Ташкент облысының Қыбырай ауданында қазақ ұлтының өкілдері көпшілікті құрайды. Білім беру, тәлім-тәрбие, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметте, сауда-саттықта, банк жүйесінде, ауылшаруашылығында, спорттың барлық түрінде, тағы басқа салаларда біздің қазақ азаматтары еңбек етеді. Олардың арасында қоғам белсенділері, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, депутаттар, түрлі мекеме басшылары және чемпиондар бар. Солардың бірі аудандағы «Қыпшақ» ауылының жігіті Руслан Абдуллаевты айтуға болады. Ол жуырда Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен U-22 Азия чемпионаты моңғолиялық қарсыласын жеңіп, чемпион атанды. Сонымен қатар осы чемпионатта «Азияның ең үздік боксері» атағына да ие болған. Жас чемпионның бұл жеңісі еліміздегі барша қандастардың мақтанышы.
Соңғы кезде байқағаным, қазақ жігіттерінің спортқа деген қызығушылығы жоғары. Арнаулы спорт мектептерінде де біздің қарадомалақтар көп. Руслан да Ташкент облысындағы арнаулы спорт мектебінде тәрбиеленген. Оған дейін өзі жасайтын «Қыпшақ» ауылында, содан соң аудандағы Спорт мектебінде бапкерлерінен бокстың қыр-сырын үйренген. Оның алғашқы ұстазы әрі ағасы Ерғали Ярашевтың айтуынша Руслан жетістікке жету үшін көп тер төккен, небір қиындықтардан өткен. Ерінбей жасаған жаттығулары оны спортшы ретінде дамытса, қиындықтар оның ерік-жігерін шыңдаған. Ол спортқа ерте келген. Соның нәтижесі болар ол бұған дейін 10 рет Өзбекстан чемпионы атанған екен. Ал, халықаралық аренада биыл алғаш рет чемпион атанды.
– Бокстың қыр-сырын меңгеріп, жаттығып жүргеніме 9 жыл болды. Менің алғашқы бапкерім Ерғали Ярашев. Оның маған көп еңбегі сіңді. Бүгінгі жетістіктерімнің барлығы бапкерлерімнің арқасы деп білемін. Қазіргі бапкерім Фаррух Қиличевқа да алғысым шексіз, – дейді Азияның ең үздік боксері Руслан Абдуллаев.
Бүгінгі таңда Руслан мамыр айында өтетін Азия чемпионатына, тамыз айында болатын Азия ойындарына, келесі жылы Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлаған. Сондай-ақ атышулы Олимпиада ойындарына да қатысқысы келеді.
Негізі Қыпшақ ауылының балалары боксқа, самбоға, тағы басқа спор түрлеріне көп қатысады екен. Мұны Русланның құрметіне ауылдағы №13 жалпы орта білім беретін мектепте ұйымдастырылған шараға қатысушылар атап өтті. Сонымен қатар ауылда ардагер спортшылар да бар. Исмат Үмбетов, Абдурашид Ұзақов, Абдугамал Жаңабаев және Ғафур Нишанхожаевтарды атап өткен орынды.
Соғыс кезінде бұл ауылға әлемге әйгілі, жауырыны жерге тимеген балуан атамыз Қажымұқан Мұңайтпасов келіп, өнер көрсеткен екен. «Түйе аунаған жерде жүк қалады, ат аунаған жерде түк қалады» деп текке айтпаған ғой бабаларымыз. Мүмкін бұл ауылдың жігіттеріне балуан атамыздың қасиеті дарыған шығар, мүмкін соңғы кезде жастарға жасалынған мол мүмкіндіктер мен ұлтаралық татулықтың арта түскені болар.