Газетіміздің бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бастаған «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Қызылжар өңірінде болды.
Алғашқы күні экспедиция мерзімдік баспасөзге жазылу маусымына орай Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жүсіп Жұмағұлов өткізген селекторлық кеңеске қатысты. Аталмыш шараға «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Білім беру басқармалары мен БАҚ өкілдері, бейнебайланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Онда экспедиция басшысы Сәуле Мешітбайқызы елімізде ұлттық құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеу, оған мерзімдік баспасөздің тигізетін пайдасы жайлы келелі әңгіме қозғады.
Осы күні «Qazaqstsn dauiri» ЖШС-нің бас директоры Қызылжарда таяуда ғана ашылған ақиық ақын, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев атындағы орталықта болып, жаңа кешеннің жұмысымен танысты.
Аталмыш орталықты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» сыйлығының иегері, «Мағжан» журналының редакторы Жарасбай Сүлейменов басқарады. Алты бөлмеден тұратын ғимараттың ішкі құрылымы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жиналыс өткізуге арналған зал, кітапхана, «Мағжантану» жастар клубының бөлмесі қарастырылған. Жарасбай Қабдоллаұлының айтуынша, бұл орталық жас зерттеушілер мен әдебиет сүйер қауымның еркін бас қосып, ақын мұрасы жайлы ғылыми, шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ орталық аумағында арнайы арт-аймақ ұйымдастырылып, сол жерге Мағжан Жұмабаевтың шағын архитектуралық мүсіні орнатылған. Көркемдік талғаммен жасалған бұл мүсін гранит, керамика және қоладан құйылып, ақынның бейнесін айрықша стильде бейнелейді.
– Мағжан орталығы – қазақ руханияты үшін маңызды нысан. Ол тек бір тұлғаның шығармашылығын ұлықтап қана қоймай, жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына тың серпін беретін мәдени ошақ болатынын байқадық. Ақиық ақын заманының ғимараты бұрынғы сәулетін бұзбай, асқан шеберлікпен қалпына келтірілген екен. Орталықтың алдағы істеріне сәттілік тілеймін, – деді экспедиция басшысы Сәуле Мешітбайқызы.
Экспедиция өз жұмысын келесі күні Есіл ауданында жалғастырды.