Жуырда Қызылорда облыстық филармониясында «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «ХХ Дала сазы» республикалық байқауы өткен болатын. Аталмыш байқаудың «Вокал» номинациясы бойынша 1-орын жүлдесін Қызылорда қаласындағы «Бал-балақан» бөбекжай балабақша» мекемесінің тәрбиеленушісі Дүйсенбек Дияр Нұрболұлы жеңіп алды.
«Дияр ақылдылығымен, зеректігімен көзге түскен, болашағынан үміт күттіретін бала», – дейді тәрбиешісі Арайлым Жайылханова. Балабақша бүлдіршіндерінің бұл алғашқы жетістігі емес. Естаева Айсұлу Аманқызының құрылтайшылығымен ашылып, меңгеруші қызметін атқарып, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан балабақша үнемі озат жетістіктерімен көзге түсіп жүр. Тәуелсіз еліміздің кемел тұлғасын қалыптастыруда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде және білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, білім беру жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін, 2019 жылы «Ең үздік меңгеруші» І дәрежелі дипломын иеленіп, талай лауазымды тұлғалардың қолынан марапат алып, құрметке бөленіп жүрген еңбексүйгіш, тәлімі мол, көрегенді ұстаз Айсұлу Аманқызының басшылығындағы балабақшаның шығармашылық жұмыстарына, тәрбие беру тәсілдеріне ата-аналар дән риза. Сонымен қатар бұл бөбекжай Қожахметова Маржанкүл Қазиқызындай білікті әдіскердің арқасында талай бәйгеден оза шауып, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Биыл ғана облыстық «Анам, әжем және мен» байқауында «Бал-балақан» бөбекжай балабақшасы жүлделі 3-орынды иеленген-ді. Талай таланттардың дарынын танып, дер кезінде демеу білдіріп, үлкен өмірге қанат қағуына қосқан балабақша ұжымының үлесі зор, еңбегі ерен. Ұлы ақын Абай атамыз: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқандай, тәжірибелі ұстаздың жеткіншектердің дұрыс қалыптасып жетілуінде үлесі зор.
Сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», – десе, чех педагогы Я.А.Каменский: «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» деп, ұстаздар, тәрбиешілер қауымын жоғары бағалаған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өскелең ұрпақтың тәрбиешілері – мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалап, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Сондай-ақ мемлекет басшысы: «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударған болатын.
Еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Өркениетті қоғам мен демократиялы мемлекеттің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді. Ел іргесін бекітіп, мемлекеттілігімізді сақтап қалу үшін ең алдымен бүлдіршіндердің жүрегіне адамгершілік, ізгілік дәнін егіп, иманды ұрпақ қалыптастыру қажет. Ол үшін жас өскіндерді үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге, елжандылыққа, отаншылдыққа баулу, туған жерді, Отанды сүюге баулу маңызды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау тәрбиешілік салада балабақша қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Жас ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беруде ата-бабалар дәстүрін жаңғыртып, олардың жүрегінде отаншылдық рухын оятып, әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» принципін берік ұстанып жүрген «Бал-балақан» бөбекжай балабақшасы ұжымының еңбегі қандай құрметке де лайық.