Дәстүрлі «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» экспедициясы 8-13 қазанда алқабын дән тербеген Ақмола өңірінде болды. «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы бастаған экспедицияны облыстық Ішкі саясат басқармасының бас-тығы Г.Каримова қарсы алып, экспедицияның мақсатымен танысып, жиын ұйымдас-
тырды. Облыстың Білім, Мәдениет, ауыл шаруашылық, Денсаулық сақтау басқармасының басшылары, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы және «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының өкілі қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Д. Айтпаев басқарып, экспедиция жайын қысқаша таныстырды.
Газетіміздің бас редакторы Е.Айғалиұлы:
– Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті еліміздің әр облыс, ауданын аралап, аймақ тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі игілікті істерді, өзекті мәселелерді анықтап, саралайды, жақсысын насихаттайды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен танысып, түйткілді мәселелер кездессе, оны шешудің жолдарын қарастырып, келеңсіздік болса, билікке жеткізеді. Президент Жолдауының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын баспасөз арқылы оқырманға насихаттайды, – деп, сапардың мақсатын қысқаша таныстырды.
Экспедиция мүшелерінің ой-пікірін тыңдаған Д.Айтпаев әкімшіліктің басқарма басшыларына қолдау көрсетуді тапсырды. Экспедиция Біржан сал, Бұланды, Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандарын аралап, өндіріс ошақтары, экономикалық-әлеу-
меттік жағдайымен таныстық, халықпен кездесулер жасадық.
Ақмола облысында экспедиция басталғанда облыс 6,7 млн тонна астық жинаған еді, біз сапарымызды аяқтағанда 7,1 млн тонна астық жинап, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіпті. Бүгінде орылмаған алқаптың көлемі шамамен 5 пайыз. Ауа райы жақсы. Бұл алқап орылса, астық 7,2 млн тоннадан асады деген болжам бар.
Біз болған Бұланды ауданы гектарынан 25 центнер астық жинап, облыста бірінші орынға шықты. Облыстың орташа түсімі 1 гектардан 16,1 центнер. Міне, біз аралаған облыстың егіні шүкір, бітік шығыпты. Экспедиция мүшелері – біз де алға қойған мақсатымызды орындап, сапарымызды нәтижелі аяқтадық.