Бала көрерменді спектакльмен тәрбиелейтін театр

Бала көрерменді спектакльмен тәрбиелейтін театр

        Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының Облыстық қуыршақтар театры 40 жылға жуық уақыттан бері жас бүлдіршіндердің эстетикалық талғамының қалыптасуына зор үлес қосып келе жатыр. Қуыршақ театрына жүктелетін мақсаттар мен міндеттердің бірі бала көрерменді спектакль арқылы тәрбиелеу, қиялын дамыту, жақсылыққа, ізгілікке баулу болса, аталған театрдың репертуары да осыған лайықталып жасалды. Атап айтқанда, А.Садовскийдің «Маша мен аю», Н.Гернеттің «Петрик жолбарыс», С.Маршактың «Үйшік», С.Михалковтың «Үш торай», А.Пушкиннің «Балду туралы ертегі» т.б. қойылымдарын бірнеше буын кішкентай көрермендер сүйсіне тамашалады.  Театр спектакльдері қуыршақтардың түріне қарай қол қуыршақтарымен, сырықты қуыршақтармен, жіппен қозғалатын қуыршақтармен қойылып келеді.

      Былтырдан бастап театр директоры қызметіне тағайындалған  Төленді Әлқожа ұжымның шығармашылық әлеуетін күшейтуге бірден кірісіп кетті. Ол Қостанай әкімдігінің қолдауымен бұған дейін болмаған қазақ труппасын ашты. Соған байланысты театр репертуарына ана тілімізде жазылған пьесаларды  енгізу  көзделіп отыр.  Жаңа маусымда театрдың  актерлік құрамы жас мамандармен толықтырылды. Айталық, Алматы қаласынан келген режиссер Анар Жанбекова, жас актерлер Жәңгір Бимұханов, Дәулет Ахмет, Нұрбек Рамазанов аз уақыттың ішінде  ұжым мүшелерімен тез тіл табысып, жұмысқа құлшына кірісіп кетті.

      Т.Әлқожа театр  өміріне жаңа серпіліс әкелу мақсатында алыс-жақын шетелдерден және отандық қуыршақ театр режиссерлерін шақыруға баса назар аударып отыр. Мұның дәлеліндей жақында Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвили «MEN…»  спектаклін сәтті сахналады. Соңғы жылдары қазақстандық театрлармен тығыз шығармашылық байланыс орнатып жүрген Н.Сабашвили өткен жылы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында Н.Гогольдің «Шекпен» деп аталатын шығармасын қойып, өнер сүйер қауымды елең еткізген еді. Оның режиссурасы постдрамалық театр эстетикасына бағындырылып, әртүрлі мінездер мен әрекеттер жиынтығын метафоралық тілмен өрнектеумен ерекшеленеді. Режиссердің өзіне тән даралығы  «MEN…» қойылымынан да анық байқалды. Қуыршақ жүйесінің небір қырларын игере білген режиссердің тәжірибесі, актерлермен жұмыс жасау тәсілі бүкіл театр ұжымына үлкен мектеп болды.

       Аталған спектакльде бүгінгі таңда аса маңызды әлеуметтік тақырыптың біріне айналып отырған буллинг мәселесі кеңінен қозғалған. Қойылымның ең басты ерекшелігі мұнда драматургиялық мәтін жоқ, оның орнында режиссерлік идея бар. Спектакльдің өн-бойында кейіпкерлер небәрі 5-6 сөз ғана айтады. Бірақ сахнада өтіп жатқан оқиғалар  қаһармандардың әрекеті арқылы биік нүктесіне жетіп,  терең ойға жетелейді.

       Режиссер спектакльді бір кейіпкердің тағдырына құрған. Ол өмірінің әртүрлі кезеңінде (бала, жасөспірім, ересек, қария) айналасындағы адамдардың зорлық-зомбылығы мен қысымына тап болады.  Режиссерлік интерпретацияда буллинг – күш көрсету, қысым жасау немесе балағаттау ғана емес, адамды құртып жіберуге әкелетін  психологиялық жарақат болып суреттелді.

         Алдымен сахнада енді ғана  отау құрған ерлі-зайыптылардың отбасында кішкентай ұл баланың дүниеге келгені көрсетіледі. Әке – Рустам Бірімжанов пен Ана – Оксана Белоцерковская өз кейіпкерлерінің нәрестені жақсы көріп мәпелеуін  әсерлі жеткізді. Режиссер осы сахнада актерлердің дене қимылымен оның экпрессивті мүмкіндіктерін шебер пайдаланған.

       Бірақ баланың балдәурен балалығы ұзаққа созылмайды. Анасы қайтыс болған күннен бастап, ішкілікке салынған әкесі жасөспірім баласын соққыға жығып, күш көрсетеді. Бала жанының жараланғаны, қайғыдан оқшаулануы және мұның бірнеше жылдарға созылғанын режиссер терезе сыртындағы жыл мезгілінің алмасуы арқылы символдық тұрғыда бейнелеген. Жасөспірім баланың тұйық әрі жасық болып өсуі, сыныптас балалардың мазағына тап болып құсалануы, олардан қорғаншақтауы – барлығы да қуыршақтың әрекеттері арқылы жинақы көрсетілген. Үлгерімі нашарлаған оқушыға ұстаздар тарапынан да қысым көрсетіліп, оның еңсесі көтерілмейді.

      Бала жастан бастап осындай мейірімсіздікке душар болған жасөспірімнің ересек болған кезде де өмірінің өзгермегені жақсы ашылған.  Онымен бірге жұмыс жасайтын әріптестері жігітті қадірлемейді. Тіпті жақсы көрген сүйікті қызының өзі оны тастап, басқа адаммен кетіп қалады. Жігіттің қамығуы, психологиялық тұрғыда күйзеліске түсуі қуыршақтың қимылынан анық байқалады.

         Режиссер баланың төрт кезеңін де қуыршақпен ойнатты. Осы тұста  қуыршақтардың жасалу сапасының өте жоғары болғанын айта кеткен жөн. Кейіпкердің жас ерекшелігіне байланысты қуыршақтардың түрі  мен  жүріс-тұрысы да  өзгеріп отырады. Айталық, дүниеге енді келген  нәресте қуыршақ шынымен де жаңа туған баладан айнымайды. Одан кейінгі жасөспірім  қуыршақтың бет-әлпеті сүйкімді, бірден көз тартады. Ересек кезіндегі қуыршақтың үстіне киген костюм-шалбарынан оның кеңседе қызмет жасайтыны аңғарылады. Ал қартайған кездегі қуыршақтың маңдайында шашы жоқ, жүрісі де баяулаған.  Кейіпкердің барлық кезеңін Әмина Омарова, Нұрбек Рамазанов, Жәңгір Бимұханов кәсіби шеберлікпен ойнады. Олар планшетті қуыршақтарға жан бітіріп, небір буырқанған көңіл күйлер мен іс-қимылдарды иланымды берді. Орындаушылардың шеберлігінен кейіпкердің сахналық бейнесі дараланып мүсінделді. Актерлер  қуыршақтардың дене мүшелерін қозғалысқа келтіріп, дауысын, күлгені мен жылағанын да аса сенімді бедерледі.

      Қойылым соңында жалғыздықтан, зұлымдықтан шаршаған қарт адамның сол баяғы қалпы қорлықтан құтылмағаны көрсетілді. Оның жанынан өтіп бара жатқан көпшілік шалды қағып-соғып кете береді. Басын қос қолымен қорғаштап, бұғып отырған оның жанына келе қалған кішкентай күшік – Дәулет Ахмет оған еркелей жөнеледі. Бастапқыда оны аялап сипаған қария кенеттен  күшікті қатты соғып өлтіріп алады. Оның бұл қылығынан ешкімнен мейірім көрмеген адамның өмір бойы ішінен шықпай қалған ашуы мен адамдарға деген наразылығы байқалады. Бейкүнә күшіктің обалына қалғанына ол қатты өкінеді. Соңғы сахна көрермендерге айрықша әсер етті.  Өзінің қол-аяқтарын кесіп жан-жаққа лақтырып, шалқасынан құлаған қуыршақ-шалдың кеудесінен нәресте қуыршақ шығып, қалықтап көкке ұшады. Кейіпкердің бұл әрекеті философиялық тұрғыда оқылып, оның қыспақтан құтылғанын және жанының мәңгілік тыныштық тапқанын ұқтырады.

          Режиссер спектакльдің басынан соңына дейін басты кейіпкердің әр кезеңдегі өміріне оны қоршаған адамдардың қарым-қатынастарын көпшілік сахнасындағы актерлердің (адам кейпіндегі) ойыны арқылы айқындаған. Орындаушылардың пластикалық әрекеттері мен дауыс ырғақтарынан және қолдарына ұстаған заттардың семантикалық белгілерінен (қағаздар мен кітаптар, бетперде т.б.) бала есейген сайын моральдік қорлықтың да күшейе түскені сезіледі. Оқиғалар легінің тез алмасуына қарамастан, көпшілік сахнасы қойылымның ырғақ екпінін бәсеңдетпей, әлеуметтік қысымның атмосферасын тудыра алды.

          Көпшілік сахнасында өнер көрсеткен Диас Кенжегарин, Нелли Жуламанова, Даниил Норка, Дәулет Ахмет, Дулат Жұмаш, Елдос Төлеген, Әлия Смағұлова, Полина Петрова, Арман Мағанбетов, Камила Бекмұхамедова еркін қимылдап, басты кейіпкердің жан-дүниесіндегі күйзелістердің ашылуына мол ықпал етті.

          Н.Сабашвили қуыршақтардың жасалуынан бастап, спектакльдің  суретшісі әрі музыка авторы ретінде өз идеясын толыққанды сахнадан көрсете алды. Оның жарық беруші Занир Гельметдиновпен, суретші Александра Кравцовамен, музыкамен көркемдеген Андрей Коротченкомен және хореограф  Саяхат Сумамбаевамен бірлескен жұмысы үлкен нәтижеге жеткізді.

         Бұл қойылымнан әлемдік қуыршақ театрларының дамуындағы еркіндік сипат пен шығармашылыққа берілген бостандықты және жаңалыққа деген құштарлықты байқадық. Спектакльдің сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны өзара үйлесіп, режиссер қиялының шексіздігін паш етті. Н.Сабашвили қуыршақ театрының заңдылықтарына сай бейнелі мизансценалар тауып, әр қуыршақтың өзіндік конструкциясына бағынатын пластикалық шешімімен ерекшеленді.  

         Түйіндеп айтқанда, спектакльде бүгінгі қоғамның ащы шындығы жатыр. Адамның өміріне немқұрайлы қарау, зорлық пен зомбылықтың тым асқынуы, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу сынды  салмағы  ауыр мәселелер көтерілген. Заманауи театр тілімен қойылған бұл спектакль режиссерлік ой-тұжырымының тереңдігімен, актерлердің кейіпкер бейнесін сомдаудағы және қуыршақтарды жүргізу шеберлігімен ерекшеленіп, театрдың шығармашылық мол ізденісін көрсетіп берді.  

 

                                                                      Бақыт НҰРПЕЙІС,

  өнертану докторы,

       Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

        өнер академиясының профессоры, театртанушы

22.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 46
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ  ТӨЛЕБИЛІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 97
ШАРДАРАЛЫҚ ЗІЛТЕМІР ШЕБЕРІ ТҰҢҒЫШ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 30
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАШИНА ТЕХНИКАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 127

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 3439
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 3650
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 18572
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 17257
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 20676