашылмайды, соған миллиондаған қаражат жұмсалады. Сұрауы жоқ. Ал теміржолға келер болсақ, теміржол бекеттерінде бар, бар деген аты ғана. Жылдың төрт мезгілінде де іші лас, кіре алмайсың, қыста ішіне тайып құлайсың. Қатып қалған. «Қостанай – Алматы» бағытында жүретін пойызда әжетханалардың бір жағы жұмыс жасаса, екінші жағы жұмыс жасамайды, іштері кір, ескі. Вагондарының өзі ескі, алқам-салқам. Солай жолаушыларды тасимыз. Жазда демалуға Алакөлдің Ақши, Көктұма жақтарына барамыз. Жағада отыратын орын жоқ. Лас, ешкім жинамайды. Жағадан алыс бір ғана әжетхана бар.  Бала-шаға оған бармайды, жағадан бір-екі метр барады да отырып келеді. Немесе судың ішіне жібереді. Жағадағы үйлердің құлайын деп тұрған әжетханасына  барасың, әрине, қалтаңда тиын болса. Әрлі-берлі тамақ сатқан саудагерлер. Солардың жағдайын жасап, жағаға дүңгіршектер салып қойса ғой. Адам сияқты барып отырып тамақ ішесің. Әсіресе, Көктұмада тазалық атымен жоқ, үйілген топырақтың жағасында шомыласың. Тазалық сақтауды қашан үйренер екенбіз? Шетелге жиі барамыз, көптеген шетелдерде барлық санитарлық норма жақсы сақталған. Бізде неге жоқ? Осындай келеңсіз жағдайларға қай мекеме жауап береді? Қалай болғанда да халыққа  дұрыс қызмет жасауымыз керек қой. Қалада да, демалатын жағажайда да, ұзақ сапар шексең, жолда да қиналасың. Жолаушылар пойыздары, теміржол бекеттері, курорттық, демалыс орындарындағы, үлкен жолдардағы, жолдағы мешіт үйлеріндегі әжетханалардың  бәрін ретке келтіру керек. 

Априза АЙТБАЕВА
31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 39
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381